Жарнама
Қоғам

САРАЙШЫҚТА АШЫЛМАҒАН СЫР ЖАТЫР…

Жағрафияда «тундра», көне түрік тілінде «тұнжыра» аталған аймақтың түстігі мен осы күнгі қазақ, башқұрт жерлерінің билеушісі Жошы хан қаза тапқан соң Шыңғыс хан немересі, Жошы хан ұлы Бату хан ата, әке аманатын орындап, Еділ-Жайықты қол астына қаратты. Жаулап алуды, ойран салуды емес, осында орнығып қалуды мақсат етіп, айбынды Алтын Орданы құрды. Бату хан империясының хан тағы тұратын, мемлекеттік міндеттерді тең дәрежеде атқаратын екі астанасы болды. Бірі – Еділдегі үлкен Сарай қаласы (осы күні Ресейде Царев аталады), екіншісі – Жайықтағы кіші сарай – Сарайшық. Тарихшылар ханның Сарайшыққа көбірек мемлекеттік мән бергенін, осындағы ордасына жиірек келгенін көрсетіп отыр.
Оның да өзіндік себебі бар. Алтын Орда тұсында Ұлы Жібек жолының Кіші Азия — Иран — Ауған — Үндістан арқылы өтетін түстік тармағынан гөрі, Рум — Қырым — Дон — Еділ — Жайық-Сыр бойы кенттері, Қаратау, Алатау баурайлары арқылы өтетін терістік даңғылы орасан маңызға ие болды. Мемлекетке баж салығын, жолдағы кенттерге басқа да алымдарды төлеген соң сауда керуендері жол бойы тонаушы, қарақшыдан қорғайтын қатал заңы бар, тегеурінді тәртібі бар елдің жерімен Қытай астанасы Ханбалыққа дейін алаңсыз ағылып жатты. Ерсілі-қарсылы толассыз керуен тізбектері Сарайшықта тауарларын саудалап, көліктерін жаңалап, бар бабы табылып аялдады. Бүкіл Еуропа мен Азияға Жайықтағы Сарайшық шаһарының аты мен беделі белгілі болды. Сарайшық сауда жасайтын қала, керуен дамылдайтын бекет қана емес, басты жолдар тоғысатын торап ретінде де маңызды еді. Сарайшықтан шығыс бетке шыққан Жібек жолының бір тіні Қарашүңгіл – БейнеуХорезм — Ауған арқылы алтынды, асыл тасты Үндіге бет алса, екіншісі Арал сырты, Сыр бойы арқылы барлық елдер зәру бұйым – жібек үшін Қытайға қарай асықты.
Сарайшық кейін де хандар таққа отырған астана болған қала. Орта ғасырлық еуропа, араб, парсы, орыс саяхатшылары, елшілері, саудагерлері өздерінің жолжазбаларында «…Сарайшық – қала шаруашылығы дамыған, шет елдерге өтімді теңгелер соғылған, тоғыз мешіт азан шақырған байтақ шаһар» деп сипаттайды. Сарайшықтың Қазақ хандығының құрылуына, көшпелі өзбектер елі атанған тайпалардан бөлініп, Қазақ халқының дербес ұлт ретінде қалыптасуына да тікелей қатысы бар. Керей, Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр ханнан ірге ажыратып, Сарайшықтан аттанып, түстіктегі Қозыбасы жерінде тұңғыш Қазақ ордасын құрды. Тақ мұрагерлері өзара қырқысып, Бердібек хан Бату ұрпақтарының тұқым-тұяғын түгел жойып, өзі де бір жылға жетпей өлтірілген оқиға «Нар мойыны кесілген кез» деген атаумен ел есінде сақталып қалды. Содан соң атақты мемлекет бірнеше хандыққа ыдырап кеткенде Алтын Орданың ерлік, елдік салтын ұстанған Ноғайлы елінің, Ноғай Ордасының да бас қаласы Сарайшық болды. Жасақтарының жартысынан астамы башқұрттар мен қазақтардан құралған Емельян Пугачёв бұлқынысынан кейін Яицкий городоктан Гурьев городокқа дейінгі Жайықтың бүкіл батыс жағалауы Ресейдің қол астына көшті. Сол себепті, Сарайшықтың мемлекеттік мәні, қалалық сәні кеміді. Орта ғасырлық үлгідегі көрнекті ғимараттары бұзылды, хандар мен сұлтандар жерленген көрханалар тоналды.
