Жарнама
Қоғам

Сарытаудағы қандастар

Ақ Жайықтың екі бетін ендей жайлаған атыраулықтарды Еділ бойы, ондағы сарытаулықтармен тарихи көп жайлар байланыстырады. Боқсақты бүтіндей қоныстанған Орақ пен Мамай, Нәріктің ұлы Ер Шора болса, Мамай сол ерке Еділдің орта тұсында жау алмас жалпақ жон, қалың жұртқа қарағайдай қорған болып мәңгі қалды. Ата-бабаларымыз ат үстінде түн қатып, түс қашып, айлап жортқан атырабын әуелден Сарытау атаған ғой. Сарытауды бұл күнде 80 мың қазақ қоныс етеді.

AE3I1105

Ресейдегі 1926 жылғы халық санағының есебі бойынша, Саратов губерниясында түтін түтеткен 4876 қазақ бар деп есептелінсе, арада жеті жыл өткенде еліміздегі байлардың мал-мүлкін тәркілеу, ұжымдастыру, молдаларды қудалау, ашаршылыққа орай сол жаққа жайлы жер іздеп өкше көтергендердің саны бес есе көбейіпті. Түрлі себептермен қатары көбейген қандастар саны өңірде 1959 жылғы есеп бойынша 44 мыңға жетіп, олардың 92,2 пайызы ана тіліміз – қазақ тілі деп көрсеткен. Қазір қазақтар облыс халқының төрт пайызға жуығын құрайды. Оның 11 пайызы қазақ тілінде еркін сөйлесе, 15 пайызы қазақ және орыс тілдерін тепе-тең дәрежеде білеміз дейді. Ал, қалғаны, яғни, 74 пайызы  орыс тілін ана тілі деп есептеген. Ондайлар, негізінен, сол өңірде дүниеге келген жастар.

AE3I1469

Бұл өңірдегі 18 ауданның 12-сінде  қазақтар көбірек тұрады. Немесе сан жағынан орыстардан кейінгі екінші орында. Әсіресе, Александров Гай, Өзен, Жаңаөзен, Дергачёв, Питер, Ровен аудандарында жалпы тұрғынның 52-18,5 пайызын қандастарымыз құрап отыр. Олар (шамамен 79 пайызы) ауыл шаруашылығымен, соның ішінде мал өсіріп, егін егумен айналысады. Көкөніс-бақша, күріш, астық, малдан – ірі қара өсіреді. Қазір де шаруа қожалықтарын дамытып, шағын және орта бизнесті иеленіп отырғандар жетерлік. Өткен жылы облыстағы барлық қазақтың 13 пайызын немесе 10400 жанды құрайтын Краснокут ауданының дихандары астық жинаудан өңірде екінші орынға шығып, еселі еңбектің үлгісін танытты. Мұнда елу ұлттың бірі болған қазақтар да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлік пен достықта еңбек етуде.

– Ауданда 1998 жылдан бері қазақтардың «Арман» деп аталатын ұлттық-мәдени орталығы жұмыс істейді, — дейді бізбен әңгімесінде оның жетекшісі Анатолий Жәнібеков. – Аудан көршілес Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданымен іргелес. Соған сай аталған өңір тұрғындарымен ұдайы ұлттық бағыттағы мәдени-көпшілік шараларды бірлесіп, ақылдаса отырып өткіземіз.

Аудан орталығында имандылық орны – мешіт бар. Оның құрылысын жүргізуде Сапура  Таңатарова деген апайымыз көп еңбек сіңіріпті. Мешіт имамы, бұрынғы әскери қызметкер, полковник Равил Мирзаевке жолыққанымызда, «Біз мұнда ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі дінді ұстанамыз» деді.

Биыл Ершово қаласында (осы аттас аудан) өткен Саратов облысы қазақтарының Наурыз тойында қазанында бадана бауырсағы бүлкілдеп жатқан Әлфия апаны кездестірдік. Жасы жетпісті алқымдаса да, қазан басындағы қимылы ширақ, жанына жас қыздарды үйіріп алыпты. Сөзге тарттық.

– Апа, нешедесіз?

– Қыздың жасын сұрамайды, — деп апайымыз күліп қояды.

– Дұрыс қой, мына арада сізден басқа бауырсақ пісіретін жас адам болмады ма?

– Бар ғой, бірақ, келесі жылғы Наурызды тойлау кезегі біздің ауданға келеді екен. Ендеше, жұрт бұл тойды қалай атайды екен деп, ауылдан ат арытып, осы құрмаға өзім келдім. Өйткені, тойдың сәні – дастархан. Келесі жылы ұялып қалмайық. Бауырсағы мен қуырдағын, құрт-ірімшігі мен бұжысын, тағы басқасын қонаққа қалай ұсынады? Бәрін де көзіммен көрейінші деп келгенім еді, — дейді.

– Олай болса, қазан басында неге жүрсіз, өзгелердің дастарханын көрмейсіз бе?

– Осында біздің ауданның да киіз үйі бар. Соған сай қонақ та күтеміз, дастархан әзірлейміз. Арасында өзгелердікін де көріп жатырмыз, қысқасы бәрі бар…

– Сонда қандай тағамдар дайындайсыз?

– Бұл арада әңгіме міндетті түрде қазан көтеріп, үйімізге бас сұққан әкім-қараны тойдыру емес, қызық көруге келген өзге де қонақтарға қазақ халқының игі салты мен дәстүрін, дастархан мәзірін көрсету ғой. Сондықтан, ұлт дәстүріндегі жаңа киімдерімізді киіп, дастархан басында ыстық бауырсақ пен Наурыз көжеден дәм татылуы, мейманыңа Ұлыстың Ұлы күні жылы сөз, тілек айтылуы, Наурыздың мәні жайлы сөз қозғалуы керек. Өйткені, біз атамекеннен жырақта, өзге жұрттың ортасында, көздің сұғында жүрміз. Сол себептен,  оларға өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді ұмытпағанымызды дәлелдеп, таныстырғанымыз дұрыс. Өзім өзге жердегі Наурыз тойы десе, осындай ерекшелікке мән беремін, — дейді Әлфия апай.

Осы кезде әңгімемізге Саратов өңірлік ұлттық-мәдени автономия кеңесінің төрағасы Марат Бисенғалиев араласты.

– Бізде қазақтар тұрып жатқан аудандардың бәрінде ұлттық-мәдени орталықтар құрылған. Мәселен, Өзендегі орталық «Достар», Александров Гайда – «Достық», Жаңаөзенде – «Сәуле», Краснокутте – «Арман», Саратовтың өзінде «Қазақстан» (облыстық) деп аталады. Бәрі де қандастарымыздың арасында ұлттық салт-дәстүрді сақтап, ана тілі мен мәдениетін ұмытпауды басты назарда ұстайды. Дәстүрлі дінді де қаперден шығармайды. 1990 жылдан бері облыста алты мешіт салынды. Бәрінің де имамы қазақ. Өңірде тіл мәселесі қиындау. Бірақ, аудан орталығы – Александров Гайда 1998 жылдан бері қазақ мектебі жұмыс істейді. Осында  және Жаңаөзен, Энгельс аудандарының бес мектебінде қазақ тілі жеке пән ретінде оқытылады. Оларға ҚР Білім және ғылым министрлігі жыл сайын жаңа оқулықтар мен әдістемелік құралдар, әдебиеттер жіберіп тұрады. Краснокут ауданында қазақ тілі жексенбілік мектептерде оқытылады, — деді ол.

