Жарнама
Қоғам

Сақтанбағанды, сақтамайды

Мен Талқайраң ауылында тұратын зейнеткерлердің бірімін. Ауыл маңында тоғайлар бар. Алайда соған барсаң іші лас, ретсіз жабайы өскен жыңғылдар, құлаған ағаштардан аяқ алып жүргісіз. Тал-теректердің көбі құлайын деп тұрғандықтан, Жайықтың  жағасына жету қиындап барады. Демалыс күндері қаладан бір топ жас келіп-кетіп жатады. Бірақ тоғайдың ішкі көрінісі мәз емес. Томарлы, Бесікті, Талқайраң, 18 ауыл, Тасқайраң тоғайларының бәрінен осындай көрініс байқалады. 

Мені алаңдататын бір сауал бар: сонда олар кімнің иелігінде? Егер осы тоғайларға жауапты құрылымдар ең болмағанда ішін қираған ағаштардан тазартпаса, өрт шыққан жағдайда қауіп басым. Кейбір тоғайға кіретін жолдарды топырақ үйіп тастағандықтан, көліктің кіруіне кедергі жасайды. Бұл тоғайларда ағаш егіп, баптап күтуге, суаруға мемлекеттен қаржы бөлініп жатқан жоқ. Десек те табиғаттың адам баласына берген сыйын бағалау қажет деп есептеймін. Менің қолыма қалам алып, мақала жазуыма осы мәселе түрткі болып отыр. 

Осындай жағдайларға экологтар араласпай ма? Өткен жылы тасқын су облыс халқын әбігерге салғанын, қандай шығын әкелгенін бүкіл ел біледі. Халықтың бірлігі мен ауыл жастарының ұйымшылдығының арқасында қала маңындағы ел судан аман қалды. Талқайраң ауылының жастары қапшық, күрек сияқты қажеттілерді өз ақшаларына сатып алып, бөгет салу жұмыстарына белсене араласты. Көрші ауылдың жастары да күш біріктіргенін естідік. Қиналған кезде ұйымшылдық танытқан ауылдың жас буын өкілдеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Көмекке келген техникалар да жақсы жұмыс жасады. Солардың арқасында елді-мекендер, оның ішінде Атырау қаласы судан аман қалды. 

Әрине, Соколок каналы бойында орналасқан шаруа қожалықтары көп шығынға ұшырады. Үйлері мен қоралары суға кетті. Өткен жылғы судан қорғануда жасалған жұмыстар аз емес. Дегенмен кейбір жағдайлар әлі де талап пен еңбекті күшейтуді қажет етеді. 

Біздің Қайыршақты ауылында Соколок каналы бар. Алайда оның су өткізгіштік қабілеті төмен: көп жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, іргелері көтерілмеген, су жағасынан асып далаға кетіп жатады. Бұл 18 ауыл тұсынан басталып, теңізге барып қосылуы керек. Ол осы канал Теміржол көпірінің астынан өтіп, Қызыл-тал, Итбалық өзектері арқылы әрі қарай кетуі қажет. Алайда ол аумақты қамыс, шөп, топырақ басып қалған. Осы жерлерді тазарту қажеттігі айтылса да ол жауапсыз күйінде қалуда. Соның салдарынан су теңізге жетпеді. Осындай кезде су Доссор трассасы және теміржол бойымен Доссорға қарай жағалады. «Тіршілік нәрінің» каналдан шығуына осы жағдайлар себеп болды ма деп те ойлаймыз. Меніңше, биыл тазарту жұмыстарын жасауға мүмкіндік бар.         

Соколок каналының жанынан қосымша канал қазылды, шыққан топырақтан бөгет салынды. Оның судың ағуына пайдасы тиді. Десек те, Атырау–Доссор жолындағы көпірге қосылатын жері тайыз қазылғандықтан іргесінен салынған бөгетті су шайып кетті. 

Ауылды екінші бөгет сақтап қалды. Ол болмағанда елді мекендерді судан аман  алып қалу қиынға түсер еді. Сол  жаңадан қазылған  каналдың тереңдігі – 3 метр, ені – 4 метр, жары – тік. Оған абайсызда мал түсіп кетсе шыға алмай қалуы мүмкін. 

