САҒЫНЫШ САЗЫ
Туған жердің патриоты
«Олжас Сағат атындағы жыл сайынғы мергендік атыс турнирі» деп аталған бұл спорттық сайыс жөнінде білгіміз келіп, жаңа салынып жатырған «Мекен CHIKEN» құс фабрикасының директоры Руслан Коломиецке жолыққан болатынбыз.
— Өзінің ойға алған ісін Олжас Сағатұлы неге «Мекен» деп атады екен?
— Мекен — қазақ тілінде көп мағына беретін ұғым. Оны әртүрлі түсіндіріп, талқылауға болады. Шындығында, бұл сөз тұрғылықты үй, Отан, туған жер деген мағынаны білдіреді, — деді Руслан Коломиец.
— Олжас туралы айтатын болсақ, оның өмірдерегінің өзі қазіргі замандастарымыз сияқты. Ол Атырау қаласынан мектеп бітіріп, Болгарияның Варна қаласындағы университетке құжат тапсырды. Жолы болды. Сонымен қатар, Американың Бостон қаласындағы Бентли колледжінде де білім алды. Ол туған тілі – қазақ тілін құрметтейтін және орыс тілінде еркін сөйлейтін. Болгар, ағылшын, итальян тілдерін де меңгерді, ол тілдерде де жақсы сөйлесетін. Туған жерден жырақта жүріп ол әртүрлі салада кәсіпкерлікпен сәтті айналысты, әсіресе, ресторан бизнесінде жетістікке жетті.
Бостонда LUVIC BOSTON ғимаратында ресторанның қожасы болды. Американдық тұтынушылардың тамақ өнімдеріне және қызмет көрсетуге деген талабы оны таң қалдыратын. Өмірде бәрі де өтпелі. «Қызмет қолдың кірі» деп халқымыз бекер айтпаған.
Олжас Сағатұлы «Мекен» қожалығы орналасқан жерді үлгілі демалыс аймағына айналдырғысы келді. Онда осы салаға байланысты әлемдегі ең жақсы мини-жобаларын жүзеге асыруды ойлады. Көп саяхатқа шықты, жүрген жерінде суретке, бейнетаспаға түсіру әдеті еді. Сөйтіп, ойға да келмейтін ғажайып жобаларды жасады, фантазияға, қиялға ерік беретін. Кейде бір қарағанда қарапайым боп көрінетін керемет жобаларды дүниеге әкеледі.
Отбасымен демалыс сәтін ұйымдастыру шараларына қатты мән беретін. Жайық өзенінің суын тазалау жүйесіне арнаған «Аквапарктың» жобасын бастаған. Адамдарды салт атпен қыдырту және соған тарту мақсатында таза тұлпар тектес арғымақтарды жинады. Әрине, балаларды да ұмытпады, оларға пони әкелуді жоспарлады. Сонымен қатар, шаруашылыққа тауық, үйрек, қаз, күркетауық, қырғауыл жинаған еді.
Біздің бастамамызбен өткі-зілгелі жатқан турнир Олжас Сағатұлына деген достарының, ізбасарларының құрметі.
Ең үздік мерген кім болмақ?
Руслан Коломиецке рахметімізді айта отырып, келесі сауалға Александр Карповтан жауап алдық.
— Біздің түсінуімізше, Сіз шаруашылықта ең алғашқы күндерден бері қызмет жасайтын көрінесіз. Көп адамдар «Мекенді» шаруа қожалығы десе, біреулері саятшылық, аңшылыққа арналған демалыс орны деп біледі. Осыны айырып беріңізші? Бұл шаруашылықтың алған бағыты қандай, сонымен?
— Бұл – саятшылық, аңшылық бағытты ұстанған және өзінің демалыс аймағы бар шаруа қожалығы. Мен 30 жылдан астам өтілі бар саятшы ретінде жауап беруге тырысайын. Олжас көптеген саяткерлер мен аңшылардан ерекшеленіп тұратын. Оның ерекшелігі – қоршаған табиғи орта мен жануарлар әлеміне деген гуманистік көзқарасы. Ол аңшылыққа цивилизациялық тұрғыда қарайтын. Өзінің құмды даласын жасыл желекке орасам деп армандады. Топырақты құнарландыруға, оған өсімдіктер түрлерін егуге, ол жерлерге құстар мен жануарлар әкелуге көп мән берді.
Біздің аймақта саятшылық әсіресе, суда жүзетін құстарды ату бағытында болады. Ал, Каспий жағасындағы қамыстар мен Жайық жағасындағы қолдан жасалған арналарда қабан аулауға болады. Көбінесе жаңа бастаған, тәжірибесіз саятшылар мүлт кетеді, соның салдарынан құстар жараланады және алған жарақаттан өледі. Осыларды сараптай келе, Олжас Сағатұлы еуропалық және ресейлік стандарттарға сай келетін өте қолайлы стендтік атуды қолға алды. Сондықтан да, оның атындағы турнир енді жыл сайын өтпекші. Биыл 10 қазанда өтетін турнирде облысымыздың ең үздік мергені анықталатын болады.
