Саланы сауықтырудың жолы қандай?

46183f4a 1fba 4084 87c1 57b4d7373d2d Қоғам

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керегін айтқан болатын. Президент ұсынған жаңа саясатқа сәйкес қай монополист инфрақұрылым желілерін жаңартуға инвестиция салса, мемлекет сол компанияға коммуналдық тарифтерді өсіруге рұқсат береді.

Коммуналдық қызмет тарифтері, бұл салада салиқалы баға саясатын ұстану – Үкіметтің ұдайы бақылауында тұратын, күн тәртібінен түспейтін өзекті әрі әлеумет үшін маңызды мәселенің бірі. Сол себепті де бұл жағдай  мемлекеттік атқарушы билік органдарының ғана емес, сонымен бірге үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың да ұдайы қадағалауында тұр. Жақында «Қазақстан халық партиясы»  қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалында ұйымдастырылған «Дөңгелек үстел» басындағы дидарласу да  осы мәселеге арналды. Басқосуды кіріспе сөзбен ашқан филиал төрағасы Балжан Досмұхамбетова өткізіліп отырған шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларды осы тұрғыда ашық әңгіме айтып, пайымды пікір, ұтымды ұсыныстарымен бөлісуге шақырды.

«Дөңгелек үстел» басындағы әңгіме негізінен тұтынушыларға коммуналдық қызмет саласына қатысты мемлекет басшысының бастамасымен, Үкіметтің қолдауымен елімізде жүзеге асырылып жатқан «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясаты төңірегінде өрбіді. Бұл жөніндегі алғашқы сөз кезегі Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Арман Өтегеновке берілді.

– Өздеріңізге мәлім, өткен жылы республикамыздың бірқатар өңірінде халыққа коммуналдық қызмет көрсету құрылымдарында, әсіресе тұтынушыларды электр және жылу энергиясымен жабдықтау кәсіпорындарында апатты жағдайлар орын алды. Оған басты себеп болған жайт, көп жылдардан бері күрделі жөндеу көрмеген, жарамдылық мерзімі асып, тозығы жеткен жылу беру жүйелері мен желілерінің істен шығуы еді. Қолданыстағы қызмет тарифтерінің төмендігі, жоспарланған жұмыстардың орындалуына қажетті қаражаттың тапшылығы, негізгі қордағы құрылғы-қондырғылар мен жабдықтардың істен шығуы, ең бастысы, істің тетігін білетін білікті мамандарға төленетін еңбекақының, яғни жалақының жарытымсыздығы олардың жұмыстан кетіп, ахуалдың осындай ауыр да күрделі жағдайға жетуіне әкелді, – деді Арман Тұрсынұлы.

Тозған жабдықтан оңған жұмыс болмайды

Оның айтуынша, өзге өңірлермен салыстырғанда біздегі жағдай біркелкі жақсы деп бағаланғанымен, шешімін күткен проблемалар да баршылық. Қазіргі уақытта Атырау облысында тозу деңгейі бойынша қызыл аймаққа жататын табиғи монополиялар субъектілерінің бірі – жылу энергиясын беру және таратумен айналысатын «Атырау жылу жүйелері» АҚ болып табылады.

Бүгінгі таңда мұндағы желілердің тозу деңгейі 68%-ды құрайды. Келесі кезекте сары аймаққа кіретін кәсіпорындардың қатарында жылу энергиясын өндіру және жабдықтау жұмыстарымен айналысатын «Атырау жылу электр орталығы» АҚ екен. Акционерлік қоғам бойынша жабдықтардың тозу көрсеткіші 58,16%. Сол сияқты, жасыл аймаққа кіретін, тұтынушыларға электр энергиясын таратып жеткізуші бірден-бір кәсіпорын  «Атырау–Жарық» АҚ-нда желілердің тозу деңгейі 40%-дың төңірегінде тұрақтаған. Одан бөлек, «Атырау облысы су арнасы» КМК-нда сумен жабдықтау желілері – 12%, кәріз жүйелері – 36%-ға тозған болып шықты.

Инвестициялық бағдарламаның игілігі қандай?

Департамент басшысы одан әрі аталған табиғи монополия субъектілерінде қабылданған инвестициялық бағдарламалардың орындалу барысын баяндады. Мәселен, «Атырау жылу жүйелері» АҚ-ның 2021-2025 жылдарға арналған жылу энергиясын беру және тарату жөніндегі қызметке бекітілген инвестициялық бағдарламасының қаржылай көлемі 3 922,73 млн. теңгені құрайды екен. Бұдан 2021 жылға бөлінгені – 621,642 млн. теңге, 2022 жылға қаралғаны – 729,355 млн. теңге, 2023 жылға тиесілісі –746,658 млн. теңге, 2024 жылға бағытталғаны 857,002 млн. теңге және 2025 жылдың үлесіне тиетіні 968,072 млн. теңге көрінеді.