Айта кететін жағдай, Талқайраңдағы салынып жатқан көпқабатты үйлердің кәріз суын ағызу үшін қазған каналдарына 5 жыл болды. Мұның да ені – 4 метр, тереңдігі – 3 метр. Әрлі-бері көлік те, мал да өте алмайды. Шығыстан жел соқса, ауылды шаң басатын жағдайдың жиі болатынына бес жылдан асты. Осы жерлерді қарауға экологтардың құзыры жетпей ме?  

Тасқынмен ойнауға және оған жеңіл қарауға болмайды. Мен 1947 жылғы су тасқынында 6 жастағы бала  едім, «Қызыл жем» колхозының бір бөлігі суға кетті. 1957 жылы су тасығанда Махамбетте 8 сыныпта пансионда жатып оқыдым. Жаманқала селосын судан қорғауда күн-түн демей жұмыс жасаған едік. Ауылдарға азық-түлікпен қамтамасыз ету су транспорттары арқылы жасалды. 1970 жылғы тасқын суда Теңдік совхозында жұмыс жасап жүрдім. Малшы ауылдарды қырға шығарып, салған егіндерді де қолда бар техникалармен аман алып қалдық.

1993 жылы суды совхоздың қолда бар техникалармен қорғадық, ауылды айнала бөгет соқтық. Ал 1994 жылы тасқынға қарсы дайындық жұмыстары жасалды. Жоғарыда айтып өткенімдей, тоғайдағы қирап жатқан ағаштардан соқа дайындадық. Оны бөгеттің іргесіне қағып, қамыс салып бекіттік. Судың, топырақтың  құламауына, толқынды тоқтатуға көмегі көп болды. Оның үстіне шығынды да қажет етпейді.

Былтыр бөгетті жағалай шифер салынды, бірақ олар  қымбат емес пе? Судан қорғану бір жұмыс болса, келген суды жинақтап алып, шаруашылыққа тиімді пайдалану – игілікті іс. Қазір қырдағы жайлауда сай сала, бәрі суға толы. Су бір орында тұрып қалса, оны ішкен мал бауыр құрты ауруына ұшырауы мүмкін. Атырау қаласын судан құтқаруда Соколок каналының маңызы зор. Сондықтан каналды күрделі жөндеуден өткізу керек. Меніңше, ішін қамыстардан тазартып, жағаларын көтеріп, таяздалған жерлерін қазып, Теміржол  көпірінен әрі қарай кеңейтіп, тазарту жұмыстарын жасау керек деп ойлаймын. 

Бүгінде канал бойын жағалап, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан техникаларды да, адамдарды да көрмедім. Бұл канал жұмысына жауапты мекемелер бар ма, жалпы кімнің есебінде? Төтенше жағдайлар министрлігі биыл да су келетінін хабарлады. Ел бойынша 1200 үй қауіпті жағдайда екендігі айтылып отыр. Сондықтан қазірден бастап дайындық жұмыстарын күшейту қажет. «Сақтансаң, сақтармын» деген нақыл сөз осындайда айтылса керек.

Теміржан САНДАШЕВ,

Талқайраң ауылының тұрғыны, зейнеткер

Оқырман хатында айтылған мәселелерге байланысты бізАтырау қаласы әкімдігіне хабарласқан болатынбыз. 

Канал қайта жаңғыртылады

–Жақын күндері Соколок каналы бойында қайта жаңғыртужұмыстары басталады. Нақтырақ айтсақ, түпті тереңдету, каналды тазарту, екі жағынан бөгет салу, жеті су өткізгішшлюз қойылады. Сондай-ақ бірқатар гидрокөпір орнатылмақ. Күрделі жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетінканалдың ұзындығы – 44 шақырым. Яғни, теңізге дейінбарады. 

Ал Талқайраңдағы салынып жатқан көпқабатты үйлердіңжобалау сметалық құжаттамасына өзгеріс енгізілуде. Жуықарада бұл жұмыстар да басталады. 

Ғасырбек ТӨЛЕГЕН,

қала әкімдігінің баспасөз хатшысы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button