фото Рафхата Халелова (158)

Ресей қазақтары, соның ішінде Саратов облысында биыл да Ұлыстың Ұлы күні – Наурызды облыстық деңгейде тойлады. Өткен жылы Александров Гай ауданында ұйымдастырылған шара биыл Ершово қаласында жалғасты. Оған облыстың барлық аудандары мен көршілес Самара, Волгоград, Батыс Қазақстан, Атыраудан да арнайы қонақтар қатысты. Қаланың орталық алаңында киіз үйлер тігілген, үйлер жанындағы ошақтарда оттар маздады. Олардың бірінде қыстан қалған сүр еттің буы бұрқырап қайнаса, тағы бірінде сары бауырсақ бүлкілдеді. Әр үйдің жанында топырлаған халық. Бірінде қолөнер шеберлерінің тұрмыстық бұйымдар көрмесі жасақталса, енді бірінде әйелдердің әшекей бұйымдары мен ұлттық киімдері жинақталған. Тағы бірінде былғарыдан дайындалған қару-жарақ, қамшы, саптама етік, кебіс, мәс және басқалары бар. Келушілер соларды қарап, қызықтады.

Осы кезде еуропалық еліктей қыздың жанындағы түбіт мұрт бозбалаға сыбырлап, «Мына үйге бас сұғып, дәм татайықшы. Қазақтардың қолы ашық, босаға аттаған мейманды құр ауыз шығармайды. Еттері қандай тәтті, қуырдағын айт, қуырдағын» дегенін құлағымыз шалып қалды. Олармен бірге біз де ішке ендік. Расында да, дастархан жаюлы. Құртың да, ірімшік пен бауырсақ, қасығың тік тұрар қаймақ пен сап-сары май, ыстық таба нан да осында. Үйдің оң жағында ат әбзелдері мен қамқа тон, сол жақта қыз жасауы, ас үй жиһаздары, бәрі де көз тартады.

Көже үлестірген қазақ қызы қолындағы тостағанын ұсынды. Бірақ, «Алыңыз!» дегенді қазақша емес, орысша айтты. «Берите!» дейді. Үріп ауызға салғандай қандасыңның тілі қазақша емес, орысшаға ауып, шүлдірлеп тұр.

Алаңда шараның ресми ашылуы басталды. Әуелі Саратов облыстық әкімшілігі басшысының орынбасары сөз алып, одан соң өзге өңірлерден келген өкілдер тілектерін білдірді. Арасында ән төгілді, күй де күмбірледі, биге де ерік берілді. Өңірде өткен «Наурыз аруы – 2016» атты халықаралық сайыстың қорытындысы хабарланды. Жүлдегерлер қатарында жергілікті қыз – Айгүл Құсайынова да бар екен.

Сөздің соңы Ершово ауданының әкімшілік басшысы Светлана Зубрицкаяға тигенде «Наурыз тойы бір жыл бойы құшақ жайып, қол қысып табыспаған көршілерді қайта қауыштырып, жүректер жылуын шашқан әсем мереке болды. Көңілдерде күлкі ойнап, жаңа күн шуақты сәттерге үміттендірді. Алда қызғалдақты көктем, шуақты жаз бар. Жанымыз жадырасын, мерейленіп, марқаяйық. Келесі жылы Құдай қаласа, тәңірдің мейірі түсіп, Екатерина ІІ-нің өзі ұнатқан, нанын жеген елдің ерекше асылдарын дүниеге әкелген, қанаттандырған, қазақтың қаншама ұл-қызын өсірген Краснокут жерінде кездесейік. Оған дейін бірлігіміз жарасып, тірлігіміз артсын» деді.

Бұл тілекке біз де қосылдық. «Сан ұлттың өкілдерімен сәні артқан Сарытау, сен де аман бол! Көріскеше көркің өсіп, көсегең көгерсін! Ат жалына жабысып, аламан жұртпен табысқан арда қазақ қайда жүрсең де, абыройың артып, алдан көріне бер!» деген ақ тілеумен елге аттанып бара жаттық.

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Атырау облыстық филиалының басшысы

АТЫРАУ–САРЫТАУ–АТЫРАУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button