Жарнама
Қоғам

СӘЙГҮЛІК ЖЫЛҒА!..

 

Еншілет биіктерді әйгілі бір,

Жарасқан қазағыма жайлы ғұмыр,

Сүйіндір, сүйіншілеп шықсын жұртым,

Үміт мол сенен күткен, сәйгүлік жыл!

Көңілді тойғызардай бүгінгі ақпар,

Ел тыныш, бата алмайды ұрыншақтар.

Асқар тау жасындағы менен тілек:

Жайраңдап аман өссін құлыншақтар.

Ағайын, бұл кәдімгі Жылқы жыл ғой,

Қалмайды арман, тілек, қырқылып ой.

Мұны айтқан мына мен де хас тұлпардың,

Жалынан сусып түскен бір қылы ғой.

Қалмағай жігіт жүдеп, мұңайып қыз,

Қиынға қарсы қарап тұрайық біз.

Қазақтың даңқы бүгін аспандады,

Сондықтан біз бақытқа лайықпыз.

Ұмытшы, ерінуді, есінеуді,

Тербеп тұр тыныштықтың бесігі елді.

Кен қопар, жерді түлет, жаңаны тап,

Ие бол, берме ешкімге несібеңді.

Тілегім, деп қалма дос, бұл бұйрық па,

Еліме жүйрік лайық кіл құйғытқан.

Туған жер тың істермен дүбірлейді,

Көшкендей үйір-үйір қыл құйрықтар.

Серік бол, сенімдінің ер қасына,

Пырақтай қанаттаншы, тек жасыма.

Соны айтып тыным таппай жүрген жоқпа,

Күллі әлем мойындаған Елбасы да.

Тұлпарға ерген жылы еркін елдің,

Қос қанат бітірердей серпінерлік.

Қандасым, біз ие ғой бәріне де,

Бірігіп іс бастайық ел тірерлік.

Білек түр, алдамайды сенім, серт те,

Төгілген кетпейді құр терің текке.

Өзгелер тыңға түрен салған жылда,

Туылған мен бір ұл ем «елу төртте».

Сол жылғы сұм әуеннен жеріп кеткем,

Хрущев келімсекті ерікті еткен.

Ол жылғы ұран басқа, заман басқа,

Ал, бүгін қазақ көшін көлікті еткен.

Бауырлар, жатқан жылы құттың кіріп,

Әлсізді сүйей жүре, мықтың бірік.

Бір үйдің баласындай ұйымшыл боп,

Тастайық тамаша бір іс тындырып.

Сананы нұрландырып жетті жылым,

Бір мақсат, елдік жайлы тек бір ұғым.

Әр үйге ынтымақ пен ырыс кіріп,

Дарыта гөр, тұлпардың тектілігін.

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ,

Құрманғазы ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button