Орта ғасырлар тарихын терең білетін ғалым-археолог Артюзов 1937 жылы Сарайшыққа келіп үкімет тапсырмасынан тыс зерттеу жүргізгені, қала аумағының 100 метрден астамын су шайып кеткенін айтып, оны қорғау жөнінде мәселе көтергені үшін атылып кетті. Қазақ тарихының жоқтаушысы, ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан 1950 жылы Сарайшықты өз қаржысына астыртын келіп зерттеп, Жайық арнасының өзгеруіне орай қаланың жартысына жуығы су астында қалғанын анықтады. 1990-шы жылдары профессор Зейнолла Самашев қазба жұмыстарын жүргізгенде Ә.Марғұлан көрген аумақтың да жартылай жойылғаны белгілі болды. Қаланың қалған бөлігін, қазба жұмыстары ашқан астынан жылынатын пешті үйлер, кварталдар, тазарту жүйелері, қыш-кафельді моншаларды су кемірген жар жағалаулар жыл сайын опырып әкетіп жатыр. «Биыл ашқанымыз келесі жылы құрдымға кете берсе бұл істің болашағы жоқ» деп З.Самашев қазбаны тоқтатты. Оның себебі табиғаттың емес, адамдардың әрекетінен болып отыр.
Мәселен, орта ғасырларда Неаполь, Генуя, Афины, Константинополь порттарынан кемелермен Қырым жағалауына жеткен, одан арбаларға артылып Еділ бойына келген, шығыс бетке шыққан соң жүктерін арбалардың қорабынан атандардың қомына тиеген сауда сапарлары сол уақыттарда он сегіз тармақпен Каспий теңізіне құйылатын, көктемгі тасуларында кең далаға жайылып кететіндіктен, атам заманнан бері Жайық аталатын өзендегі Сарайшық шаһарында ес жиып, сауда қылып дамылдаған. Бұл күнде бұрынғы өзен суын бөліп әкететін тармақтар адам қолымен шаруашылық үшін жасалған антропогендік әрекеттердің әсерінен бітеліп қалған. Сондықтан, тасқын су жалғыз арнамен ағып, жыл сайын жағалауларды талқандап отыруға мәжбүр болды. Археолог мамандар Жайық жағалауын бекіту немесе оны ескі арнасына бұрып жіберу арқылы ғана Сарайшықты сақтап қалуға болатынын айтуда.
Кезінде Иманғали Тасмағамбетов Атырау облысының әкімі болып тұрған уақытта Сарайшық тағына отырған жеті ханға ескерткіш-пантеон орнатылып, үкімет қаржыландыратын мұражай ашылған. Осы жерде Сарайшық болыпты деп көрсетеріміз сол ғана. Көз алдымызда жойылып жатқан қаланы сақтап қалудың жалғыз-ақ жолы — жағалауды бекіту, сан ғасырлардың сырларын ашатын археологиялық қазбалар жүргізуге мүмкіндік беру. Бұлай етпесе, енді бірнеше жылда бабалардан қалған мұраны құрметтеу орнына, өз қолымыздан жасалған мұражайды ғана қызықтап қаларымыз анық.
Жаңадан назарға іліккен тағы бір жай: Қасым хан тұсында Сарайшық Жайықтың екі бетіне де қанат жайған. Өзеннің шығыс жағалауына жақын жерде ел «Тайланкөл» атайтын көлтабан тегістік бар. №17 ауыл немесе Алға округінің бұрынғы әкімі, зейнеткер, тарихи ескерткіштер жанашыры Базар Әміров «Тайланкөл» тепсеңінде 14 көне құлпытастың төбесі ашыла бастағанын хабарлауда. Бұл құлпытастардың өзгелерден ерекшелігі төре таңбасы бедерленген көрінеді. Жайық сыртындағы Кіші жүз қазақтарының соңғы ханы Ералы қайтыс болғанда сонау Қобдадан Сарайшыққа әкелініп жерленгендігі туралы анық дерек бар. Алайда, мәйітханасы жатқан жер белгісіз. Қазір сол құлпытастар Ералы ханға немесе басқа хан, сұлтандарға қойылған белгі емес пе екен, аққу-қаздар жемделген «Секер көл», алтын қайықпен ханшалар серуен құрған айдын осы көл болуы мүмкін деген болжамдар айтыла бастады. Болашақта қаржы бөлініп, қазба жүргізілсе осы алқаптың астында да тарау-тарау тарих ашылуы әбден мүмкін.

Әлібек ҚАЙЫРОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button