Жарнама
МәдениетҚоғам

Сарайшық саздарынан басталған сапар

Оқушы шағынан суретші атанған Мейрамбек ағам жайлы ара-тұра ойлап қоюшы едім. Екеуміздің балалық шағымыз бір ауылда өтті. Екеуміз де әдебиет пен өнерге бала жастан ғашық болдық. Оның үстіне ауылдың ғажап табиғаты, ауыл адамдарының ақ жарқын пейілі, ата-аналарымыз бен ұстаздарымыздың мейірімі мен махаббаты да бізді сұлулыққа іңкәр қылды.

Óner

Сол бір сағымдай бұлдырап алыста қалған қимас күндерден-ақ мен Мейрамбектің ержеткенде өнер жолын таңдайтынына өзімше сенімді болдым. Ойлағанымдай, ол өз болашағын суретшілік өнермен байланыстырды. Әрі осы саладағы ұстаздыққа да өмірін арнап келеді… Жуырда ағамды мектептегі шеберханасына іздеп бардым. Сағынысып қалыппыз. Біраз әңгіменің тиегін ағыттық. Негізі ол айтушы да, мен тыңдаушы болдым. Соны сіздермен де бөлісейін, қадірлі оқушым…

***

– Сарайшық орта мектебінде оқып жүргенімде осы сурет өнеріне деген іңкәрлігім оянды. Біріншіден, қан тартты деп ойлаймын. Атам Есенғазы ағаштан, темірден түйін түйген ұста болған еді. Қасиеті маған соққан шығар. Екіншіден, біздің Сарайшықтың әсем табиғаты да жанарымды арбап, жан-дүниемді әлдебір аяулы, іңкәр сезімге, әдемі әсерге бөлейтін. Осы әсердің жетегінде қолыма бояу қарындаш алып, ауылдың сұлу көріністерін қағазға түсіруге әуес болдым. Жайық жағасының сазды балшығын илеп, түрлі құмыра, кесе, ожау секілді ыдыстар мен жануарлар бейнесін соғатынмын. Осы әуестігім кейде шектен шығып, бір жолы сабақ үстінде партаға сурет салып қойғанымды байқамай қалғаным да бар. Мұны есесіне мұғалімім байқап қалып, мектеп директорының алдына сүйреп алып барды. Директор өзімнің әкем еді, жақсылап сыбағамды берді. Бір жағынан бұл «оқиға» менің осыған дейін жасырып жүрген өнерімнің мектепке жайылуына, сөйтіп, суретші ретінде «танылуыма» себеп те болды. Өнерімнің жария болуы сол екен, мен қоғамдық жұмыстарға жегілдім. Мектеп, қала берді класс қабырға газеттері мойныма ілінді. Бұл маған үлкен жауапкершілік жүктеумен қатар, жаныма шабыт, қиялыма қанат бітірді. Міне, өнерге деген алғашқы қадамым осылай басталып еді, — деді Мейрамбек өзара әңгіме барысында.

Бейнелеу өнеріне деген осы бір іңкәрлік Мейрамбекті мектеп бітіріп, мамандық таңдар кезде көп ойландырған жоқ. Ол суретші болам деген шешімге түбегейлі келген еді. Алайда, алғашқы жылы оқудың сәті түспей, ауылдан бір жұмыстың басын ұстасам деп жүргенде аудандық әскери комиссариаттан үш айлық шоферлік курсқа шақырған қағаз келе қалды. Бұл курс Сарайшық кәсіптік-техникалық училищесінің базасында өтетін. Сөйтіп, мектеп қабырғасынан шыға сала әскерге шоферлер дайындайтын курстың партасына отырды. Осында оқып жүріп, өзіне біткен шебер қолдардың темірді де жатырқамайтынын аңғарды. Қанша дегенмен, темірден түйін түйген Есенғазының немересі емес пе?! Әсіресе, тәжірибелік сабақтар кезіндегі жону, кесу секілді жұмыстарға қолының ебін байқаған ұстаздары арқасынан қағып, мақтап жататын.

Сөйтіп жүргенде, үш ай да өте шығып, шоферлік оқу да бітті. Мұқабасы қып-қызыл куәлік қалтада. Осыны күтіп тұрғандай әскерге де шақыру келе қалмасы бар ма. Мейрамбек те енді өз тұрғыластары қатарында Отан алдындағы парызын өтеуге аттанды.

