Жарнама
Қоғам

«Qyzylqoǵa» газетіне — 70 жыл

«Газеттің – өзі бір күндік, сөзі – мың күндік» дегендей, «Qyzylqoǵa» газеті  оқырмандардың сүйікті басылымына айналып, ауданның тыныс-тіршілігімен біте қайнасып, ел экономикасының дамуына зор үлес қосып келе жатқанына 70 жыл. Ендеше, осынша уақыт бойы халықтың тілі, құлағы, көзі бола білген газеттің мерейлі  мерекесі кең көлемде атап өтілсе керемет емес пе?!

Міне, осыны жете сезінген  «Атырау-Ақпарат» медиахолдингіне қарасты  «Qyzylqoǵa» газетінің редакциясы жыл басынан бері бірнеше шара ұйымдастыруды қолға алып, оған Қызылқоға ауданының әкімдігі қолдау білдірді.

Өткен аптаның жұмасы күні «Qyzylqoǵa» – аудан айнасы» атты салтанатты шара өткізіліп, оған аудандық газеттен қанатын қатайтып, еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүрген қаламгерлер, ардагер журналистер, баспахана қызметкерлері, өмірден өткен бас редакторлар мен тілшілердің ұрпақтары арнайы шақырылды. Шара барысында қонақтарға аудандық музейдің ұйымдастыруымен көрме көрсетілді. Бұдан соң салтанатты шара басталып, алдымен газеттің 70 жылдық тарихынан сыр шертетін бейнеролик көрсетілді. Одан соң сахна төріне көтерілген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова жеті ондықтың белесіне көтерілген басылымда қызмет еткен ардагер журналистер мен баспахана қызметкерлерін, бүгінгі еңбек етіп жатқан тілшілерді шын жүректен құттықтап, облыс әкімі Серік Шәпкеновтың құттықтау хатын аудандық газеттің Бас редакторы Бауыржан Сисеновке табыстады. Бұған қоса, ол байырғы баспахана қызметкері Ерсайын Қайырова мен жарнама менеджері Нұрмағанбет Аманжоловты  облыстық мәслихат төрағасы М.Хайруллиевтің Алғыс хатымен  марапаттады.

Арнайы құттықтау және марапаттау үшін сахна төріне көтерілген Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұханов «Qyzylqoǵa» газетінің редакциясы Жаңа жылдан бастап жаңа ғимаратқа көшеді» деген жаңалығымен бөліскенде залда отырғандар ерекше қуанышты әсерге бөленді. Оның да өзіндік себебі бар. Өйткені, бұл көптен көтеріліп, шешімін табуды күтіп жүрген мәселе еді.

Аудан басшысы осындай қуанышты хабармен бірге  барша газет қызметкерлері мен ардагерлерді мерейлі мерекемен құттықтап, еңбек жолын «Qyzylqoǵa» газетінен бастап, ұзақ жыл республикалық «Ақ босаға» газетінің бас редакторы болған, Алматы қаласынан арнайы келген Шолпан Ұғыбаева, ардагер журналист Мағрупа Қазихан, тілшілер Бауыржан Бердіғалиев, Дулат Ғұбайдуллин, бет құрушы Әдемі Қабдоловаларға Алғыс хат табыс етіп, редакция ұжымына сыйлық тарту етті.

Сонымен қатар, «Qyzylqoǵa» газетін облыстық ардагерлер кеңесінің шешімімен «Даңқ» орденінің толық кавалері Шүкір Еркіновтің есімін қастерлеу үшін бекітілген «Қас Батыр» медалімен ұлықтады. 

Сахна төрінде ізгі тілегін арнаған «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің директоры Жасын Біркенов газет ардагерлері Табылды Айсағалиев, Әлима Бишекина, Шолпан Сұлтанғалиева, Нұрлықыз Беркенова, Сайлау  Жайлыбаева, газет жанашыры Айбек Сайлауұлын өз атынан Алғыс хатпен мадақтаса, еңбек жолын аталған газеттен бастаған елімізге белгілі журналист Құралай Бисенбаева мен газеттің қазіргі бас редакторы Бауыржан Сисеновтің кеуделеріне Қазақстан Журналистер одағының «Қазақ журналистикасының қайраткері» медалін тақты.

Құттықтау тілегін арнаған аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали аудандық газеттің байырғы қызметкерлері Зайдолла Ибатов, Жайғали Өтеуғали, Бақытжан Нұрқасымовтарды Алғыс хатпен мадақтады.

