САУЛЫҒЫ БҮТІН ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН
— Дина Базарбайқызы, сізді және сіз арқылы жас-кәрінің дертіне дауа, жанына шипа іздеп, емделушінің саулығы үшін аянбай тер төгіп жүрген дәрігер қауымын келе жатқан төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз. Елбасымыз өзінің халыққа Жолдауында «Қазақстанның әрбір азаматының денсаулығы мықты, хал-ахуалы жақсы болуы тиіс» деп атап көрсеткен. Аймақта осы міндеттер қалай шешілуде?
— Рахмет. Шынында да, «Дені сау адам — табиғаттың ең қымбат жемісі» деп тегін айтылмаса керек-ті. Денсаулық тән, рухани және әлеуметтік игіліктің жиынтығы болғандықтан, аймақта халықтың денсаулығы, өсімі мен өмір жасының ұзақтығы медицина саласының жай-күйімен тығыз байланысты.
Ел Президентінің «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі» деп атап көрсетіп, ана мен баланы қорғау, салауатты өмір салтын ұстану қажеттілігі атап көрсетілген болатын.
Биыл – денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының соңғы жылы, бірақ бұл бағдарлама 2016-2020 жылдарға жалғастырылмақ. Өткен жылы облыс бойынша 22 нысан салынып, пайдалануға берілді. Биылғы шілде-тамыз айларында Геолог пен Индерде жаңа типті емханалар пайдалануға берілмек.
Ауылдағы медициналық көмекті жақсарту мәселесі де бағдарламадан тыс қалмаған. Өңірде осы бағдарламаны жүзеге асыруда медицина қызметкерлері аянбай еңбек етуде. Аурухана керуетін тиімді пайдалану, шығынды азайту мақсатында емханаларда, дәрігерлік амбулаторияларда күндізгі ауруханалық бөлімдер жұмыс атқаруда. Аурудың асқынуының алдын алу бағытында емдеу, профилактикалық шараларды іске асыру бойынша барлық елді мекендерінде күндізгі керуеттер және ауруханаға жатпай үй жағдайында емделуге ниет білдірген науқастарға «үй стационарлары» ұйымдастырылған. Бұрын науқастар дәрігерден жолдама алып, тәуліктік ауруханаға жату үшін өздері орын сұрап, іздеп, ал, облыстық ауруханаға, республикалық орталықтарда емделу және күрделі оталар жасату үшін бірнеше рет келуді, жылдар бойы кезекте тұруды қажет ететін. Бүгінгі күнде «Ауруханаға жатқызу порталы» арқылы бұл қиындықтардың бәрі артта қалды. Науқас өзі таңдаған ауруханасына қалаған күні барып жата алады. Басқарма арқылы республикалық клиникаларға барып емделуге квоталар бөлініп келеді.
— Данагөйлеріміз дені сау әйел ғана өмірге дені сау бала әкелетінін айтқан. Бүгінгі медицинаның негізгі бағыты – ана мен бала саулығын қорғау, сауықтыру мәселесіне тоқталып өтсеңіз.
— Бала туу көрсеткішінің жылдан-жылға өсуі байқалып отыр. Өңірдің демографиялық көрсет-кіштері тұрақты деңгейден өсімге бағыт алды. Мәселен, 2012 жылы 15579 сәби дүние есігін ашса, былтыр бұл көрсеткіш 16500-ге жетті. Сәби мен ана өлімі көрсеткіштері де тұрақтанды. Сәби шетінеуі көрсеткіші алдыңғы жылмен салыстырғанда 8 пайызға, 2013 жылғы 10,3-тен 2014 жылы 9,5-ке, ана өлімі көрсеткіші 76 пайызға төмендеді. Сондай-ақ, қан айналымы ауруларынан, қатерлі ісіктерден, туберкулезден, жарақаттанудан өлім көрсеткіштері біраз төмендеді.
