Елде жасөспірімдер қылмысы жылдан-жылға өршіп барады. Дерекке сүйенсек, жыл сайын орта есеппен 145 мыңнан астам заң бұзушылық тіркеледі екен. Оның көпшілігі – ұрып-соғу, ұрлық, өз-өзіне қол салу сияқты фактілері. Қоғамдағы қауіпті кесел – ойынқұмарлық, әлімжеттік пен вандализмнің көбеюі де жастар арасындағы тәрбиелік жұмыстардың босаңсып кеткендігінің көрінісі.
Жуырда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда да мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге арнайы тоқталды. Соңғы кездері жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік, отбасындағы зорлық-зомбылық секілді қатыгез көріністердің жиілеп кетуі әрбір саналы азаматты ойландырып жүргені рас. Өйткені, бұл – бүгінгі күннің күйіп тұрған басты проблемасы. Әсіресе, адам бойындағы аяушылық, адамгершілік қасиеттердің азайып бара жатқаны алаңдатады.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатыгездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Жедел жәрдем және қоғамдық көлік жүргізушілеріне шабуыл жасалғанын білесіздер.
Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. «Ауруын жасырған өледі». Сондықтан біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда Заң үстемдігі болуы қажет. Ең бастысы, біз мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керек…»
Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Атырауда өткен III Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінен
Президент Ұлттық Құрылтайда елде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп екенін, оларға аға буын жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керектігін айтып, өскелең ұрпақты кітап оқуға баулудың маңызына тектен-тек тоқталған жоқ. Мешіттер емес, мектепті көбірек салу да алқалы жиында ашық айтылған мәселенің бірі. Мұның астарында ұрпақ бойына сапалы білім мен саналы тәрбиені сіңіруді көздейтін салиқалы ой жатыр.
Шындығында, қазір ортада, әр отбасында ұлттық тәрбие, ата-баба құндылығы мен мұрасы деген ұғымдардың ұмытыла бастағанын жасыра алмаймыз. Қоғамда келеңсіздіктің көбеюіне басты себептің бірі де осы. Нарықтық экономикада адамдар уақытын отбасынан гөрі табыс табуға жұмсап, ал отбасы мен бала тәрбиесі біз қаламасақ та екінші кезекке ысырылып қалды.
Тәрбиенің бастауы – талбесік
Ананың аялы алақанының жылуын сезініп, әкенің ақылын алып, ізет пен мейірімді бойына сіңіріп өскен баланың қатыгездікке бармасы анық. Өйткені, отбасы – бала тәрбиесінің қайнар бұлағы іспетті. Бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, «тегіне тартқан» дейді.
Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, шөбере сүйген, жасы 80-нен асқан атыраулық Балкенже Жолдасова әжей де мұны жоққа шығармайды. Қарт ана әсіресе, жанұядағы әкенің ролі, абыройы мен беделіне көбірек тоқталды.
– Ақылды әйел ұрпағы үлгі тұтсын деп ерін алға шығарып, құрметтеген. Оны көрген баланың да әкеге деген сыйы артқан. Әкені биік тұлға көріп, сөзін екі етпеуге тырысқан. Әйел «балам, алдымен әкең жесін», «әкеңнен сұра», «әкеңнің бас киімін жерге тастама» деп отағасының абыройын көтерген. Ондай тәрбиені алған бала да әкесінің қабағына қарап, жат қылық жасамайды. Ержеткен соң да әкенің абыройын бірінші кезекке қойып, ар-намысына нұқсан келтірмеуге тырысады, — дейді Балкенже әжей.
Осылайша, қазақ қоғамында тәрбие алған баланың әкеге деген құрметі ерекше болатынын айтқан кейуана жүзінен мейірім төгіліп тұрмағанымен, қас-қабағынан бәрін түсініп өскен бала әке қаһарынан сескеніп жүретінін жеткізді. Сондықтан, әкенің өз ісімен де баласына үлгі болуы керектігін айтты.
Елімізде ер мен әйел, жалпы Қазақстан азаматтары тең құқылы. Дегенмен, бұл ұғым қоғамға сіңгелі бері отағасының беделі төмендеп, әйел затының абыройы арта түскені туралы көп айтылып жүр. Ал, ұлттық тәрбиеде әкенің аты әрдайым бірінші тұрады. Сондықтан, әкенің отбасындағы ролінің төмендеуі – қасірет. Ал, қазақ шаңырағындағы жақсы әкенің табиғатында біреуге қиянат жасау, біреудің ала жібін аттау, жазықсыз қол көтеру деген ұғым болмаған.
Әлімжеттіктен аулақ бол!
Әлбетте, бала тәрбиесіне алдымен ата-анасы жауапты. Алайда, бала білім алған ортаның, яғни мектепте тәлім беретін ұстаздың да ролі зор. Білім беру мекемелерінде кәмелетке толмағандарға педагогикалық-психологиялық көмек көрсетудің жоспары жасақталып, тиісті жұмыстар атқарылып жатқанымен, ұстаздарды да жүйелі түрдегі зорлық-зомбылық, айдап салу мен буллинг мәселесі алаңдатып отыр.