– Жауынгерлік борышымды Ресейдің Пенза қаласында өтедім, — дейді Мейрамбек. – Әскери билетімдегі «Основная гражданская специальность» деген графада «шофер» деп жазулы тұрғанына қарамастан мені суретші-безендіруші қылып тағайындады. Сөйтіп, өнерімнің арқас

ында біраз артықшылықтарға ие болдым. Әрине, қай жұмыстың да жауапкершілігі, қиындығы болады ғой, әйтеуір Алла жар болып, әскери борышымды адал өтеп шықтым…

Әскерден оралысымен Мейрамбектің оқуға түссем деген қадамы сәтті болып, Шымкент педагогика институтының студенті атанып шыға келді. Жүрегін бала кезден аялаған асыл арманы орындалды. Сүйікті мамандығын беретін оқуға сахараның шөлінен сусап келгендей құныға бас қойды. Білімімен де,  талантымен де көзге түскен арманшыл жас оқу орнын 1990 жылы үздік дипломмен бітіріп шықты. Яғни, бұл дипломның да түсі шоферлік курстан алған куәлігінің түсіндей қып-қызыл еді.

Óner3

– Оқуды бітіргенен бері шығармашылық және ұстаздық қызметпен қатар айналысып келемін, — дейді ол. – Атырау қаласындағы Қ.Сәтбаев, Ғ.Мұратбаев және №6 орта мектептерде сурет, сызу, еңбек пәндерінен дәріс бердім. 2014 жылдан бері қалалық мектеп-лицейде мамандығым бойынша ұстаздық қызмет атқарып келемін. Жоғары санатты мұғаліммін. Еркін Хайрошев, Дамир Жәнібек, Ернар Жұмабек сынды шәкірттерім «Қазақ қолөнері – асыл қазына» атты республикалық қолөнер байқауында бірінші дәрежелі дипломды еншіледі. Сол секілді, Диана Әбдірахман, Аманбай Ізбасаров, Марал Балғалиева, Әли Сүгірәлиев, Дильназ  Шакиева, Нұрмұхамед Дабысов, Камила Қуанышқалиева, Кирилл Колчанов, Александр Капенкин, Диас Сағынбай есімді оқушыларым талай бәйгеде оза шапты. Ал, Нұрлыжан Сағындықов, Жансерік Жанұзақов деген шәкірттерім «Инфодәріс» жобасындағы жаңа есімдер» атты ІІІ Халықаралық байқауда «Орыс қолөнері және көне халық бұйымдары: ағаштан тараған шуақ» тақырыбы бойынша сертификатқа ие болды. Мұның бәрі ұстаз ретінде менің де, мектептің де мерейін өсіріп отыр.

Өнер көп жағдайда қаннан тарайды ғой. Мейрамбектің ұлы Алтынбек те әке жолын қуды. Т.Жүргенов атындағы театр және көркемсурет институтын бітірген талантты жас бүгінде өзі оқыған оқу орнының колледжінде дәріс береді. Өнерін ұстаздықпен ұштастырған Мейрамбектің өзі де ата-ананың жолын қуған перзент. Әкесі Таласбай Есенғазиев пен анасы Жанис Тәжіғалиева Сарайшық орта мектебінде ұстаздық етті. Ағай мектеп директоры да болды. Талантты суретшінің өскен ортасы осындай. Әрине, Мейрамбек ұстаздық етумен қатар, жеке шығармашылығын да ұмытқан жоқ. Оның шеберханасындағы «Суретші қыз», «Абай портреті», «Автопортрет», «Жайлауда», «Саяхат» секілді картиналар өзгеше бояу қанықтығымен тамсандырып, сырлы да сағынышты сезімдерге жетелейді. Суретші қиялының ұшқырлығына тәнті қылады. Қай жанрдағы картиналары да махаббат пен лиризмге толы. Ал оның қолданбалы сәндік өнерге жататын туындыларынан ұлттық нақыштың лебі еседі.

Әрине, шығармашылық иесіне шабыт беретін тағы бір ғажап күш – ол отбасының жылуы. Мейрамбек те жұмыстан шаршап келгенде асыл жары Гүлзия (ол да ұстаз) мен ізет-ибасынан еш жаңылмайтын келіні Динараның күрең шайын қанып ішіп, балдай тәтті немерелері Айару мен Аянаны еркелетіп, марқайып отырады. Бақыт деген осы емес пе?! Міне, талантты қылқалам шебері, ҚР Суретшілер Одағының, Қазақстан Дизайнерлер Федерациясының мүшесі Мейрамбек Есенғазиевтің, яғни, сонау бір кездері Сарайшықтың былқылдақ сары саздарынан мүсін соғып жүретін қара баланың біз білетін келбеті осындай.

Тарас НАУРЫЗӘЛІ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button