Салалық министрліктің тиісті бұйрықтарына сәйкес, 18 жасқа дейінгі балаларды және 15-49 жас аралығындағы қыз балалар мен әйелдердің жыл сайын профилактикалық тексеруден, скринингтерден өтулерін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. Өкінішке орай, аурулары анықталған науқастар саны азаяр емес. Облыста перинатальды көмекті күшейту және бір жасқа дейінгі нәрестелер шетінеуінің алдын алу мақсатында аудандарда шағын учаскелер құрылды. Жүкті аналарға перинатальды көмекті күшейту, нәресте шетінеуін және жүрек-қан тамырлар ауруының алдын алу бағытында ауруханаларда «Қауіпсіз ана», «Балалық шақтағы ауруларды ықпалдастыра емдеу» технологиясы енгізіліп, неврологиялық, кардиологиялық, травматологиялық, оңалту бөлімдері жұмыс атқаруда.
Облыстық перзентхананың бір корпусы күрделі жөндеуден өтуде. Жанынан оттегі стансасы салынуда. Бүгінгі күнге дейін науқастарға қажетті оттегіні облыстық ауруханадан тасымалдаса, енді станса өзі ауаны тазалап, оттегімен қамтитын болады.
— Денсаулық сақтау саласын заманауи медициналық жабдықтарсыз көзге елестету мүмкін емес. Материалдық-техникалық базаны жақсарту жайы қалай? Облыс бойынша «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және емханалар салу» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы не айтар едіңіз?
— Бірқатар аудандарға УЗИ, Сипап, Тридмиль жүрек аппараттары, өкпе, кеуде безі қатерлі ісігін ерте анықтайтын маммографиялық, флюорографиялық қондырғылар алынды.
Өздеріңізге мәлім, облыстық балалар ауруханасы күрделі жөндеуден өтіп, қосымша ота жасау ғимараты кеңейтілді, қосымша жапсаржай салынып, компьютерлік томографиямен, сурдологиялық кабинет (құлақ есту ақаулары) 100 пайыз құрал-жабдықтармен қамтылды. Жаңа туған сәбилер мен балалардың есту жағынан болған ақауларды дер кезінде анықтау мақсатында барлық орталық аудандық ауруханалар аудиометр аппаратымен қамтамасыз етіліп, қажетті мамандары даярланды.
Облыстық балалар ауруханасында неврология бөлімінің жанынан 10 төсектік оңалту бөлімі ашылып, білікті мамандармен қамтылды. Бұл, әсіресе, ауылдан келген балалар үшін өте қолайлы. Науқастарға жылдан-жылға қан айналым жүйесі бойынша көрсетіліп жатқан көмек сапасы да жақсарып келеді. Мыңдаған нау-қастарға медициналық көмек көрсетіліп, оталар жасалды.
2015 жылдың қантар айында қан айналым жүйесі ауруларын дер кезінде анықтап, дұрыс айыру мақсатында бес аудандық орталық ауруханаға экспресс анализатор кардиомаркер алынды.
Өткен жылы 19 алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек көрсету нысаны салынды. Нақтылай түссек, 1 аудандық емхана, 14 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға беріліп, халықтың денсаулығын сақтап, түрлі аурулардың алдын алу шараларын жүргізе бастады.
— Денсаулық сақтау жүйесінде шешімін табуға тиісті мәселелер бар ма? Әсіресе, білікті кадрлармен қамту, дәрігерлердің әлеуметтік жағдайларын жақсарту жайы толық шешілді ме?
— Сұрағыңыз орынды. Облыста денсаулық сақтау саласындағы басты проблеманың бірі – мамандардың жетіспеушілігі. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасына биыл жеті қызметтік пәтер бөлді. Ол пәтерлер шақыртумен келген мамандар мен жас ерлі-зайыпты отбасы – дәрігер мамандарға берілді. Аудандарда баспана мәселесі біртіндеп шешілуде. Бүгінде 79 жас дәрігер және шақыртумен келген 12 маман тұрғын үймен қамту кезегіне тіркелген. Баспанамен қамту мәселесі оң шешімін табады деген сенімдеміз.
— Әңгімеңізге рахмет.
Бақытжан ЖҰМАТ.