Жасыл желек – Олжастың арманы еді
Біз өз кезегімізде көп кешенді әмбебап тобының басшысы Шынарбек Зиноровпен де кездестік.
— Мен «Мекеннің» алғашқы қазығы қағылғаннан бері қызмет етемін. Шынын айту керек, мен алғашында бұл жобаға онша сене қоймадым. Тек жұмыс табылып тұрғасын, қызметке тұрдым. Төрт жылдың ішінде шаруашылықта екі ғажайып алаң, қырғауыл фермасы, жылқыларға арналған арнаулы қора, қонақүйлер пайда болды. Қазір мұнда жасыл желекке бөлеу қолға алынып жатыр. Тал-теректер әлі өсе қойған жоқ, бірақ, ол сенімді қолда. Ендігі үш жылда «Мекен» жасыл желекті аумаққа айналады.
Біздің сұхбатымызды шаруашылық үйлестірушісі Ақылбек Есенбаев қорытындылады.
— Біздің шаруашылықтың негізін салған жанның негізгі мақсаты мен міндеті өлкені жасыл желекке бөлеу. Ол өзінің туған аймағының гүлденгенін көргісі келді. Шаруашылық қызметкерлерімен бірге түбекке барып, шөптің тамырлары мен дала шөптерінің тұқымын жинайтын. Жергілікті өсімдіктерге көп мән берді. Бірде Аджип ҚКО компаниясының қызметкері: «Бос тұрған алаңдарға гүлзарлық жоғары тұқымды шөптердің дәнін себу керек» дегенде, Олжас: «Біздің жағалауда өсетін өсімдіктер Сіздердің еуропалық, модернизацияланған, модифицияланған шөптен еш қалыспайды. Біздің өсімдіктер жұпар иісті, шырынды, ең бастысы ол ғасырлар бойына қалыптасқан, сондықтан, ол осы топырақтың өзінікі. Бастысы, аймақта өсімдіктердің құрып бара жатқан түрлерін өсіру керек, жеміс-жидек бағын қолға алған жөн. Бірақ, бұл жерде басқа елдер мен құрлықтардың флорасы өспейді деген сөз емес. Бәріне де өз кезегі келеді», — деген еді. Осыларды еске алғанда сондай білікті азаматтың жоқ екеніне сенгіміз де келмейді.
— Сіздің шаруашылықта тек асыл тұқымды жылқылар ғана өсіріле ме?
-Әрине, тек жылқылар ғана емес. Бізде иттердің түрлері, мәселен, қазақтың тазысы, орыстың жүйрік, ұшқыр иттері, сібірлік лайкалар, немістің қасқыр тектес иттері, спаниелдер мен яхтерьлер, тағы басқалары өсіріледі. Қасқыр да бар.
Олжас отбасымен демалуға қатты мән берді. Ересектер балалармен демала отырып, қалалық болып кеткен бүлдіршіндердің көзін ашады. Зебраны, страусты өсіруді де қолға алғысы келген. Дене бітімін шыңдауға және қорқыныштан арылу үшін ересектермен бірге балалар үшін де «Арқанмен өрмелеу паркі» бар.
Демалыс аймағын қамтамасыз ету үшін күрделі қаржы салу керек. Олжас Сағатұлы ешқандай дотация, жеңілдікпен несие, соның ішінде әлеуметтік бағдарламалар мен грант алған жоқ. Тек өзінің қолындағы қаржыны пайдаланды. Инновациялық технология бойынша жемшөп дайындау кешені құрылысын да бастап еді. Алғашқы төрт сиыр қора корпусы тұрғызылып та қойған. Қайғылы қазасына байланысты бәрі де тоқтап қалды.
Мұнда жерді тамшылатып суғаруға арналған агрегат та бар. Олжас Сағатұлы облысымызда шөптердің түрлерін, бау-бақша, көкөніс өсіруге болатынын дәлелдегісі келген. Бәрін экологиялық таза тыңайтқыштармен тыңайтуды көздеді. Органикалық қалдықтарға арналған полигон салды. Бұл да пайдалы аграрлық бизнес түрі. Бұл бағыттардағы алғашқы жүргізілген тәжірибелер өзін-өзі ақтап шықты. Біз осының бәрін жалғастырып келеміз. Салынып жатырған құс фабрикасының ауласында былтырғы жылы су жүйесі жүргізілді, керекті мини-каналдар қазылды.
— Алдына осындай мақсат қойған, өзін елінің патриоты санаған адамның мінезі қандай болды?
— Ол өте шапшаң, жалған сөзге төзбейтін, жарамсақтардан жиіркенетін, өмірге ғашық жан еді. Адамдарды мәртебесіне, ұлтына, жасы мен байлығына қарай бөлген жоқ. Маңына дос жинай білді. Адамдардың бойындағы өз мамандығын жақсы білетін іскерлікті, адамгершілікті бағалады. Осыны сезген жандар «Мекенге» жиі қонақ болатын. Ол шын мәнінде уақыттан озғысы келді, үнемі асығып жүретін. Кейбіреулер оның идеясын түсінбейді. Бірақ, Олжас өзінің туған топырағын сүйді және қолынан келгенше оған қызмет етті.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.