Сағыз ауылының мәселелері мен болашағы туралы жиын өтті
Қызылқоға ауданы Сағыз ауылындағы жастар мен жасөспірімдердің әлеуметтік жағдайына қатысты мәселе Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің басшылығымен өткен кеңесте қаралды.
Кеңеске Қызылқоға ауданындағы жергілікті атқарушы органдар (әкімдік), полиция департаментінің өкілдері, Атырау облысы әкімдігі басқармаларының басшылары қатысты. Сағыз — аудандағы халық ең көп қоныстанған ауыл, 7 мыңнан астам тұрғыны бар. Ауылда үш мектеп пен колледж, сонымен қатар ірі теміржол тораптарының бірі бар.
Кеңесте көтерілген басты мәселе — елді мекендегі криминогендік жағдай. Жылдар бойы топ-топқа бөлінген жастар арасында қақтығыстар жиі орын алып жүр. Кейбір жанжалдардың соңы адам өліміне соқтыруда.
Кездесу барысында ауылдық полиция бөлімшесіне жаңа ғимарат салу және қызметкерлер құрамын жасақтау, материалдық-техникалық базаны жақсарту, көшелерді жарықтандыру, бақылау камераларын орнату мәселелері көтерілді. Бұл шаралар Сағыздағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жағдайын жақсартады, бірақ, түбегейлі өзгертпейді. Ол үшін жұмысты әлі де жетілдіру керек.
Жасөспірімдер арасында тәрбие жұмысын күшейту, жастармен жұмысты жоспарлау мен іске асырудағы тәсілдерді қайта қарау қажет. Бұл ретте білім беру, спорт, мәдениет салаларындағы мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың жұмысы маңызды. Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев бұл бағытта өңір басшылығы қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Сондай-ақ, ол жергілікті депутаттармен, азаматтық қоғам белсенділерімен, мәдениет және спорт саласындағы танымал тұлғалармен, теологтармен тығыз қарым-қатынас жасау қажеттігіне тоқталды. Жергілікті ақсақалдармен бірлесіп жұмыс істеу маңызды, оларды ауыл тұрғындарын жақсы таниды және өмірлік тәжірибелері үшін құрметтейді.
-Жоспар құрған кезде іс-шаралардың санынан бұрын ұзақ мерзімді және тиімді болуы, мәдениет, спорт немесе білім болсын, белгілі бір салада нақты нәтижелер беруі керектігі ескерілуі тиіс. Спортпен жүйелі түрде айналысатын, жергілікті мәдениет үйінде өнер үйірмелеріне немесе мектеп олимпиадаларына қатысатын жасөспірімдердің санын көбейту үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырған жөн. Өз кезегінде жергілікті билік барлық жағдайды жасауға дайын, оған мүмкіндік бар. Мектеп, колледж оқушылары арасында әлеуметтік сауалнама жүргізуді пысықтау қажет. Біз жасөспірімдерді не мазалайтынын, оларға не қажет екенін, қандай өмірлік мақсаттар қойып жатқанын, болашақты қалай көретінін білуіміз керек, – деп тапсырды кеңес қатысушыларына Жасұлан Бисембиев.
Кездесу барысында атап өтілгендей, басты мақсат – криминогендік жағдайды азайту және әлеуметтік ортаны жақсарту, елді мекенде құқықтық тәртіпті сақтау бойынша бақылауды күшейту ғана емес, жасөспірімдердің санасын қалыптастырып, өмірлік мақсаттарға жету бағытында қолдау көрсету.