Бұдан кейін кезек «Qyzylqoǵa» газетінің 70 жылдығы аясында, өткізілген түрлі байқау мен мүшәйраның жеңімпаз-жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне ұласты. Бұл ретте қазылар алқасының төрағалары мен жүлде тағайындалған редакторлар мен фототілшінің ұрпақтары сахна төріне шақырылды. Алдымен газет жанрларын насихаттауға арналған «Қаламгер сыйлығы»  атты байқауда Төлеубай Ысқақов атындағы  сыйлыққа ие болған  «Serper» газетінің бас редакторы Айнагүл Шакупова,  «Maqat tynysy» газетінің бас редакторы Мөлдір Ізтұрғанова, жас журналист Айсәуле Ардаққызы,  Әйгерім Байдәулеттердің әрқайсысы ұрпақтарының демеуші болуымен 50 мың теңгеге  ие болса, ақын, журналист, публицист  Жолдығали Бақытов атындағы облыстық жас ақындар  мүшәйрасында бас жүлдені жамбылдық Ерасыл Аманғали (байрағы 100 мың теңге), І орынды Нұрсәуле Жауынбаева (75 мың теңге), ІІ орынды Гүлайым Жұмаш (50 мың теңге), ІІІ орынды Айтгүл Еңсеген (25 мың теңге)  иеленді. Ал, танымал фототілші Қайрош Қабдешов атындағы фотосуретшілер байқауында  Сымбат Ғазим (байрағы 90 мың теңге)  бас жүлдені иемденсе, Нұрислам Құспанғали (70 мың теңге) І орынды, Айболат Төремұратов (60 мың теңге) ІІ орынды, Әсия Телманова (40 мың теңге)  ІІІ орынды, Аида Руслан  мен Мейірлан Нұрмағамбетұлы (әрқайсысы 20 мың теңгеден)  Алғыс хатпен марапатталды.

Салтанатты шара аудан өнерпаздарының мың бұралған би, тамылжыта шырқалған әсем әндеріне ұласып, көрермендер көңілі бір серпіліп қалды. Тағылымы мол шараның куәсі болған көрермендер қуанышты көңіл-күймен үйлеріне тарқасты.

Шара барысында жыл бойы газеттің 70 жылдығы аясында өткізілген шараларға белсене атсалысқан аудан басшылары мен газет, баспахана ардагерлері, өмірден өткен бас редакторлар мен тілшілердің ұрпақтары, газеттің бүгінгі қызметкерлері «Qyzylqoǵa» газетіне – 70 жыл» медалімен марапатталса, алыстан арнайы келген қос журналист Құралай Бисенбаева мен Шолпан Ұғыбаеваға аудан тұрғындары атынан қазақы дәстүрмен камзол  кигізілді. Сөйтіп, жетпіс жылдық жарқын жүздесу керемет әсер сыйлап, рухани кешке сусындаған қонақтар мәз-мейрам кейіпте тарқасты.

Нұрсәуле СҮЛЕЙМЕН

Суреттерді түсірген Бауыржан Бердіғалиев

БАҒДАРЫ БАР газет

Туып-өскен жерің болмаса да, етене бауыр басып кететін ерекше елді мекендер болады. Түрлі себеппен сол өңірге тастай батып, судай сіңесің. Ол өлкенің жұрты да сені өзекке теппейді. Баласындай баптап, қонағындай қадірлейді. Менің жаныма жақын аймақтың бірі – Атырау. Әсіресе осы облыстың Индер мен Қызылқоға аудандарын түгел араладым. Осыдан отыз жыл бұрын Мұрат Мөңкеұлының мұрасына ден қойған кезімде әр ауыл, әр белесті қалдырмай, армансыз шарлап шықтым.

Сондайда көбірек аялдаған берекелі бекеттерім — Миялы, Қарабау, Қаракөл, Сағыз, Мұқырдың тұрғындары ел мен жердің тарихы туралы шежіре шертетін. Шетінен сөзге шешен-ді. Қызылқоғаның қазыналы қарттары – халық ақыны Дияр Жолаев, тағдыры ауыр Тауман Қосшиев, қайраткер-қаламгер Төлеп Тілегенов, ардақты азамат Макар Қаражанов және басқа айбарлы ағаларыммен жата-жастана, таңды таңға ұрып ой бөлісіп, армансыз сырласып, баға жетпес мәліметтерді жазып алғанбыз. Кейін мұның бәрі ғылыми еңбектерімізге молынан пайдаланылды. Сондайда ат шалдыратын киелі орнымыз – Миялының төріндегі «Qyzylqoǵa» газетінің редакциясы еді.

Әріптестерімізбен әңгімелесеміз, тілшілермен тілдесеміз. Тігінділерді ақтарамыз. Іздеген адамға бұл басылымның бетінен де біраз нәрсе табылады. Мұрат ақынның жерленген жері Жарсуат болғанымен, кіндік қаны тамып, алғаш табаны тиген Қарабау мен Ащыбұлақтың орны бөлек. Сондықтан осыдан бес-алты жыл бұрын Индерде жыр жүйрігіне ескерткіш қойылғанда «Қарабауға қарап тұр…» деген әзіл-шыны аралас мақала жазғанбыз.

Өзіміз қаршадайымыздан тілеулес болып келе жатқан «Qyzylqoǵa»  газеті жетпіс жылдығын тойлап жатыр екен! Қуанамыз! Құптаймыз! Құттықтаймыз! Бауыржан ініміз басқаратын басылымға шығармашылық табыс тілейміз! Қаламдарыңыз Махамбеттің жебесіндей ұшқыр, жазбаларыңыз Мұраттың өлеңіндей өткір болсын, қадірлі әріптестер!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

ҚР Президентінің кеңесшісі,

филология ғылымдарының докторы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button