ҰРПАҒЫМ, САҒАН АЙТАМЫН…
Кездесу кешін Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Бейбіт Мамраев ашты. «Қазақ халқының тарихында өшпестей орын алып, ақылдылығымен, көркем мінезімен, тар жерде тауып айтқан сөздерімен халқын түрлі зұлмат, зобалаңдардан құтқарған қасиетті аналар көп. Міне, солардың жалғасы Ділдә Матайқызы бүгін ортамызда. Өзінің көкірегіндегі көрікті ойын халқымен бөлісіп, тәрбиелік мәні бар кітаптар жазып жүрген анамыздың ұлт болашағын тәрбиелеудегі еңбегі айрықша. Бүгінгі кездесу ел ертеңі деп отырған студент жастарымызға ой салса , біздің мақсатымыздың орындалғаны»,- деп тебірене сөйлеген университет ректоры кештің тізгінін Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Парасат» орденінің иегері, жазушы Әлібек Асқаровқа ұстатты.
«Ел анасына айналып, болашақ ұрпақ тәрбиесіне атсалысқан қазақ әйелдері тарихтан мәлім. Олар әр ғасырда өз заманының үнімен қоғамға өз үлестерін қосты. Күні кеше парағы жабылған жиырмасыншы ғасырда да өзім көзін көрген Әбіш Кекілбаевтің анасы Айсәуле апамызды да сондай қасиетті аналардың сапына қосар едім. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған бұл шараның мәні зор. Ділдә Матайқызы – Иманғали замандасымыздың анасы, терең ақыл, кемел ой иесі. Апамыздың кітабының тұсаукесері құтты болсын! Қазақ тілінен орыс тіліне аударуға Герольд Бельгер көмектесті.
Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Президент сыйлығының иегері Мереке Құлкенов те Ділдә Матайқызының «Айналайындарым менің» кітабының көтерген жүгі қомақты екенін баса айтты. Қай ұлттың да болашағы – ұрпағында, сондықтан ел анасының бұл еңбектеріне ешқандай баға жетпейтіні айқын. Осы жайларға тоқтала келе, «Өлке» баспасынан шыққан «Айналайындарым менің» кітабының 50 данасын университеттің ғылыми кітапханасына тапсыратынын жеткізді.
Өз кезегінде сөз алған Ділдә Матайқызы өз өміріне қысқаша тоқталып өтті. «Әкем-Матай кезінде би-болыс болып, айналасына атағы шыққан адам. Өзі өте тақуа, діндар адам еді. Кеңес өкіметі кезінде көп қудалау көрді, зәбір-жапа шекті. Мен де ата-анам көрген қиындықты кішкентайымнан көріп өстім. Ылғи орыстардың арасында есейдім. Сондықтан, анам менің қазақ тілін білмейтіндігімді қатты уайым қылатын. Соғыс кезінде Ташкенттегі дәрігерлер курсын бітірдім. Сөйтіп, өмірлік мамандығымды игердім. Өмірде Нұрекеңдей абзал азаматтың етегінен ұстап, Атырауға келдім. Бұл елге келін болып түскен қадамымнан бастап, мен қазақша үйрендім. Жастар үлкендерді сыйлап, өмірдегі қиындықтарды жеңуде табандылық көрсеткені дұрыс»,- деп кітап жазуға мұрындық болған себептерге тоқталып өтті.
Кітаптың тұсаукесерінде филология ғылымдарының докторы, профессор Қадір Жүсіп, өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Қыз Жібек» клубының төрайымы Бақыт Барсай сөз алып, Ділдә Матайқызының тұлғалық ерекшеліктерін айтып өтті. Абзал ананың «Тәрбие туралы толғаныс», «Айналайындарым менің» кітаптары ұлттық тәлім-тәрбие туралы ойларға толы. Бұл дүниелер — ұстаздар үшін де, жалпы көпшілік оқырман үшін де мағынасы зор шығармалар.
Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрында «Ана туралы жыр» туындысының негізінде жазылған драмасының премьерасы да өткен болатын. Сөйлеушілер оның да мән-мағынасына кеңінен тоқталды.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.