Жарнама
МәдениетҚоғам

Руханият ордасына айналған өңір

Өнер – адамға теңдесі жоқ көңіл-күй сыйлайтын халық мұрасы. Әсіресе, кең даланың еркін өскен перзенттері – қазақ халқы үшін өнердің мәні айрықша зор. Міне, сондықтан да, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым өнерге, талантты жастарға қамқорлық жасап, қолдау көрсетіп келеді. Ұлт Көшбасшысының осындай өнегесі өңірлердегі мәдениет пен өнердің бағын ашты. Дарынды жандардың көкірегіндегі көмбесін халық кәдесіне жарату бағытында ақындар мен суретшілерге, әншілер мен күйші-композиторларға ықылас ерекше. Олардың рухани әлемінің байып, талғамдарының толысып отыруы үшін шетелдермен де байланыс жолға қойылды.

Мұнайлы Атырау – өнер тұнған, талай талантты дарындар шыққан өңір. Сондықтан, бұл өңірден күй атасы мен анасы Құрманғазы мен Динаның, дүлдүл Қаршығаның, жыр әлеміндегі Әбу Сәрсенбаев пен Хамит Ерғалиевтің, Фариза Оңғарсынова мен Жұмекен Нәжімеденовтің шығуы – заңды құбылыс. Халық әртісі Гүлжан Талпақова, белгілі әнші Сембек Жұмағалиев, дәулескер күйші Шәміл Әбілтаев, Айгүл Үлкенбаева сынды саңлақтарымыз – қазір сахнада өзіндік орны бар дараларымыз. Осындай өнердің киесін ұстанып, аға буын өкілдерінің жолын қуған өнерпаздар да жеткілікті.

Руханият ордасына

«Ұлы  даланың ұлттық дәстүрлері»

Биыл Наурыз мерекесіне орай бұрын-соңды болмаған Халықаралық көрісу фестивалі өтті. Бұл шара облыс әкімдігі мен Халықаралық Түрксой ұйымымен бірлесіп, кең көлемде ұйымдастырылды. Еуропа елдерінен, 17 мемлекеттен мәртебелі меймандар фестивальға қатысып, қазақтың көрісу салтының мәні мен маңыздылығына тәнті болды. Форумның ашылуына әр елден келген 700-ге жуық әртіс қатысып, екі күнге созылған шарада қонақтар Ырза Тұрсынзаданың этноқолөнерінің шеберлік сағатынан тәлім алды. Сондай-ақ, республикалық айтыс пен Қазақстанның Халық әртісі Бақыт Қарабалина атындағы күйші-домбырашылар сайысы жоғары деңгейде өткізіліп, абсолютті салмақ категорияларындағы спортшылар қазақ күресінен халықаралық ашық чемпионатта бақ сынады. Форум аясында Атырау қаласының тұрғындары мен қонақтары «Спикер №7» жастар зияткерлік конференциясының тыңдарманы болды.

Қазақстанның, таяу Шығыс пен Еуропа елдерінің ғалымдары «Наурыз – адамзаттың материалды емес құндылығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Мұнайлы астананың қонақтары Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған республикалық әдеби оқуды, «Ұлы дала ұлағаты» атты кітаптың тұсаукесерін, «Домбыра Party» жастар акциясын тамашалады. Шара конкурс жеңімпаздарын марапаттаумен және «Аманат» қоғамдық ұлттық сыйлығын тапсырумен аяқталды.

Өнерге – құрмет, өткенге – салауат

Биылғы басты оқиғаның тағы бірі – «Халел ставкасының» табылуы. «Халел ставкасы» республикалық деңгейде үлкен орталыққа айналып, Қазақстан картасының киелі жерлер географиясына енген Атырау облысындағы қасиетті жерлерді толықтырады. Бұл – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қол жеткізген үлкен белес және Алашорда үкіметінің 100 жылдығына арналған Атырау облысының арнайы тартуы болады деп санаймыз.

Бес күн бойы өткен атақты драматург, жазушы Есенжол Домбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай еске алу кешін де ерекше атап өткен жөн. Мұның бәрі – өнерге деген құрметтен туған шаралар. Ал, аудандарда 230 орындық төрт мәдениет үйінің пайдалануға берілді, Астананың 20 жылдығына орай Елорда төрінде тұңғыш рет атыраулық өнерпаздар Елбасының алдында өнер көрсетті.

Сондай-ақ, Құрманғазы бабамыздың 200 жылдық мерейтойы қыркүйектің алғашқы онкүндігінде кең көлемде өткізіледі. «Саз пернелі Сарайшық» деп аталатын Түркі әлемі ансамбльдерінің фестивалі, бұрын-соңды болмаған ашық аспандағы оркестрлер шеруі ұйымдастырылғалы отыр.

Академиялық театр Атырауда да бар

Биыл Махамбет атындағы қазақ театрының академиялық атаққа ие болуы – үлкен мәртебе. Содан бері біздің театр ұжымы М.Әуезов атындағы академиялық театрда, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында бірнеше спектакль қойды. Былтыр гастрольдік сапармен Түркияда өнер көрсетті. Биыл ұжым екі шет мемлекетке бармақшы.

Бүгінгі таңда театрды жаңарту мақсатында күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды. Үлкен залы мен сахнасына жөндеу жүргізіледі. Айта кету керек, жөндеуден соң театр өзгеше типте есігін ашады. Шетелдіктерге арналған шамамен жүз орындыққа үш тілді аударма құрал-жабдықтары орнатылады. Өйткені, театр академиялық атаққа сай болып, шетелдік меймандарға да қолжетімді болуы керек. Сондай-ақ, биыл 8 дарын иесінің «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне ие болғанын атап өту ләзім.

Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрін, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония ұжымын шетелдерге – Еуропаға шығаруды жоспарлап отырмыз. Қазірге дейін Түркия-ға, Тайландқа, Малайзияға, Будапештке гастрольдік сапарлармен барып келді, — дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Саламат Сабыр.

 Рухани азық болар туындылар

Өткен жылдың өзінде 25 ақын-жазушының шығармалар жинағы жарық көрді. Кітапхана қоры елу мың дана жаңа туындымен толықты. Бұлардың барлығы аудан мен ауылдағы кітапханаларға бөлінді. Қазір кітап сүйетін оқырмандарға іздеген туындылары қолжетімді. Олардың ішінде Х.Досмұхамедовтың үш томдық жинағы бар. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Қажығали Мұхамбетқалиев, Әнес Сарай сынды қазаққа белгілі жазушылардың шығармалары кітап болып басылып, оқырманға жол тартты.

Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы шалғайда орналасқандықтан, қаланың орталығынан жаңа типтегі тағы бір нысан бой көтермек. Облыстық кітапхананың мобильді жүйесі ұйымдастырылуда. Кез келген адам ұялы телефоны арқылы жүйеге кіріп, өзіне қажетті кітаптарды, шығармаларды оқи алады. Бұл қызметті пайдаланған адам кітапхана оқырманы болып тіркеледі. Аймақта 22 ақын-жазушының шығармашылық кешінің өткізілуі дарынды  жастарға тың серпін беріп қана қоймай, өнер саласының дамуына зор үлес қосқаны сөзсіз.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button