Соның ішінде, «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамы бойынша бекітілген тарифтер шеңберінде департамент жергілікті атқарушы билік органдарымен бірлесіп, кәсіпорынның  биылға арналған инвестициялық бағдарламасына өзгерістер енгізді. Сөйтіп, бағдарламаның «Жылу желілерін қайта құру және жаңғырту» бөліміне қатысты «ТЭЦ-Пав. «Восток» кәсіпорны  диаметрі 720 мм-лік магистралдық жылу желісін жүргізіп, жалпы сомасы 573,129 млн. теңгеге желілерді 1,15 км-ден 3,5 км-ге дейін ұлғайта отырып, жөндеу жұмыстарын жүзеге асыруды міндетіне алған. Осындай шаралардың нәтижесінде, желілердің тозу көрсеткішін қазіргі деңгейден 1,5%-ға немесе  68%-дан 66,5%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік туып отыр.

Жалақыны көтергеннен жағдай жақсара ма?

Сайып келгенде, мұның өзі, желінің тозу деңгейін төмендетіп қана қоймай,  жылудың шығынын бекітілген нормативтік көрсеткішке дейін азайтуға жол ашады. Оның үстіне соңғы бір жыл ішіндегі статистикалық деректерге сүйеніп, өңірлерде, қалада қалыптасқан экономикалық қызмет түрлеріне қарай бір қызметкердің орташа айлық номиналды жалақысының сомасына ішінара өзгерістер (өсу жағына қарай) енгізілді. Соның негізінде департамент коммуналдық қызмет көрсетуші табиғи монополия субъектілерінің тарифтерін бекітті.

Атап айтқанда, «Атырау жылу жүйелері» АҚ бойынша жылу энергиясын беру және бөлу жөнінде реттеліп көрсетілетін қызмет үшін тарифтер 2023 жылдың 1 маусымынан бастап төмендегі ретпен қолданысқа енгізілді: 1 Гкал үшін – 7406,53 теңге (ҚҚС-нсыз), онда тарифтің ұлғаюы 1358,53 теңгені немесе 22,5%-ды (осыған дейін қолданылып келген тариф 6 048 теңге болатын) құрады. Нақтылай түссек,  тарифтің бұлайша өзгеруіне субъектінің өндірістік персоналының (жұмысшы-қызметкерлер саны) ескерілуі тікелей әсер еткен. Қорытындысында еңбекақының көлемін 133 740-ден 271 665 теңгеге немесе 103,1%-ға дейін ұлғайтудың мүмкіндігі қаралды.

Сонымен бірге «Атырау–Жарық» АҚ-да электр энергиясын беру жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызмет тарифін биылғы маусым айынан бастап 1 кВт сағат үшін 6,55 теңге (ҚҚС-ын есептемегенде) мөлшерінде белгіледі. Дәлірек айтқанда, мұндағы  тарифтің ұлғаюы 0,71 теңгені немесе 12,17% (қолданыстағы тариф 1 кВт сағат үшін 5,84 теңге болған еді) құрапты. Жалпы,  тарифтің өзгеруі субъектінің өндірістік персоналының жалақысын 133 740-тен  теңгеден 271 665 теңгеге, яғни 103,1%-ға көбейтуге мүмкіндік берген.

Бұдан басқа, «Атырау жылу электр орталығы» АҚ бойынша да жылу энергиясын өндіру және жабдықтау жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызмет тарифтері өзгергенін білдік. 2023 жылдың 1 тамызынан бастап қолданысқа енгізілуі көзделген бұл тарифтер төмендегіше сипатталады. Өндірілген  1 Гкал жылу энергиясы үшін тұтынушының  төлейтін қызмет ақысы 2 950,76-дан 3 273,59 теңгеге (ҚҚС-ын есепке алмағанда)  немесе 11% (322,83 теңгеге)  шамасында өскен.  Сондай-ақ, жылу энергиясымен жабдықтау қызметі  1 Гкал-ға алынатын төлемақы бұрынғы 9086,29-дан   9900,86 теңгеге (ҚҚС есептемегенде) көтерілген. Соның нәтижесінде тарифтің ұлғаюы 814,57 теңгені құрап, өсім 8,96%-ға тұрақтаған.  Толығымен есептегенде, жоғарыда келтірілген табиғи монополия субъектілері саналатын кәсіпорындар бойынша тарифтерді көтерудің арқасында орташа айлық мөлшерін 89 833,45-тен 240 364 теңгеге немесе 167,48% – ға көбейту көзделген. 

