Жарнама
Қоғам

РӘМІЗГЕ ҚҰРМЕТ – ӘРКІМГЕ МІНДЕТ

Жиынға төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан комиссия жұмысының негізгі мақсатымен таныстырып, әр азамат мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауы қажеттігін атап айтты.
— Мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану мәселелері бойынша облыс аумағында бірыңғай жүйе қалыптастыру, заң талаптарын мүлтіксіз орындау жөнінде ұсыныстар әзірлеу – комиссияның басты міндеті. Рәміздердің дұрыс қолданылуына сараптамалық талдаулар мен зерттеулер жүргізу осы комиссияға жүктеледі, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Бүгінге дейінгі тексерістер нәтижесінде бірқатар олқылықтар анықталған. Талапқа сай келмейтін мемлекеттік нышандардың орнатылуы көптеп кездеседі. Атап айтқанда, Ту мен Елтаңбаның тауарлық жапсырмасы болмай шығады. Кей жағдайда жапсырмасын білместіктен қиып немесе алып тастайды. Рәміздерге бейнеленген элементтердің сұлбалық бейнесі негізгі өлшемдеріне сәйкес келмейді. Бұл жайларды Техникалық реттеу мен метрология комитетінің Атырау облысы бойынша басқармасының басшысы Лес Баймұқашев баяндады.
— Мемлекеттік рәміздер бейнеленген қабырғада Әнұран мәтінінде «Сөзі», «Әні» деп емес, «Сөзін жазғандар», «Әннің авторы» болып жазылуы керек. Қабырғаларды тексеруде осындай қателік орын алды. Сондай-ақ, Атырау қаласы ауруханаларының бірінде Елтаңба кіреберістегі дәлізде орнатылған. Ал, дұрысында Елтаңба мәжіліс залдарында төрағалық етушінің арғы жағындағы қабырғада орналастырылуы керек, — деді Лес Қонысбайұлы.
Айта кету керек, Елтаңбаның нысаны, өлшемдері мен техникалық талаптарының жаңа жобасы дайындалып, бекітілген. Соған сай мемлекеттік атрибуттарының жаңаруына бюджеттен қаражат бөлінген. Десек те, рәміздердің дұрыс жасалуын бақылау әлі де ұйымдастырылмаған. Мұндай сын облыстық прокуратураның 1-ші басқармасының аға прокуроры Мақсат Шәріповтің тарапынан айтылды.
Белгілі болғандай, мемлекеттік рәміздерді орнатпаған мемлекеттік ұйымдар да бар. Түнгі уақытта рәміздердің жарықтандырылуы қарастырылмаған. Кейбір орындарда талапқа сай емес мемлекеттік нышандарды ауыстыру бір жұмыс күні ішінде орындалмайды. Жыртылған Туды ауыстырудың орнына қиып немесе жарға шегелеп қойған мекемелер де кездеседі. Ал, рәміздерді пайдалану тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыру ішкі істер органдарына жүктелген. Алайда, бұл жауапты органдар тарапынан жауапкершілікке тартылған тұлғалар кемде-кем. Осы жайттарды анықтауда ішкі істер департаменті қызметкерлерінің қатысуымен арнайы комиссия құру ұсынылды.
Комиссия мүшесі, «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің директоры Төлеген Берішбай: «Бұрын Кеңес кезінде арнайы рейд ұйымдастырылып, орын алған олқылықтар сол жерде хаттамаға түсіріліп, тез арада шарасы алынатын. Қазір де мұны қолға алу керек. Құрамына учаскелік инспекторларды қосып, үнемі тексеріп отыру қажет» деген ұсынысын ортаға салды.
Бұл пікірді жалғаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева әр учаскелік инспектор өзіне тиесілі аумақтағы мемлекеттік рәміздерге жауапкершілікпен қарап, оның талапқа сай еместігі анықталса, уақтылы ауыстырып отыруға ықпал етуі қажеттігін айтты.
«Жоғарыдан тапсырма берілмейінше құзырлы органдар өз жұмыстарына баса көңіл бөлмейді. Осылай жалғаса берсе, сырт көзге күлкі боларымыз анық. Сондықтан, бұл істі бүгіннен қолға алып, нақты іске көшкен жөн. Заң талаптарын уақтылы орындамаған мекемелерге ескерту емес, айыппұл салу керек. Одан да нәтиже болмай, кемшіліктер жойылмаған жағдайда облыстық комиссияға хабарланып, мемлекеттік қызметшілер тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады» деді Шыңғыс Мұқан комиссия отырысындағы қорытынды сөзінде.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button