
Резерваттағы ахуалға байланысты нақты ұсыныс
*Депутаттық сауал
Каспий теңізі жағалауындағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында болған қамыс өрті қалың бұқараны қатты қобалжытқаны анық. Күллі елдің алаңдаушылығын туғызған мәселеге Атырау қаласының тұрғындарынан бастап, қоғам белсенділері, тиісті құрылымдардың өкілдері мен жергілікті депутаттар өз пікірлерін білдірді. Мәселенің өзектілігіне бойлаған республика Парламенті Мәжілісінің Атырау облысынан сайланған депутаттары, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Әділ Жұбанов пен Дүйсенбай Тұрғанов 25 маусым күнгі палатаның жалпы отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдады.
Депутаттық сауалда Атырау қаласындағы қамыс өртінің жиі орын алуы салдарынан туындап отырған жағдай Үкімет тарапынан шұғыл әрекетті талап ететіні көрсетілген. Өйткені, соңғы жылдары Экология және табиғат ресурстар министрлігіне қарасты Атырау облысындағы «Ақжайық» мемлекеттік резерваты аумағында қамыс жиі өртеніп, Атырау қаласын қалың түтін басып қала береді. Бұл жиі қайталанғандықтан, халықтың саулығына зиянын тигізіп отырғаны айдай ақиқат.
Мәжілістің жалпы отырысында Әділ Жұбанов жария еткен сауалда депутаттар Каспий теңізі маңындағы қамыстың өртенуі – экологиялық, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан үлкен мәселе екенін ескере отырып, дер кезінде қажетті жұмыстар кешенін атқармаған Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігіне, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарының жауапты қызметкерлеріне шара қабылдауды сұраған.Себебі,бұл тек табиғи апат емес, Экология министрлігі тарапынан жүйесіз басқарудың нәтижесі екенін депутаттар ерекше атап көрсетті.
Одан әрі сауалда Мәжіліс депутаттары облыстағы ахуалдың күрделі екенін атап көрсетіп, өздерінің нақты ұсыныстарын да жолдады:
«Бүгінгі таңда Экология министрінің резерват аумағындағы қамыс өртіне мән бермеуі, уақытылы шаралар қабылдамауы, халықтың денсаулығына немқұрайдылығы тұтас бір облыс тұрғындарының наразылығын туғызуда.
2023-2025 жылдары резерват аумағында ұзақтығы 35 күннен асатын 18 өрт оқиғасы орын алды. Резерват аумағындағы өрт оқиғаларының көбеюі материалдық-техникалық базаның әлсіздігі, Экология министрлігі тарапынан физикалық бақылаудың жоқтығы болып табылады.
Резерваттың материалдық базасы мен штаттық құрамы өртті сөндіруге де, ықтимал өрттердің алдын-алу жұмыстарын жүргізуге де қауқарсыз. Нәтижесінде, барлық сын, өрттің салдарымен күрес жұмыстары, халықтың наразылығы жергілікті атқарушы органдарға келіп тіреледі.
Бұл, шын мәнінде, Экология министрлігі қызметінде үлкен кемшіліктер бар екенін көрсетеді.
2023 жылдан бері осы мәселені министрлік алдында депутат Д.Тұрғановпен бірге бірнеше мәрте көтерген болатынбыз. Сол кезде министрлік 2023-2027 жылдары резерваттың материалдық-техникалық базасын жақсартуға 975,7 миллион теңге қаралғаны туралы жауап берді. Одан бөлек азаматтық қорғау саласындағы кешенді жоспарға сай, табиғат қорғау және орман шаруашылығы мекемелеріне арнайы көлік құралдары мен бұйымдар, өртті ерте анықтау жүйелері мен өрт-бақылау мұнараларын сатып алуға 55,1 миллиард теңге бөлінген.
Қарап отырсақ, республикалық бюджеттен қаржыландыру болғанымен, резерватта іс жүзінде нақты жасалған жұмыс жоқ. Оған «Ақжайық» мемлекеттік резерваты аумағында өртті сөндіруге арналған құрылымдық бөлімшенің болмауы дәлел.
Сондықтан, Үкіметке «Ақжайық» мемлекеттік резерватының жұмысына қатысты келесідей ұсыныстар жолдаймыз:
1. «Ақжайық» мемлекеттік резерватының қызметінде олқылықтарға жол берген Экология министрлігінің басшылық құрамына қатысты шара қабылдау және резерваттағы ахуал толық тұрақталғанша Атырау облысына іссапарға жіберу;
2. Резерваттың құрылымында толық материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген өртке қарсы бөлімшелер ашу;
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды жарақтандыру нормаларының талаптарына сәйкес, резерватты материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету бойынша шығындарды толық көлемде республикалық бюджет есебінен қаржыландыру;
4. Республикалық бюджеттен қаржыландыру мәселесі шешілмесе, резерватты Атырау облыс әкімдігінің қарамағына беру мәселесі қаралсын.
Үкіметтен Экология министрлігінің «Ақжайық» мемлекеттік резерватына қатысты мардымсыз әрі нәтижесіз жұмысына құқықтық баға беріп, аталған ұсыныстар негізінде шұғыл арада шешімдер қабылдау сұралады.»
Мәжіліс депутаттары келтірген бұл дәйектер мен нақты ұсыныстар – Атырау облысы халқының да көкейіндегі мәселе. Себебі, дәл қазір қамыс өрті толық сөнгенмен, алдағы шілденің аптап ыстығында кенеттен қайта тұтанбасына ешкім де кепіл бола алмас. Өйткені, тәжірибелі мамандар қамыстың түбіндегі қопа қызғанда өздігінен бықсып жанатынын жоққа шығарған жоқ. Сондықтан, депутаттар көтерген мәселенің тезірек шешімін табуын Атырау жұртшылығы да толық қуаттайды.
Қуандық ШӘКІРОВ