Жарнама
Қоғам

СЕРГЕЛДЕҢГЕ САЛҒАН САПАР

 БІРІНШІ ӘҢГІМЕ

…Ол осыдан бірер жыл бұрын намазға жығылған. Діни біліктілігінің төмен болуы себепті тура жолдан адасқандардың тобына қосылып, теріс ағым жетегіне ерген. Ал, кейінірек бұл қадамының шалыстығын түсініп, қоғамнан оқшауланып, бұйығы өмір кешкен. Құқық қорғау органдары дін жолында жүргендерді тергей бастаған сәтте отбасымен бірге Еуропаға аттанады.
«Мен 2008 жылдан бастап намаз оқи бастадым. Мешітке жиі барып жүргендіктен, сол жердегі жамағатпен танысып, етене араластым. Олардың арасында маған «мешіттің бағыты дұрыс емес, біздің ұстанған бағытымыз дұрыс, мешітке бармай-ақ қой, олар теріс бағытпен кетіп барады» дегендер болды. Содан кейін мешітке баруды қойдым. Жаңағы әңгімені айтқан жігіттер Аюб ағымының өкілдері екенін кейін білдім» деген кейіпкеріміз сол 2008 жылдан бастап, осы ағымның бағытын ұстанған екен. «Кейін бұл топтың ішінде тағы бір ағымның пайда болғанын байқаған соң, мемлекетті мойындамайтынын, алған бағыттарының түбінде жақсы ой жатпағанын түсіндім. Сөйтіп, 2010 жылдан бастап, мешітке де, ол топқа баруға да қорқып, ешкіммен араласпай, бес уақыт намазымды үйден оқитын болдым» дейді.
Осы тектес тағдыр кешіп, теріс ағымның жетегіне ерген жандарға қатысты құқық қорғау органдарының жұмысы жандана түскен сәтте ол отбасымен бірге Еуропаға аттанады. Екі жыл қатарынан құрылыс саласында жұмыс жасап, нәпақасын тапқан кейіпкеріміз ондағы өмір сүру талаптарының әлдеқайда қиын екеніне, әрі қымбатшылықтың қысымына төтеп бере алмай, елге оралыпты. «Елден жырақта өткізген екі жылым маған өмірлік сабақ болды», — дейді кейіпкеріміз. — «Қазақстанда жайлы да, тыныш өмір сүруге толық мүмкіндік барын түсіндім. Мешіттің ұстанымы дұрыс, одан қашудың, құқық қорғау органдарынан қорқудың қажеті жоқ. Туған елге осы жылдың көктемінде оралдым. Қазір де намаз оқимын, жұмысқа орналастым».

ЕКІНШІ ӘҢГІМЕ

Ол – бес баланың әкесі, үлкен шаңырақтың отағасы. Бұл кейіпкеріміз де Аюб ағымына ерген. Белгісіз ауруға шалдыққан жарының жанына шипа болар ем іздеп, «тығырыққа тірелген сәтте алыс шаһарлардың біріне баруға бел будым» деген ол дін тақырыбына қатысты сұрақтарға да екіұшты жауап береді. «Бір анығы, мен алдандым» деуден әрі аспайды. Атпалдай азамат алданғанына арланатын болар, бәлкім!?
«Менің бес балам бар. Біз екі үлкенімізді тастап, ол жаққа екі кішкентайым — 3 жасар қызым, 6 жасар ұлым, 22 жастағы қызым, әйелім және өзім болып бесеуміз кеттік. Сегіз ай сонда тұрып, биыл көктемде Атырауға келдік.
Былтыр әйелім ауруға шалдығып, оны Атырауда емдетуге тырысқанымызбен, нәтиже болған жоқ. «Қатерлі ісікке айналып кетуі мүмкін» дегенді естіген соң, ем іздеп, біраз жүрдік.
Содан кейін, өзімнің діни бауырларымнан Еуропа мемлекетінде жағдайы жоқ адамдарға гуманитарлық көмек беретін арнайы бағдарлама бар екенін, ауыр сырқатқа жасалатын қымбат отаны тегін жасайтынын, ем шығынын өздері өтейтінін естідім. Кейін мен бұл бағдарлама туралы интернеттен қарап, ақпарат жинадым. Расында да, ондай бағдарлама бар екен, бірақ, Германияда. Ал, мен ол жаққа жете алмадым. Себебі, ол елде қалу үшін сенің барған бірінші елің Германия болуы тиіс екен. Біздің маршрут басқаша болды.
Біз виза да рәсімдеген жоқпыз. Белоруссияның шекарасынан өткенде бақылау бекетіндегілер тоқтатты. Шекарашыларға құжаттарымыз бен әйелімнің анықтамаларын, дәрігерлік сараптама қорытындыларын көрсеттім. Біздің алдымызда 60 шақты отбасы тұрды. Көбі – Ресей мен Грузияның азаматтары. Қазақстаннан біз ғана. Өзбекстан мен Қырғызстаннан санаулы отбасы. Шекарадан тек бес отбасыны өткізді. Олардың ішінде біз де болдық. Себебі, Еуропаға әйелімді емдетуге алып бара жатқанымызды, оған қымбат ота жасатуға ақшамыздың жоқ екенін айтып түсіндірдік. Әйелім де қорыққанынан жылап жіберді, соған қарады ма, бізді шекарадан өткізіп, бір мекенжайды берді. «Оған жетпесеңдер, іздеу саламыз» деді. Аталған жерге тез жетіп бардық. Бұл лагерь екен, біздің алдымыздан күзетшілер шықты. Бізбен орысша сөйлесті. Әуелі лагерьді көргенде шошып кеттік. Себебі, қасында түрме тұрды.
Күзетшілер бізге әзірге бос орын жоқтығын айтып, қуықтай бөлмеге кіргізді. Ішінде үш отбасы бар екен, біз төртінші болып тұрдық. Төсек-орын жоқ, әрқайсымызға құрғақ азық үлесін әкеліп тастады. Іші лас, адам төзгісіз жерде үш күн жаттық. Біз жұма күні барғандықтан, демалыс күндеріне тап келіп, бөлек бір бөлмеге дүйсенбіде ғана қолымыз жетті. Бұл карантин лагері екенін кейін білдік. Одан еш жерге шығуға болмайды екен.
Бір ай сонда жатып, толық медициналық бақылаудан өттік. Бір айдан кейін бізді сол елдің басқа қаласына тұруға жіберді де, «шақырғанда келесің» деді. Қолымызға 400 еуро ұстатты. Ай сайын 200 еуроға пәтер жалдағандықтан, ақша мүлдем жетпеді. Тіпті, аш отырған күндеріміз де болды. Бірде ұлымның тісі ауырып жылаған соң, лагерьге көмек сұрап барсақ, тіркеп алып, «бір айдан кейін келесіз» деді. Ал, әйелім емделуге баратын күні он минут айтқан уақытынан кешігіп барып қалса, «уақытыңыз өтіп кетті, енді бір айдан кейін келіңіз» деп шығарып салады.
Біреулердің айтқанына еріп, «Еуропада бәрі керемет» дегенге сенгеніме әлі күнге дейін өкінемін. Екі айдан соң, елге кетуге өтініш білдіргеніммен, ол елден шығуға рұқсат деген құжатты алты ай бойы күттік. Осы уақыт аралығында өз елім, өз жерімнің қадірін терең түсіндім. Кез келген себепті желеу қылып, Қазақстаннан кетіп жатқан жастарға адаспаңыздар дегім келеді».
Ол бұдан әрі сөйлескісі келмейтінін білдірді. Біз де мазаламадық. Діни ұстанымына қатысты сұрақтарымыз сол күйі жауапсыз қалды. Ал, тиісті сала қызметкерлерінің құжаттарында бұл кейіпкерге қатысты «Аюб ағымының жетегіне еріп, Еуропаға сол үшін аттанды» деген мәлімет енгізілген.

