Жарнама
Қоғам

«Құрғақ уәдеге тойындық!»

«Біраздан бері осында тұрғанымызбен баспанамызға заңды түрде «тұрғын үй» мәртебесі берілмей тұр. Мұның бір шешімі болар ма екен?». Бұл – Атырау қаласы аумағында орналасқан бау-бақша қоғамдастығы тұрғындарының жанайқайы. Олардың жылдар бойы айтып келе жатқан, жырға айналған ең өзекті мәселесі – саяжайлық учаскелерге тұрғын үй мәртебесін беру.

Жиырма жылға жалғасқан жыр

Бұл тақырып осыған дейін де бірнеше мәрте көтерілген. Әйтсе де сол «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалып келеді. «Рыбник» пен «Химик» бау-бақша қоғамдастығы тұрғындарының сөзінше, олар осыдан жиырма жыл бұрын су құбыры мен электр энергиясын, табиғи газ желісін өз күштерімен жүргізіп алыпты. Алайда жолдың жайы жөнге келтірілместен сол күйінде қалған көрінеді. Инфрақұрылымның сапасыздығы өз алдына, енді жергілікті тұрғындарды электр қуаты құнының күрт қымбаттағаны қинап отыр. Мұндағы тұтынушылар үшін электр энергиясының бағасы (бір кВт/сағ-қа) 17-ден 23 теңгеге өскен.

Жақында әкімдік өкілдерімен өткен жүздесуде саяжайлықтардың  сөзін жеткізген «Рыбник» бау-бақша қоғамдастығының тұрғыны Қайыржан Оразғалиевтің айтқаны осыны аңғартты. «Жергілікті басшылықтың «сіздердің мәселелеріңізді шешеміз, бәрін де үйлестіреміз. Үйлеріңізді тұрғын секторға ауыстырамыз» деген уәдесінің қашан орындалатыны белгісіз. Әсіресе, жолдың жайсыздығы көліктінің де, жаяудың да қозғалысына қолайсыз әрі қауіпті» дейді тұрғындар.

Тұрғындардың реніші мен наразылығы орынды. Қазіргі уақытта шаһар басшылығы қала аумағындағы 32 бау-бақша қоғамдастығы бойынша арнайы жоба жасақтауда. Онда жол құрылысы, сумен және электрмен жабдықтау желісін жүргізу қарастырылған. Жобаны жүзеге асыруға қыруар қаражат қажет. Ал оған қол жеткізіп, жұмысты бастау үшін бау-бақша қоғамдастықтарына тұрғын үй мәртебесін беру керек. Осы мақсатта қаланың Бас жоспарына өзгертулер енгізілуде. Осы құжат бекітілгесін қаражат та бөлінетін болады. Әрине мұның өзі бірер күнде шешілетін шаруа емес, — деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Махуов.

Мәртебе берілмей, шаруа шешілмейді

Ал «Атырау-Жарық» АҚ-ның сату жөніндегі тете-президенті Тұрлан Дошатовтың сөзінше, бау-бақша қоғамдастығына электр энергиясы техникалық шартқа сәйкес беріледі. Ескерер жайт, энергияны басқаларымен бірдей тұтынғанымен, арнайы мәртебеге ие болмағандықтан акционерлік қоғам тұрғындардың әрқайсысымен жеке келісім-шартқа отыра алмайды. Сондықтан ортақ трансформатордағы көрсеткіштерді түсіріп алып, тарифті соған сәйкес есептеп шығаруға тура келеді. Заңды тұлға ретінде келісім-шарт қоғамдастықтың төрағасымен арада рәсімделеді.  Төленетін ақшаның сомасы көрсетілген түбіртек те соған қарай беріледі.

Осылайша, жеке тұтынушылар өткен жылдың қараша айына дейін бір кВт/сағ. электр энергиясы үшін 10,56 теңге төлеп келсе, желтоқсаннан  бастап бұл тариф 17,92 теңгеге (қосымша құн салығын қосқанда) қымбаттады.  Тоқтала кетеріміз, көрсетілген тариф бау-бақша қоғамдастығы тұрғын үй секторына ауысқан жағдайда ғана қолданысқа енеді. Содан соң барып қана  осындағы электр желілері қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық  және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің немесе «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамының  иелігіне өтеді, — деді электрмен жабдықтаушы кәсіпорынның өкілі.

Бау-бақша қоғамдастықтарына тұрғын сектор мәртебесін беру мәселесі бұдан екі жылдан астам уақыт бұрын Мәжіліс депутаттарының қатысуымен өткен кездесуде де көтерілген еді. Содан кейін де сеңнің қозғалмағаны тұрғындарды қатты қынжылтып отыр. «Ештен кеш жақсы» демекші, бертінде Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде бау-бақшалықты дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған жол картасын жасақтады. Ал 2023 жылдың желтоқсан айында Үкімет басшысы облыс әкімдіктеріне жол картасына енгізілген тапсырмаларды орындауды міндегені белгілі. Өкінішке қарай, қағазда бәрі қатып тұрғанымен, мұның да нақты нәтижесі әзірге байқалмайды.

«Құрғақ қасық ауыз жыртады»

Құрғақ уәдеге тойынып, шыдамның шегіне жеткен тұрғындар жақында Астанаға барып, көкейлеріндегі сұрақтарын Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың өзіне қойды. Өзекті мәселені талқылау мақсатында өткен алқалы жиынға аймақ басшылығы атынан облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев онлайн режимде қатысып отырды.

Роман Скляр кездесудің қорытындысында бұл проблеманың аяқсыз қалмайтынына маңыз берді. Тұрғындарды толғандырған өзекті мәселенің мән-жайына үңіліп, зерттеп-зерделеу, жол картасының жүзеге асырылу барысымен егжей-тегжейлі танысу мақсатында жақын арада Астанадан Атырауға арнайы инспекциялық топ іссапармен баратынын жеткізді. «Топ мүшелері берілген тапсырманың өңірде қалай орындалып жатқанына айрықша назар аударып, толыққанды есеп береді» деп мәлімдеді ол.

Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Төлеген Досов облыс әкімдіктері жол картасына енген тараулардың әрқайсысы бойынша ай сайын есеп беруге міндеттелгенін айтты. Енді бір мәнісі болар деген үміттеміз. 

Дәулетқали АРУЕВ

*Сіз не дейсіз?

Шәкір КЕЙКИН, Атырау қаласының әкімі:

Осы мәселеге орай шаһар аумағындағы бірқатар бау-бақша қоғамдастықтарының төрағалары және саяжай тұрғындарымен кездестім. Басқосуда көтерілген басты мәселе – саяжай үйлерін жеке тұрғын үй секторына ауыстыру және инфрақұрылымын жүргізу. Бұл бағытта облыстық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы басқармасымен бірлесіп, қаланың Бас жоспарын әзірлеу және оны бекіту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Қалалық сәулет, құрылыс және жер қатынастары бөліміне түгендеу жұмыстарының қарқынын арттырып, тиянақтай түсу жөнінде тапсырма бердім. Инженерлік инфрақұрылымдарды тартуға қатысты жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары биыл ғана басталды. Сонымен қатар қаладағы жол жөндеу жұмыстары қолға алынған тұста ескі асфальттың беткі қабаты уақытша бау-бақша қоғамдастығына баратын жолдарға  төселеді. Әрине мұнымен тұрғындарды толғандырған түйткіл толықтай тарқатылып, мәселе түбегейлі шешіледі деп кесіп айтудан аулақпын. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, бір-бірімен тіл табысып, өзара түсіністікте әрекет етсек, оған да қол жеткізерміз деген сенімдемін.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button