– Буллингтің алдын алуда психологиялық қызмет үлкен роль атқарады. Балаларға, ата-аналар мен педагогтарға кең ауқымды мәселелер, әсіресе даулы жағдайларды шешу, зорлық-зомбылықтан сақтану және оған ден қою мәселелері бойынша педагог-психологтар кеңес беруде. Осы педагогтар мен педагог-психологтар үшін әртүрлі тақырыптар төңірегінде шаралар өтіп келеді. «Мектеп инспекторының жас көмекшісі» клубы, «Мектеп/студенттік парламент» қоғамдық ұйымы жұмыс істейді, — деді облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарова.
Bullying сөзі ағылшын тілінен аударғанда «қорқыту», «кемсіту», «мұқату» дегенді білдіреді. Буллинг – агрессия немесе күш көрсету арқылы адамның өзгені қорлауы, үстем екенін көрсетуі. Ата-бабамыз мұны әлімжеттік деп ұғынған. Буллинг жасаушы мұны күшпен де, сөзбен кемсіту арқылы да жасайды әрі бұл әрекетін жиі қайталауы да мүмкін.
Десек те, қазіргі бала тәрбиесіндегі басты фактордың бірі – әлеуметтік желі. Үлкен де, кіші де көзін тырнап ашып телефонға телміріп, жанына бар қажеттіні содан алатын болды. Бәлкім жөн шығар, бірақ бұқараның басым көпшілігінің ондағы ақпараттың бәрін шындық деп санайтыны дұрыс болмас.
Мамандардың айтуынша, әлеуметтік желінің бала психологиясына әсер ететін пайдалы жағы да бар. Бірақ залалды жағы көбірек. Пайдалы жағы – балаға ақпаратты дер кезінде алуға, яғни баланы ізденімпаздыққа үйретсе, пайдасыз жағы – баланың өз уақытын тиімсіз пайдалану дағдысын төмендетеді. Бұл жағдайда әуелі ата-ана баланың әлеуметтік желіде отыру уақытын шектей білуі керек. Ал, олай жасамаса бала ата-анасынан гөрі қолындағы телефонның «ақылына» жүгінеді. Ішіндегі зиянды-зиянсыздың барлығын бойына сіңіріп алады.
Ата-ана жауапкершілігі
Психологтар да әлі өсіп-жетілмеген балдырғанның бойынан теріс қылықтарды байқап, дабыл қағып жүр. Әсіресе олардың қатыгездікке, қылмыстық әрекетке баруына бейжай қарауға болмайтынын айтады.
– Жасөспірімдердің қылмысқа баруы – жантүршігерлік жағдай. Осындайда «Ата-анадан өсіп талай ұрпақ тараған, олардың жақсы-жаман болуы – солардан» деген Жүсіп Баласағұнның сөзі ойға оралады. Бұл мәселеде кінәні алыстан емес, ата-анадан іздеу керек. Баланың бұзылуының басты себебі ата-ана тәрбиесінде жатыр. Үйде ата-анасының немесе ересек адамдардың ісін қайталағанды бала қызық санайды. Мұны халқымыз «көз көргенін, көсеу түрткенін істейді» дейді. Сондықтан, ата-ананың қоғам алдындағы жауапкершілігін бала тәрбиесі, білімі, мәдениеті, денсаулығы, жалпы олардың дамуы жөнінде міндетін толық сезінетіндей дәрежеге жеткізу керек. Ал, өз міндетін түсінбейтін ата-аналарды тәрбиелейтін біз емес, еліміздің заңдары, — дейді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы Ләззат Мәжитова.
Тәжірибелі психолог жанұяда әкесімен ұлы, анасымен қызы көбірек сөйлесіп, бір-біріне көңіл бөліп, сырласуы керектігін айтып, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» бала үшін әке-шешенің әрбір іс-әрекеті маңызды екенін қаперге берді. Оның пікірінше, ата-аналар балаға телефон, интернет қолдану мәдениетін қалыптастыруы тиіс. Ересектердің бақылауынсыз жүрген бала телефондағы қолжетімді ақпараттардың кесірінен небір зұлымдыққа, қатыгездікке толы әдепсіз көріністерді көріп, соны санасына түйіп жүр. Бұл санасы жетіліп, бұғанасы бекімеген баланың психологиясына кері әсерін тигізеді.
Жалпы, мұндай қауіп-қатердің алдын алып, бала тәрбиесінде бейқам болғыңыз келмесе, ұлттық тәрбиені ұрпақ бойына бойына дарытқан абзал. Өйткені, ұлт тәрбиесінде адамгершілік, мейірімділік, бауырмалдық қасиеттерді дарытатын құндылықтар мол.
Түйін:
Бірде-бір адам зұлым немесе қатыгез болып тумайды. Қатыгез баланың пайда болуы – ұрпақ тәрбиесінде жіберіп алған ата-ана қателігінің кесірі. Жауапкершіліктің бір ұшы балабақшадан бастап барлық деңгейдегі білім беру мекемелері мен жасөспірім тәртібін бақылауға алуға тиісті құзырлы органдарда жатыр. Қанша жалтарсақ та ақиқаты сол. Егер оған қазір жеткілікті деңгейде мән беріп, қолға алмасақ, ақырын ойлаудың өзі қорқынышты. Өйткені, бала тәрбиесі бейжай қарайтын дүние емес. Ұрпақ тәрбиесі – тұтас ұлттың болашағы.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА