Сарайшықта жаңбырмен бірге балық жауған
КӨНЕ ШАҺАРДЫҢ ҚҰПИЯСЫ КӨП
Сарайшық қамалы Жайық бойындағы өзге қамалдар мен бекіністер секілді патша Елизаветаның 1743 ж. 23 сәуірдегі жарлығынан кейін пайда болған елді мекеннің бірі. Сарайшықтың аты 1757 ж. жарық көрген Ресей империясындағы қалалар, қамалдар тізімінде Жайық өзенінің төменгі ағысындағы Кулагин, Қос-Жайық, Тополев, Бақсай қамалдарымен бірге аталады. Қамалдың атауы оның жанындағы ортағасырлық қалашық құландысы Сарайшыққа қатысты шыққан. Орал әскери казактары 1799 жылы қазақтардың Жайықтан Нарын бетке өтуі үшін үш жерді белгіленген. Солардың бірі осы Бақсай мен Сарайшық қамалдарының аралығы болған.
1784 ж. топографиялык жазбаға сәйкес қамалдың ұзындығы 40, ені 32 саженді қамтыған. Қамалдың қорған дуалы тоқылған және ағаш кермелері бар екі қатарда үйілген топырақтан тұрған. Қамалдағы тұрғын үйлер ескі қалашықтың құландысынан алынған кірпіштен салынып, аулалары балшықтан майланған. Тұрғын үйлердің барлығы шатырсыз жасалып, олардың саны 26-ға жеткен. Қамалды күзететін 1 есаул мен 50 адам және 2 Фальконет болған.
1834 ж. қамалға экспедициялық зерттеулермен келген К.Ф.Гебель Сарайшықта 95 үймен бірге ағаш мешіттің болғанын және елді мекенде бірнеше татарлар тұрғанын жазды. 1861 ж. Сарайшықта болған топограф А.Е.Алексеев, қамал тұрғындары үйлер салуда ескі қалашықтан шыққан кірпіштерді пайдаланатынын, оның ішінде казак Толстовтың уйi түгелдей қызыл кірпіштен тұрғызылғандығын хабарлайды. 1862 жылғы дерек бойынша қамалда 196 ер, 173 әйел, барлығы 369 адам тұрды. 1896 жылғы мәліметте кент атағын иеленген Сарайшықта 169 аула болып, тұрғындар саны 1347-ге жеткені көрсетілген. Бұдан басқа 1 шіркеу, 1 мешіт, 1 халықтық мектеп, 1 шіркеу жанындағы сауат ашу мектебі, станицалық басқару мен пошта станциясы және 8 сауда нүктесі жұмыс істеген.
Қазан төңкерісі қарсаңында (1913 ж.) Сарайшық тұрғындары көбейіп, халық саны 1538 адамға, үй саны 283-ке жетеді. Кентте 2 ұстахана мен базар (дүйсенбі және сейсенбі күндері) болды.
Қазіргі уақытта қамалдың орынында Махамбет ауданының Ескі Сарайшық ауылы орналасқан. Ауылда XIX-XX ғғ. бас кезінде салынған тұрғын үйлер кездеседі.
«БАЛЫҚ ЖАҢБЫРЫ»
Ортағасырлық Сарайшық қамалында аспаннан жаңбырмен бірге балық жауыпты. Бұл деректі Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы мамандары Ресей мемлекеттік тарихи архивінен тапты.
Құжатқа сүйенсек, оқиға 1842 жылы болған.
Архивтен балыққа қатысты табылған материалда Орынбор Әскери Губернаторының 1842 жылы шілде айының 3-нен 4-не қараған түні Сарайшық қамалында жаңбырмен бірге жауған балықтар туралы баядалады. Онда былай делінеді: «Оренбургский Военный Губернатор Обручев доносить мне, что в находящейся на реке Урал Сарайчиковский крепости, принадлежащей к Нижнеуральской линии, ночью с 3-го на 4-го число минувшаго июля, при сильном южном ветре шел дождь, сопровождавшийся сильными ударами грома. А на другой день утром в недальнем разстоянии от крепости, в наполненным дождевою водою местах оказались в значительном количестве разного рода мелкая рыба, величиною от 1-го до 5-ти вершков (4,5 см – 22,5 см). Очевидцев падения рыбы с дождем небыло, но положение тех мест в коих она найдена, заставляет предполагать что рыба неиначе могла появиться как чрез подение вместе с дождем. Считаю долгом довести о семь до Высочайшаго сведения Вашего Императорского величества» деп Л.Перовский қол қояды.
Сарайшық қамалына қатысты толық ақпаратпен зерттеу орталығының 2020 жылы дайындап, басып шығарған «ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы Атырау өңіріндегі елді-мекендер» атты кітап-альбомнан танысуға болады.
Фархад Байдәулетов,
Атырау облысы тарихи-мәдени
мұраны зерттеу орталығы