Сапасыз кітап самсап тұр…
Еліміз нарыққа көшкелі бері өмірімізде көптеген өзгерістер орын алды. Кеңес өкіметі кезінде тіптен танымал ақын-жазушылардың өзі кітаптарын шығарта алмай, жылдап баспаларда жататын. Ал, қазіргі таңда кітап шығару түк емес. Тек қалтаң қалың болсын. Керемет мұқабамен тысталған, әр парағының өзі қымбат екенінен хабар беріп тұратын, көздің жауын алатын кітаптар көп-ақ. Бұл – таразының бір жағы ғана. Ал, таразының екінші жағына кітаптың мазмұнын салатын болсақ, онда рухани өміріміздің қаншама жұтаң тартқанын көріп, көңіл құлазып сала беретіні де шындық.
Шектен шыққан шежірешілер
Қазіргі таңда баспагерлерді қарық қылып жатқандар – шежірешілер. Әр рудың шежіресін жазып, оған сол рудан шыққан атақты адамдарды тіркеп, бүгінгі бесікте жатқан ұрпағына дейін сызбаға кірістіру жаппай науқанға айналды. Әлбетте, «жеті атасын білмеген – жетесіз» деп өскен қазақпыз ғой, шежіре ұрпақ жалғастығы үшін, ұл мен қыздың өз тегін танып жүруі үшін қажет те болар. Алайда, осы сырты жылтыр, іші бұлдыр шежірені ашқаннан-ақ өріп жүрген әріп қатесіне көз сүрінетіні шындық. Сауатсыз жазылған мәтіннің стилінің де келісіп тұрғаны шамалы. Сондықтан, оны тіптен оқығың келмей қалатыны жасырын емес.
Қаптап кеткен «шежірешілердің» тарихтан да хабары жоқ. Осының өзі өскелең ұрпақтың кітапқа деген көзқарасына сызат түсіретіні кәміл. Әрине, шежіре тарихты жүйелі түрде білгісі келетін, өзінің түп-тамырын, тұқым-тұқиянын тануды мақсат еткен жандарға қажет. Тек оны кәсіби тұрғыдан білікті мамандар дайындаса, шіркін! Елдің бәрі тарихшы немесе тіл-әдебиетінің маманы емес. Осыны ескеріп, шежірені жазуды сол мамандарға тапсырған жөн дер едік.
Өмірбаянын баяндаған
Баспаның жүзін бермейтін кітаптардың қатарын толықтырып тұрғандардың ең алдыңғы легінде – өмірбаяндар. Авторлардың өздерінің тілімен айтқанда «өмір бойы партия, кеңес қызметін жасап, зейнетке шыққан уақытта өз бастарынан өткенді қағазға түсіру» – бүгінгі күннің «бас ауруы».
Шындығына келгенде, олардың өз өмірлеріне өкпесі де жоқ. Елдің алдында болды, үкімет қайда жұмсаса, сонда барып, басшылық қызметтерді атқарды. Сөйтіп жүргенде зейнетке шықты. Бұрын жұртшылықты аузына қаратып үйреніп қалған «кеңестік дәуірдің қызметкерлері» енді қолдарына қалам ұстады.
Бұл жұмыс жеміссіз де болмайды, өйткені, ең алдымен талмайтын талап, мұқалмайтын жігер бар. Сонымен қатар, көптеген таныс-тамырлары, қолдайтын қалталы азаматтар бар. Осылайша шикілі-пісілі бір жинақ шығады. Қалың мұқаба, керемет дизайн оқырманды елең еткізері рас. Ал, кітапты ашқанда… Абай айтқандай «бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жанның» кебін киеріміз анық.
Іскер азамат, білікті басшы атануға болады, бірақ, Жаратқан талант бермесе, қалай ақын, жазушы атанады? Бұл күні оны ойлап жатқан ешбір адам жоқ. Өз жазғанына сын көзбен қарап, Әбу Сәрсенбаев, Ілияс Есенберлин, Хамза Есенжановтардың әруақтарынан қорықса нетті? Мұның ең сорақысы сол, мұндай авторлар – шалажансар, өз өмірлерін баяндап, өздерін өлердей мақтаған пікірлерді сол кітапқа енгізіп, екі-үш томның авторы атанып, Қазақстан Жазушылар Одағы мүшесі болып жүргендер. Көркем әдеби шығармаға қойылатын критерийдің бірде-біріне сәйкес келмейтін өмірбаяндық кітаптардың да балаларды кітаптан ұшындыратын себептердің бірі екені анық.
Ақындар көбейген заман…
Баспалардан шығып жатқан «бір қайнауы ішінде» дүниелердің бірі – жыр жинақтары. Үлкені бар, кішісі бар, бірінен бірі қалмай өлең кітаптарын шығаруда. «Бір ауыз өлең құрамайтын қазақ жоқ» деп, көркемдігін айтуға келмейтін өлеңдерін қандай жолмен болса да шығартып жүрген авторларға не деуге болады?! Егер, сол жыр жинақтары өлеңге қойылатын талап үдесінен шығып жатса, бір сәрі ғой. Өлең деуге келмейтін, бір шумақтағы төрт жол төрт жаққа қарап тұратын «шедевр» авторлары ол туралы ойланбайтыны өкінішті.
Бойын кернеген, Тәңірі сый етіп тартқан дарыны дамыл таптырмай, өмірінің мәні болған музасы маза бермей, поэзия пырағы ауыздығымен алысып, көз жетпес шығандарға ала қашып, ғажайып жыр туғызған Жұмекен, Төлеген мен Мұқағали, Фариза өлеңдерін неге оқымайды осындай ақындар?! Неге өз дүниесіне сын көзбен қарамайды?!
Шұрайлы дүниелер
Өзегінде өмір тұнып тұрған шынайы өнер – құдіретті. Өнерсіз өмір – мағынасыз. Соның ішінде сөз өнері туралы әңгіме басқа. Жақында «Жалын» баспасынан шыққан белгілі жазушы Шерхан Мұртазаның «Жүрекке әжім түспейді» атты әңгімелер жинағын оқыдым. Әр әңгіменің мазмұны, сюжеті мен композициялық құрылысы, ондағы көріктеу құралдары шебер мүсіншінің тастан қашаған дүниесіндей. Әр сөзі ақырындап келіп жанды баурап алады.
Ал, 1991 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан Ақселеу Сейдімбековтың «Аққыз» повестер мен әңгімелер жинағы да – ғажайып көркем дүние. Жазушы бүгінде бояуын жоғалтып бара жатқан ата-баба дәстүрлерінің ұрпақ жадында қалуы үшін жанын салады, ащы терін төгеді. Ұлтымыздың кешегі бүлінбеген пәк күйіне аңсары ауып отырып, бүгінгіге тағылым берер дүние жазады.
Қандай еді қазақтың ата салты?! Қызды ауылдың сыртынан келіп тоқтаған жігіттердің жүректерінің лүпілі тұлпарлар тұяғының дүрсілімен егізделіп суреттеледі. Наймантай, Абзал, Ршымандардың бойындағы тазалық, азаматтық, мәрттік, сырбаздық, тіптен кейбір тұста көрініп қалатын пендешілігінің өзі – бүгінгінің жігіттерінде жетіспей жататын керемет қасиеттер.
P.S. Иә, сапалы дүниелер де аз емес. Ортанқол шығармалар да жеткілікті. Оны таңдап оқу оқырман деңгейіне де байланысты. Ендеше, аласармайықшы, ағайын!
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.