Осы жағдайларды баяндаған табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Арман Өтегенов қазіргі уақытта «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ның 2023-2028 жылдарға арналған тарифтерін бекітуге жолдаған өтінімдері қаралып жатқандығынан хабардар етті. Мұнда да Атырау қаласы мен Мақат ауданындағы тарату желілері және магистралдық құбырлар арқылы су жеткізу қызметінің тарифін 205,39 теңге/м3-ге (қолданыстағысынан 116,34 теңгеге немесе 38,98%-ға артық) жоғарылату жобаланған. Сол секілді облыс орталығы мен Мақат өңірі үшін сарқынды суларды бұру және кәріздік тазарту қызметіне қаралған тарифті   135,5 теңге/м3-ден асырып, бірден 45 теңгеге немесе 50% шамасында өсіру жобасы ұсынылыпты. Күні бүгінге дейін мәселе шешімін таппаған. Қосымша бір дерек, абоненттермен (тұтынушылармен) тікелей байланыста жұмыс жасайтын «Атырау Энергосату» ЖШС тарапынан жуық арада электр энергиясына шекті бағалардың көлемін көтеру туралы хабарлама түспеген.

Әрине, тарифті көтеру жолымен жұмысшы-қызметкерлердің жалақысын белгілі бір шамада өсірудің мүмкіндігі туғаны олардың жұмысқа деген ынтасын арттырып, мамандардың тұрақтануына қолайлы жағдай туғызуы ықтимал. Дегенмен, бұдан қордаланған проблемалардың шешімін таба қоюы екіталай. Маңыздысы және қажеттісі, ендігі жерде тарифке тәуелділіктен арылып, тиімділікке қол жеткізу. Әңгіменің түйіні осыған тірелді.

Қиын түйінді қайтсек тарқатамыз?

«Дөңгелек үстелге» қатысқан  табиғи монополия субъектілері де күн тәртібіндегі мәселеге орай ойларын білдіріп, ұсыныс-пікірлерімен ортақтасты. «Атырау жылу жүйелері» АҚ президенті Әлібек Темірғалиевтің сөзінше, бүгінде кәсіпорынның теңгерімінде жалпы ұзындығы 426 шақырым жылу желісі бар. Олардың тозу көрсеткіші 68 пайыз. Биылға беркітілген қызмет тарифтері шеңберінде жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп акционерлік қоғамның бұған дейін қабылданған инвестициялық бағдарламасына ішінара түзетулер енгізіліпті. Атап айтқанда, жылу желілерін қайта құрылымдау мен жаңғырту бағытында жалпы сомасы 573 млн. теңгенің жұмысын атқару жоспарланыпты.

– Бұл осы жылдың соңына таман коммуналдық желілердің тозу деңгейін 1,5 пайызға дейін төмендетіп, электр энергиясының 151 млн. теңге, жабдықтарды жаңғырту шығындарының 22 млн. теңге көлемінде үнемделіп, энерготиімділіктің артуына септесті. Соның нәтижесінде, өндірісте еңбек ететін құрамның еңбекақысы 2 есеге ұлғайды. Кәсіпорында барлығы 640-қа тарта адам жұмыс жасайды. Жылумен жабдықтау жөніндегі нақтыланған тариф 7 пайызға, әрбір абонентке шаққандағы коммуналдық төлем сомасы 2 000 теңгеге көбейді. Мұнымен барлық мәселе шешімін тапты, бұдан былай алаңдауға ешқандай негіз жоқ деу қисынсыз. Әлі де ойласып шешетін мәселе жеткілікті, – деді кәсіпорын басшысы.

Ал, «Атырау-Жарық» АҚ президенті Мейірбек Ғұбашев алдымен кәсіпорында инвестициялық бағдарламасының кейбір тармақтарын қайта қарап, түзетулер енгізілгеніне тоқталды. Бұл қаражатты мейлінше үнемдеп, шығынды азайтып, орынсыз ысырапқа жол бермеуге, тарифті белгілі бір деңгейде көтере отырып, еңбекақыны көбейтуге, жұмысшы-қызметкерлердің жұмысқа ынта-ықыласын арттырып, материалдық тұрғыдан ынталандыруға мүмкіндік беріпті. Алайда, тұтынушылардың электр қуатына сұранысын, былайынша айтқанда, қажеттілігін қанағаттандыруға энергия тапшылығының кері әсерін тигізіп тұрғанын, өзге де өзекті жайттардың аз емесін ашық айтты.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз