САҒЫНЫШ САЗЫ…
Иә, менің асыл анашым, Батыр ана Орынша Ғайсина 1930 жылы Бақсай ауылында өмірге келіп, әке-шешесінен ерте қалып, төрт жасынан бастап нағашыларының тәрбиесінде болыпты. Ұлы Отан соғысы басталғанда анамыз бар-жоғы он бір жаста ғана екен. Ол да өз қатарластарындай еңбекке ерте араласып, бір үзім нанның қадірін ұғынып өскен. Тағдырдың өзі үйреткен байыптылығы мен парасаттылығы, кішіпейілділігі мен ізгілігі оның әкеміз Қойшыбай Слановпен құрған отбасылық одағының жарасымдылығына кепіл болды. Екеуі он перзент тәрбиелеп өсіріп, 1977 жылы «Батыр Ана» деген құрметті атақты иеленді. Анамыз ұзақ жылдар аудандық партия комитетінде хатшы болып еңбек етті. Әкеміз де жауапты қызметте болды.
Анамыздың ұрпақ тәрбиесіндегі ұстанымы тіптен бөлек-тін. Ол бізге өз тәлімін сөзбен емес, өнегелі ісімен дарытты. Тоқтықта тасыған жоқ, аштықта жасыған жоқ. Өзінен бұрын өзгенің кем-кетігін бүтіндеуге тырысты, айналасына жанашыр болып, қамқорлығын аямады. Өмірдің сынақтарына қасқайып қарсы тұрды, қиындыққа шағымданбады. Азаматқа бергісіз қайсарлық танытып, іштегі шердің ызғарын мейіріммен перделеді. Әкеміз өмірден өткеннен кейін де құтты отау деп танылған шаңырағының шамын өшірген жоқ. Ағайын-туыс, ауылдастарының құрметіне кенелді.
Ана үшін перзентінің қазасынан асқан қайғы бар ма? Анамыз осыдан екі жыл бұрын тұла бойы тұңғышы Серігін жер қойнына тапсырды. Туған жердің бір уыс топырағы бұйырмай, жырақ мекенді мәңгілік тұрақ еткен ұлының тағдыры ана жүрегіне салмақ салды. Сөйте сұра, шерменде көңілін жан баласына сездірген емес.
Анамыз он баладан немере-жиен, шөбере сүйді. Әсіресе, бауырынан қанаттанған үш немересінің орны ол үшін ерен еді, жарықтық. Жылы-жұмсағын сол балапандардың аузына тосып, шексіз мейірімге бөлеп өсірді. Жалпы, ол қай-қайсымызды да аналық жылудан тарықтырған емес. Әйтсе де, сүт кенжесі болғандығымнан шығар, мен анама жіпсіз байлаулы едім. Әр таңым анашымның амандығын білуден басталатын, оған түн тыныштығын тілемей ұйқыға кетпейтінмін. Ауыл арасы алыс болған соң анашымның желінің ар жағындағы даусын сағынышыма медеу қылатынмын. Оның бір ғана «шүкірмін» деген сөзі маған бір күндік азық еді…
Ол ауыл-аймақтың ажары да, базары да, ақылшысы да еді. Алдағы Тәуелсіздік мейрамымен – 16 желтоқсанмен тұспа-тұс келер қырық күндік қадесінде ол туралы небір естеліктер айтылып, сағыныш сазы шертілері кәміл. Өйткені, сен әркез жүректерде ғұмыр кеше бересің.
Фарида СЛАНОВА,
Қызылқоға ауданы.