«САРЫ МАЙДАЙ САҚТАЛҒАН» ҮШКІЛ ХАТТАР

Ол 30-жылдардағы жергілікті халықтан шыққан арнаулы білімді тұңғыш мұнайшылардың бірі болатын. Құсан Гурьев (Атырау) мұнай техникумын бітіріп, әскер қатарындағы міндетті қызметін атқарғаннан кейін мұнай өндірісі саласында түрлі қызметтерде болды. 1940 жылы Бакудегі өнеркәсіп академиясына оқуға жіберіліп, оны бітіргеннен кейін Нармұңданақ (кейін Комсомольск атанды) терең бұрғылау учаскесіне жетекшілік етеді. Жер қойнауын барлау жұмыстарының нәтижесінде мұнда мол «қара алтын» табылып, мұнайлы Ембіде тағы бір кәсіпшілік іске қосылды. Ұлы Отан соғысы кезінде жаңа кен орнынан майданға эшелондаған мұнай кідіріссіз жіберіліп тұрды. Міне, осы кен орнын тұңғыш ашушылардың бірі ретінде Қ.Нәренбаевтың сіңірген еңбегі көп еді.

 

Гитлерлік Германия Кеңес Одағына шабуыл жасап, елімізге қауіп төнген кезде Құсан да майданға аттанды. Ол соғысқа бастан-аяқ қатысып, оның от жалынын кешіп өткен адам. Әуелі Батыс майданда, кейін Польша, Венгрия, Чехословакия жерінде болған ұрыстарға қатысты. Оның соғыста жүріп, туған елге жазған хаттары бейне бір майдан шежіресіндей. Құсанның майданнан жазған үшбұрышты хаттарын зайыбы Сәлима «сары майдай» сақтап келген. Бірде облыстық мүгедектерді емдеу-сауықтыру орталығына Нәренбаев Құсанның ұлы Тельман келді. Таяққа сүйеніп, аяғын сылтып басады. Сол жағынан инсульт соққан. Тельманды бұрын «Ембімұнайгеофизика» тресінде бас геофизик, бас инженер болып істеп жүрген кезінде білуші едім. Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері болатын. Емдеу-сауықтыру орталығында екеуміз өткен-кеткенді әңгімелесіп, сырлас болдық. Бір күні ол қолтығындағы жуан папкісін ашып, алдыма қоя салды. Ішін ақтарып қарағанда, өңкей хаттардың көшірмелерін көрдік.

– Әкемнің майданнан жазған хаттары ғой, – деді Тельман.

Солардың бірнешеуін оқып көрелік:

«Әже, Сәлима, Балым, Телментай (Тельман – Қ.Ғ.),  Жұмаш, Клараш, Сырым!

Мен бұрынғыша авиацияда қызмет істеп жатырмын. Қазір аэродром-техникалық взвод командирімін. Командирлік жаттығуда түскен суретімді жіберіп отырмын. Телментай мені суреттен тауып көрсете алар ма екен? Сәлима, осыны келесі хатта жазып жібере саларсың. Әбіштен (Әбіш – Құсанның інісі – Қ.Ғ.) хабар-ошар жоқ, тыныштығы болса жарар еді, қатты алаңдаулымын, қолымнан не келеді? Қарғыс атқыр, фашизмнің лаңы ғой. Кешікпей өздері де сазайын тартар…

Құсан. 22.10.42 ж.

 

Әзірге денім сау, бұрынғыша майдан жағдайында жүріп жатырмыз. Күн бірте-бірте жылынып келеді, кешікпей жаз да шығады. Ал, соғыстың бітер түрі жоқ. Дегенмен, қысқы шабуылдың нәтижесінде жауға қатты соққы берілді. Бірақ, әлі талқандалған жоқ, ол әлі де күшті. Бұл туралы халық комиссариатының бұйрығынан өздерің де хабардар боларсыңдар. Қазір барлық күш-жігеріміз неміс басқыншыларын талқандауға жұмылдырылуда. Сәлима, барлық туыстарым мен таныстарға, әсіресе, менің анама сағынышты сәлемімді жеткізерсің, ұлының аман екендігін, «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталғанын естіп-білсін. Бұл – менің өмірімдегі ұмытылмас қуаныш.

Құсан. 27.04.43 ж.

 

Біздің армиямыз үдете шабуыл жасап, тамаша табыстарға жетіп келеді. Фашистер күн сайын тегеурінді тойтарыс алуда. Таяуда қанқұмарларға мұнан да қатты соққы бермекпіз. Сендердің хатта жазғандарыңа қарағанда, Нармұңданаққа Комсомол есімі беріліп, бұған қатты қуандым. Мұнайшылардың ерлік еңбегі Ұлы Отан соғысының тарихына алтын әріптермен жазылатын болады. Барлығыңды, әсіресе, балаларды қатты қысып сүйдім.

Құсан. 22.10.43 ж.

 

Қымбатты туысқандар!

Біздің армияның сәтті шабуылдарының нәтижесінде 400 шақырымнан астам мемлекеттік шекара шебіне ие болдық. Басып алынған жердің төрттен үш бөлігін азат еттік. Фашистердің соңғы сағаты таянып келеді.

Құсан.

 

Қымбатты туыстар!

Аманшылық. Венгриядамын, жаңалық көп. Ауылға барған соң айтамын. Сәлима, ерінбей еңбек етіп, балалардың тәрбиесіне көңіл бөліңкіре! Жеңіс күні де алыс емес шығар… Кеше тағы бір награда: «Кавказды қорғағаны үшін» медалімен марапатталдым.

Құсан. 20.04.45 ж.

 

Жеңіс күнімен!

Көптен күткен «Біздің ісіміз әділ, біз жеңеміз!» деген қанатты сөздің расқа шыққаны қандай қуанышты! Отанымызға оралуға бұйрық күтудеміз. Сәлима, мені «Қызыл жұлдыз» орденімен құттықтауға болады. Жалпы, мен марапатталу жағынан кенде емеспін ғой. Ауылға барған соң той болады…

Құсан. 20.05.45 ж.

Соғыс аяқталғаннан кейін Құсан бейбіт еңбекке қайта араласты. 1946 жылы Мұнайлы барлау учаскесінің бастығы болды. Осы жерде тағы бір мұнай көзі табылып, 1948 жылы жаңа кәсіпшілік ашылды. Құсан осы кәсіпшіліктің бес жылдай директоры болды. Бірнеше жыл Мақат кәсіпшілігін басқарды. Өмірінің соңғы жылдарында «Гурьевэнерго» жүйесінде басқарушының орынбасары болып қызмет атқарды.

Құсан асқақ дауысты әнші болатын. Көркемөнерпаздар ұжымының құрамында ән шырқап, талай құрбыларын өнерге баулыды. Ол кезінде республикалық байқауларға да қатысқан. Туыстары мен жолдастары оның үнтаспаға жазып алынған әндерін тыңдап, «Шіркін, Құсекеңнің дауысын-ай!» деп сүйсіне әңгімелеп отыратын. Қ.Нәренбаев жоғарыда аталған жауынгерлік наградалардан басқа «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және бірнеше медалдармен марапатталған.

Отан қорғауда да, бейбіт өмірде де өнеге көрсете білген абыройлы азамат 1968 жылы дүниеден озды. Артында қалған ұрпағы – ұл-қыздары, немере-шөберелері бар.

Міне, сұм соғыстың зардабын көрген, ұрпаққа үлгі болар өнегелі жолы бар Құсан Нәренбаевтың жүріп өткен соқпағы осындай.

Құмарғали ҒАБДЕШҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз