Серік Шәпкенов бұралқы иттер мәселесін шешу үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды
Әкімдік отырысында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Салауат Өтеғұлов баяндама жасады. Оның айтуынша, 2022 жылы облыста 8 940 бұралқы ит ауланған.
— Атырау қаласы және ауылдық округтер бойынша ағымдағы жылдың 4 қаңтарынан 2 ақпанға дейін иесі жоқ 1 300 ит ауланды. Оның ішінде: 1 219 ит жансыздандырылды, 81 ит стерилизация жасалып, ауланған жеріне қайта жіберілді. 2023 жылға Атырау қаласы және аудандарда бұралқы иттерді аулауға мемлекеттік электрондық портал жүйесіне конкурс жарияланып, техникалық қолдаудағы ақаулықтардың болуына байланысты наурыз айында жеңімпаз анықталады деп күтілуде,-деді С.Өтеғұлов.
Жиын барысында аймақ басшысы Серік Шәпкенов ұсыныстарды ескеріп, Қайрат Нұртаевқа тиісті іс-шаралар қабылдауды тапсырды.
— Бұрын Жайық жағасында ит тұмсық қапсыз жүрсе иесіне айыппұл салынатын еді. Қазір осы жауапкершілікке қатысты көп нәрсені жіберіп алдық. Біз үй жануарларын ұстау ережесін бекітіп, ит аулау мәселесін ғана көтеріп отырмыз. Тұрғындардың үйінде ұстаған итінің тіркелуін не тіркелмеуін көтеріп отырған жоқпыз. Оның ережесі мен жауапкершілігі қандай? Біз жұмысты қайғылы оқиға болғаннан кейін емес, оның алдын алуды күшейтуіміз керек. Қай бағытта, қалай жұмыс істеу керек соған ұсыныс дайындаңыздар,-деді С.Шәпкенов.