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Аталмыш жандардың екеуі де Аюб ағымы деген топқа жатқандықтан, сала маманы ретінде түсінік беруін өтініп, Атырау қалалық Құспан молда мешітінің бас имамы Эммат Ғұмаровқа сауал жолдаған болатынбыз.
«Негізі Аюб – бұл теріс «Ат такфир уаль хиджра» ұйымының бір ағымы. Оның түп-тамыры уахаббизмнің тәкфир деген ағымынан шығады. Бұлардың түсінігінше, намаз оқымайтындар, қазақы салт-дәстүрлерді ұстанып, аруаққа құран бағыштаса «кәпірлер» деп есептелінеді. Олар, сонымен қатар, имам, молдаларды жек көреді. Мешіттерге де қарсы. Түсінік-пайымдары бойынша, «Меккедегі әл-Харам, Мединадағы мешіт және Йерусалимдегі әл-Ақса, әлемдегі осы үш мешітте ғана құлшылық қылуға болады, ал, қалғандарын кәпірлер мен залымдар салды» деген ұстанымда. Бүкіл әлемдегі мемлекеттердің конституциялық құрылымдарын жоққа шығарып, олардың заңдарын «тагут («Шариғат» заңдарынан бөлек заңдарға бағынатындар) заңдары» деп түсіндіріп отырады. Тіпті, Сауд Арабиясы мемлекетін де «тагут мемлекеті» қатарына жатқызады. Өмірлерінің басым бөлігі өтірікке құралған бұл топ қазіргі таңда Сауд Арабиясының бір түкпірінде, Еуропа елдері сынды алыс аймақтарда жасырынып өмір сүреді. Көшу немесе «Хиджра» жасаудың бір себебі, олардың тұрып жатқан мемлекеттері «кәпір» мемлекеті және ол мемлекеттерде құқық қорғау органдарының тарапынан қысымшылық көрсетіліп тұратындығын айтып сылтауратып, Еуропа мемлекеттеріне көшуге өз-өздерін мәжбүр еткен. Бірақ та, бәріміз білеміз, Еуропа елдерінде ешқашан да «Ислам» діні болмаған. Бұл мемлекеттерде христиан дінінің өкілдері тұрады. Бұлардың істеп жатқандары адасушылыққа жатады»-деді бізге бас имам.

ТҮЙІН

Қалай десек те, қазіргі кезде елімізге шетелден келген діни жат ағымдар жас қандастарымыздың санасын улап, мәңгүртке айналдырып жатқаны бәрімізге анық. Жалпы айтқанда, қазақ халқының дәстүрі ислам дініне сәйкес құрылып, онымен бірге жасасып келе жатқандығын теологтар да дәлелдеген. Сан ғасырлар бойы қазақ халқымен біте қайнасқан дәстүрлеріміз бен салттарымыз да осы дін аясынан кеңінен көрініс табады.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button