СЕРІКБАЙ ӘУЛИЕНІҢ ЕСІМІ
— Аруақты әулиенің рухы атқа мініп жатыр десек те болатындай жағдай, аға! Атырау қаласында тұратын Ғалиден Мұсылманғалиұлы есімді азамат, Алласы аузында, иманы жүрегінде сақталған бекзат болмыстың адамы-тұғын, — дейді Қыз-құдірет атанған Ел анасы Дәметкен қарындасымыз. — Ғалиден біраз жылдардан бері Қарлығаш бабамыздан бастау алатын әулиелер әулетіне табынып, танылып келе жатқан жан еді. Бірнеше дүркін Меккеге қажылық сапарға барып та қайтқан. Ал, ол биылғы, 2015 жылғы қажылық сапарында әулие Серікбай Қабиұлының атынан бәдел қажылық жасап, Құран Кәрімде көрсетілген мінәжат міндеттерін толық орындап шығады. Сөйтіп, Алланың ақ ниетті адал құлы санатына қосылған Ғалиден Ермұратов биылғы жасалған қажылық сапарында қажылықты Серікбай Қабиұлы үшін де атқарды деген куәлікті алып келді, — деді.
Біз ойланып қалдық. «Біреудің атқарған парыз қызметтері арқылы екінші адамға қажылық құрметті ұсынуға бола ма екен?» деген сауалдың тіліміз ұшына орала кеткені рас. Кібіртіктеп қалсақ керек, Дәметкен оны айтпай-ақ дөп басты.
— Болады екен, — деді халық емшісі бірден ашығын айтып. – Біз Атырау өңіріндегі діни оқудың терең ғұламаларымен жасалған сауал-сұхбат арқылы толық қолдау таптық. Құран Кәрімде бұл жағдай нақты көрсетілген. Бір адамның бақи дүниедегі екінші пенденің рухына арнап қажылық жасауына рұқсат етілген. Мәселен, бір адам қайтыс болғаннан кейін оның рухына арнап Құран шығартылады, яғни марқұмның пейіште рухы нұрлануын тілеп, ол кісінің тіршілікте болған барлық күнәсін, қателігін Алланың рақымымен Құран шығарушы адам өзіне аударып алады, бақи дүниедегі марқұмды тозақтың отынан арашалайды. Алланың рақымы түсетін мұндай жағдайлар Пайғамбар хадистерінде көрсетілген. Сол себепті, жоғарыда көрсетілген Ғалиден Мұсылманғалиұлының өтеген бәдел қажылығы дұрыс деп саналады. Бірақ, ол кез келген адамға жүктеле бермейді, рухы да Аллаға аян, ислам дінінің қағидаларын терең меңгерген, исі мұсылманның шамшырағындай саналатын періште пенделерге арналады. Әулие Серікбай дәл осындай періште бекзат болмыстың иесі еді.
Серікбай Қабиұлы 1900 жылы Нұржау жерінде өмірге келіп, 1964 жылы сол киелі топыраққа мәңгілікке жайғасты. Яғни, мынау пәни жалғанда бар болғаны 64 жыл ғұмыр кешті. Мұхаммед пайғамбарымыз да 63 жасында пейіштің шұғыласына бөленіп, рухы миллиондаған мұсылмандардың жүрегінде сақталып келеді. Киелі аруақ иесі әулие Серікбайдың қажы атануға лайықты терең діни оқуы да болған. Бұл кісінің 1924 жылы Меккеге қажылыққа барғаны да айтылатынын кейінірек құлағымыз шалғаны бар-ды.
Бірақ, сол 1924 жылы Кеңес үкіметінің мешіттерді мектептерден бөліп, діни саладағы сабақтарды оқытуды тоқтату, діни лауазымдағы атауларды (қазірет, халфе, имам, қажы және т.б) иеленген адамдардың қызметтеріне тыйым салған қатаң жарлығы шығарылғаны тарих шежіресінде сақталып қалды.
«Бұл қозғалыстың салқыны тиіп, Серікбай Қабиұлы Меккеге барғанымен қажылық мәртебеге ие болды ма?» деген сауал жабулы қазан жабылуымен қалып қойғаны ақиқат. Ал, ол кісінің діни оқудан терең білім болғанына көз жеткізетін жағдайлар болды. Ол жөнінде Дәметкен Серікбайқызының бұдан жиырма жыл бұрын бізге айтқан бір әңгімесі дәлел. Осы шындықты мен 2003 жылы «Ақ Жайық» баспасынан жарық көрген «Аруақ қолдасын, әлеумет» деген кітабымда жазғанмын, соны келтіре кеткенді жөн санадым:
«Араб сөзін өзінің мақамымен қиюластырып оқу шарт. Дыбысты (дауысты) созатын, қысқа қайыратын, кейде дыбысты мұрыннан шығаратын, кейде тамақпен айтылатын сәттер бар. Сонда Құран Кәрімде жазылған сөздердің мазмұны, мағынасы, мәні сақталып отырады. Егер ондай талаптар нақты орындалмаса, оқыған аят өзінің сақтаған ұғымын періштелерге жеткізе алмайды. Аят оқығанда дыбысты созудың, кейде мұрыннан, кейде тамақпен қырылдатып, қарлықтырып үн шығарудың мәні бар екен. Ислам діні саласындағы сауаттылықты жетілдіруге Серікбай қажы ерекше ден қойған.
Атақты сынықшы, дуалы емші Серікбай Қабиұлы марқұм науқастанып жатып, бақилық болар сәті таялғанда, қасына Дәметкен қызын шақыртып, аманатын тапсырып болғаннан кейін, өзінің жағдайын, жасалатын қызметтерін түсіндірген. Өзінің жаназа намазын оқытудың жағдайын айтқанда: «Пәленше деген молдаға оқытпаңдар, ол кісінің тісінің арасынан дем шығады, аяттың махамын бұзады, ондай теріс жаназа намазы қабылданбай қалар. Ал, түгенше молда бар, бірақ ол кісі өте асығыс және қате оқиды. Құран сөзін олай өзгертуге болмайды. Ауылы алыстау ғой, дегенмен келер, менің жаназа намазымды шығартуға сонау пәленше молданы алдырыңдар», деп тапсырады. Міне, діни сауаттылар аят оқуға, тәжәуіт талаптарына осындай есеп жасаған. Біз бұрын бұларды «үлкендердің ауызша айтатын әңгімелері» деп санаушы едік, бақсақ оны арнайы қажылық оқудың иесі айтқанын енді білдік».
Сонымен, Серікбай Қабиұлы қажылығын нақтылайтын кепілдік – куәлік қолымызда тұр. Онда «Үлкен қажылықтан естелік куәлік», «Хидаят-нұр» қажылық компаниясынан берілгені жазылған. «Алла Тағала қажылығын қабыл етсін» делінген.
Рахмет Иманғалиұлы,
Құрманғазы және Исатай аудандарының Құрметті азаматы.