«Сапарымызды бастан-аяқ фото мен видеоға түсіріп келеміз»

whatsapp image 2021 11 02 at 14.32.19 Қоғам

Бабасы Өтей батыр жүріп өткен 1200 шақырымды жаяу жүреміз деп, қос жорықшы осыдан айға жуық уақыт бұрын Қостанай облысының Саға ауылынан жолға шыққан болатын. Бүгінде ойлы, қырлы жерлерді басып өтіп, екі жігіт Ақтөбе облысындағы Қандыағаш ауылынан да бері асты.

Ескеру керек, жорықшылар байланыс шыққан жерлерде ғана тоқтап, өз жайларынан хабар беріп, телефон арқылы көрген-білгені мен қариялардан естіген ауызекі әңгімелерін баяндап келеді.

whatsapp image 2021 11 02 at 14.32.17 2

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы Қандыағаш қаласына 29 қазан күні келіп, екі күн тыныстаған соң жолға шығып, 35 шақырым жердегі Сағашилі (Покровка) ауылынан байланысқа шыққан болатын. Жорықшының бірі Сәттібек Ысмайыловтың айтуынша, Сағашиліде оларды ұлттық спорт федерациясының мүшелері күтіп алып, арнайы қонақасы дайындап күтеді. Жергілікті тұрғындармен әңгімелесіп, елдің хал-күйіне қанығады. Келесі күні жолға шыққан жорықшылар Темір ауданындағы Қопа ауылына, одан 15 шақырым жердегі аудан орталығы Шұбарқұдық станциясына келіпті.

whatsapp image 2021 11 02 at 14.32.17 1

– Ендігі  алған бетіміз – Ойыл. Ойыл ауылына жеткенше елді мекендер алыс. Байқауымызша, Шұбарқұдық пен Ойылдың аралығында Алтықарасу деген ірі елді мекен бар, қалған жерде иен даламен жүретін сияқтымыз. Далада түнеуге де тура келеді. Әрине, бұған біз дайынбыз. Шүкір, қазір күн жылы, аспан ашық.  Қалай болғанда да, жолға шыққан екенбіз, алған беттен қайтпаймыз, не болса да алға жүреміз. Біздің әуелгі мақсатымыз да осы ғой. Жаңбыр, қар, суықққа да, жолсызға да көнеміз. Ата-бабамыздың жүріп өткен жолымен жүріп өту – басты мақсатымыздың бірі. Сондай-ақ, сапар барысында кездескен оқиғаларды телефонымызға түсіріп келеміз, – дейді Сәттібек.

whatsapp image 2021 11 02 at 14.32.17

Айта кетейік, 800 шақырымдай жолды жаяу жүріп өткен жігіттер Шұбарқұдық пен Ойылдың арасындағы 138 шақырым үшін екі күннен астам уақыт жұмсаймыз деп межелеп отыр.

Ендеше, қос жорықшыға сәтті сапар тілейміз.

Н.НАСЫР

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз