ӘР ХАТТА – АДАМ ТАҒДЫРЫ
Қамқорлық айы аясында қазыналы қарттарымыз назардан тыс қалып жатқан жоқ. Жергілікті билік өкілдері жыл сайын ардагерлерге көңіл бөліп, қаржылай көмек көрсетуде. Осы орайда келесі хаттың авторы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Құрманғазы аудандық филиалының төрағасы О.Құмарғалиев «Ардагерлер қашанда үлкен құрметке лайық. Себебі олар зейнет жасына шықса да, жастар тәрбиесіне баса көңіл бөліп, патриотизм рухын қалыптастыруға өз үлестерін қосуда. Сондай-ақ, ел тарихын, жер-су атауларын зерттеуге көңіл бөлуде» деп, ауданда қарияларға көрсетіліп жатқан қамқорлыққа ризашылығын білдіріпті.
Жастарды діни сауаттылыққа тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта Ш. Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер мұражайының ғылыми қызметкері Әйгерім Ағыраева дін қызметкерлерінің қатысуымен «дөңгелек үстел» ұйымдастырып, жастарға біршама түсінік берілгенін жеткізіпті.
Келесі хаттың авторы Махамбет ауданы, Алмалы селосының тұрғыны Сатыбай Ысқақұлы республикалық басылымдардың бірінде жарияланған Теңізбай (Мерген) Бабасұлы туралы жазылған тарихи деректерге байланысты ойын жолдапты. «Тарихи материалды оқи отырып, бала кезімде жүрген жер атаулары ойға оралып, сол атаулардың дерекке сәйкестігі таң қалдырды» депті автор. «Нарын бекетінің терістік батысын ала бес-алты шақырым жерде «Мерген», «Қарамола» деп аталатын құм-шағыл аттары бар. Қазір бұл жерлерді шөп басып, шағылдар аласарып көрінбей қалды. Ол жерді білетін үлкендер қазір бірен-саран ғана. Осы шағыл етегінде Мерген батыр жараланып, сол жерден аттанып кеткен шығар» деген ойын білдіріпті мақала авторы.
Оқырмандарымыздың әр ойын салмақтап, саралап жазған хаттар легі толастамайды деп сенеміз.
Шолу жасаған
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.