Қымызға арақ қоса ма?
Хакім Абайдың «Осы қымыз қазаққа мақтаның ба, асың ба?» деп ой сала толғағаны бүгінде де маңызын жойған жоқ. Иә, халқымыз қымызды қырық, тіпті одан да көп ауруға ем деп санаған. Тарих пен дәстүрге бай сусын туралы таңға дейін жырлауға болады. Бие сүтінің табиғи нәрі мен құрамындағы пайдалы дәрумендері жайлы да айтылудай айтылып, жазылудай жазылды-ау. Дегенмен, бүгінде қасиетті сусынның қадірін қашырып жүргендер аз болмай тұр. «Қазір кез-келген азық-түлік дүкен сөресінен табылатын ұлттық сусынға арақ қосып сатады екен» деген ел арасында сөз шықты. Ал, бұл қаншалықты рас, немесе жалған әңгіме?
Сұранысқа ие сусын
Облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары, дәрігер психиатр-нарколог Жеңіс Мухлисовтың айтуынша, соңғы уақытта жұртшылық дүкендерде сатылатын шетелдерден келетін қымыздарды көп сұрайды екен. Мұның себебі – сұранысқа ие сусынның бас айналдырып, мастық дәрежеге дейін жеткізетін жағдайларының көбейіп отырғандығы.
– Ашыған қымыз құрамындағы ақ уыз оңай қорытылатын заттарға, сүт қанты, сүт қышқылына, көмір қышқылына және жұпар иісті заттарға айналады. Қымыз құрамындағы этиль спиртінің мөлшері 0,2%-дан 2,5%-ға дейін болуы мүмкін. Таза табиғи сусын «алкогольсіз сусын» саналады. Ал, оның құрамындағы ашығаннан туындаған спирттің мөлшері аз болуы себепті ол адамды мастық жағдайға жеткізбейді,-деген Жеңіс Мухлисов егер қымыз ашытылмаса оны сусын ретінде қолдануға рұқсат екендігін баяндады.
– Қымызға басқа да қоспалар қосылып (бал, ашытқылар, қышқыл сүт бактериялары) ашытылса және онысы адамды мас ететіндей дәрежеге жеткізілсе ашытылған осы сұйықтықты ішіп, көлік құралын басқармаған жөн,-дейді мамандар.
Өйткені, ол өнімдерді таза қымыз санатына жатқызуға болмайды екен. Қымыздың құрамына бие сүті, сиыр сүті, бал, ашытқылар кірсе, құрамындағы бал ашыту процесін жеделдететін көрінеді. Қымыздың сақтау температурасы сақталмаса да құрамындағы спирттің пайыздық мөлшері көбейіп кететіндігі белгілі болып отыр. Ал, қасиетті сусынға спирт әдейі қосыла ма, жоқ па, оны ешкім айта алмайды. «Сондықтан қымыздың таза табиғи түрін қолданған абзал» дейді біз тілдескен мамандар.
Дәмі де, түрі де өзгеше
Әлеуметтік желіде қымыз сататын түрлі орындардың жарнамалары толып тұр. Олардың сатушыларымен сөйлескенімізде табиғи сусынға жастардың сұранысы күрт артқанын білдік. Сауда орталықтарында оның бағасы орташа есеппен 1500 теңгеден басталады екен. Тіпті қымызды дәміне қарай ақ, жасыл, қара, қызыл қақпақ деп бөліп те қойған.
Иә, бүгінгі қымыздың түрі көп, дәмдері де өзгеше. Сатылымдағы ащы, тұщы және тәтті деп бөлінетін бие сүтінің құрамында спирт бар деген сөзді де жиі естиміз. Мамандардың сөзінше, қымыздың құрамындағы алкоголь мөлшері әдетте алкогольдік ішімдіктегідей жоғары емес. Алайда, ол алкотест нәтижесіне әсер етуі мүмкін.
– Бұл, әсіресе, аз уақытта көп мөлшерде қымыз ішкен жағдайларда болады. Дүкендердегі сатылатын қымыздар қатты газдалған сусындар. Сондықтан олар адам ағзасына түскен соң көмірқышқыл газын бөледі. Сол себепті алкотестер құрылғысына әсер етіп, оң нәтиже көрсетеді. Әдетте адам ағзасынан алкоголь сағатына 0.15 промилль мөлшері жойылып отырады. Ал, қымыз ішкен болса, ол аз уақытта (10-15 минутта) жойылады,-деді дәрігер психиатр-нарколог Ж.Мухлисов.
Жалпы, мастық күйге сараптамадан өткізу кезінде зерттеу қорытындысының негізі адамның психикалық және соматоневрологиялық жағдайын кешенді бағалау түріндегі клиникалық зерттеп-қарау деректері болады. Яғни, алкотестер құрылғысы оң көрсеткіш көрсетсе де адамда ешқандай мастық күй белгілері болмауы мүмкін екен.
Қандай жағдайда бас тартқан жөн?
Жыл басынан бері облыстық психикалық денсаулық орталығына полиция қызметкерлері мастық күйін айыру үшін 770 автокөлік жүргізушісін жеткізген. Олардың 302-нің масаң күйде болғандығы, 58-нің есірткі пайдалғаны анықталған. Сондықтан, көлік жүргізетін болсаңыз, алкогольдік сусындарды, соның ішінде қымызды да ішуден бас тартқан жөн. Жолда өзіңіздің және басқалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ережелерді сақтау өте маңызды.Ал, исламда қымыз ішуге тыйым салынған ба? Бұл туралы облыстық «Иманғали» мешітінің найб имамы Ержан Иманғалиевтен сұраған едік.
– Бие сүтінің адам денсаулығына пайдасы туралы бабаларымыз ертеден-ақ білген. Еті адал малдың сүті де адал болатыны даусыз. Жалпы, ислам ғұламалары жылқы сүтіне бірауыздан халал үкімін берген. Хидая кітабында «жылқы сүтін ішудің оқасы жоқ» делінген. Ал, масайтатын ерекшелігі пайда болып, көп ішкен адамды мас қылып жатса, оның үкімі бөлек. Бірақ, қымызды қанша ішсе де кісіні мас қылмайтыны белгілі. Сол себепті, оны ішудің діни тұрғыда ешқандай күнәсі жоқ деуге негіз бар. Ал, құрамындағы ашу барысында өздігінен пайда болған аз мөлшердегі спирт сырттан әдейі қосылмағандықтан әрі қанша ішсе де масайтпайтындай аз болуы себепті, негізге алынбайды. Өйткені, аз көлемде өздігінен пайда болған спирт ашыған айранда да, тіпті ашыған нанда да бар,-деді найб имам.
«…Қымыз – құдай берген керемет сусын. Өркениетті күйгелектігімізді, жүйкеміздің тозуын, ой беймазалығы мен мәңгілік құрыс-тырысымызды одан басқа не тыныштандыра алатын еді?!» деген екен орыс жазушысы Мамин-Сибиряк. Иә, ежелден келе жатқан қасиетті сусынның адам ағзасына берері мол. Дегенмен, біз қоғамда желдей ескен әңгіменің ақ-қарасын анықтап, жауап беруге ұмтылдық. Бие сүтінің берекесін кетірмеген абзал болмақ. Десе де қымыз таңдау кезінде сақ болған да артық емес-ау.
Жайна МӘЛІМҚОЖА