САЛҒЫРТТЫҚ САН СОҚТЫРАДЫ
Кезекті маусымда облыс бойынша 375 білім беру, 153 денсаулық сақтау, 257 әлеуметтік сала нысандары және 1488 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтылған. Қыс біршама тұрақты жағдайда өтуде.
Осылардан хабардар қылған баяндамашы одан әрі орын алған кемшіліктер мен сын кезеңде сыр берген тұстарды да жасырып қалмады. Ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында ауа температурасының күрт төмендеп (-25-30 градусқа дейін), күннің суытуы салдарынан кейбір тосын оқиғалар мен төтенше жағдайларға жол берілген. Мәселен, 8 қаңтарда Атырау қаласындағы «Финская» автоматты тарату бекетінде табиғи газ қысымының төмендеп кетуінен шаһардың оң жағалау бөлігінде бір сағатқа жуық уақыт газдың тоқтағандығы байқалған.
Ал, 3 ақпан күні Қызылқоға ауданында (атап айтқанда, аудан орталығы Миялы селосы мен Бүйрек, Жасқайрат, Дәулетиман, Жангелді, Аққора елді мекендерінде (барлығы 10300-ден астам адам тұрады) табиғи газ желісінде апатты жағдайлар орын алған. Осыдан кейін жоғары қысымды газ құбыры шұғыл тексеріліп, ақаулы тұстарын қалпына келтіру шаралары алынған. Бұған «Бейбарыс» әуе компаниясының тікұшағы, облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ Атырау облыстық филиалының мамандарынан құрылған арнаулы бригада тартылған. Апатты ахуал ауыздықталып, жағдай қалпына келтірілген.
10 ақпанда Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласының 3-мөлтекауданында орналасқан №21 көпқабатты үйдің жертөлесіндегі диаметрі 25 мм-лік құбыр жарылған. Мұнда да арнаулы бригаданың күшімен апатты жағдайды қалпына келтіру шаралары алынған.
Және бір атап өтерлік жайт, мониторинг, талдау жұмыстарының жүйелі жүргізіліп отырғандығына қарамастан, қаланы былай қойғанда, аудандардың (Жылыой мен Қызылқоғадан басқасы) барлығы бірдей кезекті жылу беру маусымының қалай өткізіліп жатқандығы жөнінде күн сайын беріліп отыруға тиісті мәліметтерді толыққанды бермейді. Мұның өзі жекелеген өңірлерде қалыптасқан ахуалды біліп отыруға белгілі бір дәрежеде кедергі келтіріп, қиындықтар туындататындығы меңзелді.
Өз кезегінде коммуналдық қызмет көрсетуші құрылымдардың басшылары, қала мен аудан әкімдері де маңызды да жауапты маусымда атқарылу үстіндегі жұмыстардан қысқаша хабарлама жасады.