Жарнама
Қоғам

Құлшыныс болмаса, бәрі бекер!

Қоғамда қазір не көп? Блогер мен «шолақ белсенділер», ақыл айтқыш коучтар жетіп артылады. Рас, заман талабына сай осындай мамандық иелеріне сұраныс та бар шығар?! Бірақ естіп-біліп жүргеніміздей, өндіріс орындарында жұмысшы мамандар тапшы. Білікті инженерлер саусақпен санарлықтай. Соның салдарынан кәсіпорындар шетелдік кадрларды шақыртуға мәжбүр болуда. Хайп қуған блогерсымақтарымыз осыны іліп алып әлеуметтік желіде «жерден жеті қоян тапқандай» жариялап әлек. Шынтуайтында, маңызды мәселенің түп төркіні тым тереңде жатыр. Түлектердің біліктілігіне күмәнмен қарайтын жұмыс беруші мен «екі қолға бір күрек» таба алмай, жұмыссыздардың қатарын көбейтіп жүрген жастар арамызда әлі де көп.  

Жұмысшыларға сұраныс көп

Жақында ақпараттық порталдардан мынадай деректі көзіміз шалып қалды.  Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметінше, 2025-2030 жылдары елімізде түрлі салада 1,6 млн. маман қажет болады. Оның ішіне жоғары, орта, арнайы білімі бар мамандар, басшылар және арнайы біліктілігі жоқ жұмысшылар енеді. Әсіресе, есепшілер, күзетшілер, сатушылар, жүргізушілер және орта мектеп мұғалімдеріне сұраныс артады екен. Себебі, бұлар – еңбек нарығындағы елеулі үлеске ие мамандық иелері. 

«Еліміз алдағы 5 жылда техникалық және кәсіптік білімі бар жұмысшылар тапшылығын сезінуі мүмкін. Ол жалпы еңбек нарығындағы сұраныстың тең жартысынан асады – 875 мың адам немесе 55%. Екінші орында жоғары білімі бар жұмысшы мамандар тұр – 429 мың адам немесе 27%. Құрылыс саласында да кадрға жоғары сұраныс болады деп болжанады – 100 мың адам немесе 25%. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы (13%), өңдеу өнеркәсібі (12%) және көлік саласында (10%) сұраныс артатыны байқалады» делінген хабарламада.

Иә, кәсіпорындар мен зауыттар көптеп шоғырланған Атырау облысында халықтың біраз бөлігі мұнай компанияларында жұмыс істейді. Әрине бұл мамандардың барлығы бірдей инженер немесе супервайзер дегенді білдірмейді. Олардың кейбірі бірлескен кәсіпорындарға сервистік қызмет көрсетсе, енді бірі бірнеше жыл бойы салынатын алып кешендердің құрылысында еңбек етеді. Ал құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін жұмыссыз қалып, басқа компаниялардан жұмыс іздейді. Вахталық әдіспен жоғары жалақы алғаннан соң көпшілік аз айлық төлейтін басқа мекемелерге барғысы келмейді. Сөйтіп жұмыссыздар қатары көбейе түседі. 

– Мен еңбек жолымды өзім таңдаған электрик мамандығы бойынша Атырау жылу электр орталығынан бастадым. Әрине, ол жерде жұмыс істей жүріп, көп тәжірибе жинақтадым. Алайда отбасын құрып, балалы болғаннан кейін бұл кәсіпорындағы айлығым аздық ете бастады. Оның үстіне қымбатшылық алқымнан алғанда бәрібір жоғары жалақысы бар жұмыс іздеуге тура келді. Сөйтіп, Атырау мұнай өңдеу зауытына қызметке ауыстым. Десек те, бұл компанияда еңбек ете жүріп Теңіз кенішінен жақсы вакансия табылғаннан кейін сол жаққа ауыстым. Енді ол компанияда да жоба жұмысы аяқталғаннан соң  азық-түлік дүкенін ашып, жеке кәсіппен айналысып жатқан жайым бар. Жалпы, қай жұмыс, қай сала болса да ең алдымен тәжірибе жинақтау қажет. Бірден жоғары жалақылы жұмыс табу қиын. Белгілі компаниялар тәжірибелі маман іздейді. Сондықтан, ешқандай жұмысты жатсынбай, аз айлықты да қанағат тұту керек. Мысалы, электрик мамандығына қазір сұраныс көп. Қарапайым үй немесе кеңсе салынса да, ең алдымен электр жүйесін жүргізу қажет. Демек, электрикке жұмыс та көп,-дейді бізбен әңгімесінде жеке кәсіпкер Асылбек Қадырбаев.   

Теория мен практиканың арасындағы алшақтық

Жұмысшы мамандықтарына тапшылық қазір де айқын сезіледі. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Ақбөбек Шарғабаеваның айтуынша, бүгінде ел экономикасының драйвері саналатын мұнай-химия саласына кадр даярлауға айрықша назар аударылып отыр. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланғаны белгілі. Осы бағытта нақты шаралар қолға алынып, жоспар бойынша жұмыстар басталып та кеткен. Дегенмен  проблемалық мәселелер де жоқ емес екен. Бөлім басшысының түсіндіруінше, өндіріс пен оқу орнының ортасындағы, яғни теория мен практиканың арасындағы алшақтық кесірін тигізіп отыр. 

– Біз соның жою жолдарын қарастырып жатырмыз. Алқалы басқосуларда бірнеше мәрте талқыладық. Индустриалды-инновациялық жобалар шеңберінде ашылған кәсіпорындардың өкілдерін, колледж басшыларын қатыстырып, проблемалық мәселелерді ортаға салдық. Мәселен зауыт басшылығы колледж бітіріп келген жас мамандардың қарапайым техника қауіпсіздігін білмейтіндерін айтады. Қалай болған күнде де, болашақ маман қажетті білімді колледжден алып шығуы тиіс. Ал оған не кедергі? Меніңше, күн сайын өзгеріп жатқан технологиялар дәуірінде біздің білім орындарының сол деңгейге жете алмауы да әсер етері сөзсіз. Айталық, кәсіпорындағы қондырғы екі жылдан кейін өзгеріп, жаңарады. Бұрынғы технологияны меңгеріп шыққан кадр оны білмейді. Сондықтан, зауыт шетелден маман алып келуге мәжбүр,- дейді бізбен әңгімесінде Ақбөбек Сағынғалиқызы. 

Осынау мәселені шешу үшін бөлім басшысы өндіріс орындарындағы қондырғыларды колледж базасына да орнату керек деп есептейді. Әйтпесе, техникада жұмыс істемек түгілі, оны ұстап көрмеген маманның біліктілігі туралы айтудың өзі қиын. 

– Екіншіден, жастар мамандық таңдағанда қателеспеуі қажет. Жас буынның бейімділігін колледждің базасында қалыптастыруымыз керек. Мысалы, өрімдей жас қызығушылығы артып бір мамандыққа түсуі мүмкін. Алайда, оның басқа салаға икемі болса, колледжде жүріп-ақ сол бейімі жоғары мамандықты таңдағаны жөн. Сондай-ақ өзі қалаған саланың қиындықтарына әзір болуы шарт. Ол үшін денсаулықтарын күткені абзал. Жасыратыны жоқ, қазір жас жігіттердің арасында зауытқа немесе кәсіпорынға жұмысқа кіргеннен кейін «аллергия, жара шығып кетті» деп сылтау айтатындар көп. Үшіншіден, тәжірибені жетілдіріп отыруға талпыныс қажет. Соңғы технологияларды үйренуге құлшынысы болуы тиіс. Қайткен күнде де, біз балаларымызды еңбекқорлыққа тәрбиелеуіміз керек. Осылайша, біз жастарды да болашақ технолог, инженер болуға бала кезден-ақ әзірлеуге тиістіміз. Бұл қағиданы әрбір ата-ана ұстануы шарт, — дейді Ақбөбек Шарғабаева. 

Кәсіби бағдарға – айрықша назар  

Бөлім басшысы пікірінің жөні бар. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» білім ордасын аяқтап, жоғары оқу орнына түскен кезде әрбір жас пен ата-ананың алдында екі үлкен мәселе тұрады. Оның бірі – сұранысқа сай мамандық таңдау болса, екіншісі – сапалы білім алып, жақсы маман иесі атану. Сол себепті бүгінде жастарға кәсіби бағдар беруге айрықша маңыз берілуде. Демек, оқушыларды белгілі бір мамандыққа жоғары оқу орны қабырғасында емес, мектептен-ақ баулу бүгінгі заман талабы болып отыр. Ендеше, жоғары оқу орнын таңдар алдында барлығын жан-жақты зерделеп, ақылға салу қажет. 9-сыныпты бітіріп, негізгі куәлік алар сәтінде-ақ оқушы қандай маман иесі болатынын ойлауы керек. Десек те, бұл жағы бізде әлі кемшіндеу көрінеді. Жасөспірім колледждегі мамандықтар туралы біле бермейді. Сондықтан, көп реттерде ата-ананың ақыл-кеңесімен барып жатады. Әрине, ол да дұрыс шығар, соған қоса оқушының да талап-тілегі ескерілгені жөн. 

Тапшылықты жоюдың жолы қандай?

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, жоғары оқу орнын бітірген мамандардың 60 пайызы ғана мамандығы бойынша жұмыс істейді екен. Оған басты себеп – кәсіптік бағдар берудің әлсіздігі. 

– Биыл бакалавр бойынша 78 білім беру гранты бөлінді. Әрбір сала өңірдің және тапшы мамандықтардың бөлінісіне талдау жасап, ұсыныс білдіруі қажет. Тағы бір мәселе – жас мамандардың айлығы төмен, сондықтан олардың көпшілігі оқуды бітіріп, бір жыл жұмыс істегеннен кейін басқа салаға ауысып кетеді. Оның үстіне ата-аналар да қай мамандыққа грант көбірек бөлінеді, соған барғанды жөн санайды. Ал баланың бұл салаға мүлдем икемі болмауы мүмкін. Мәселен, аймақтарда жылу электр орталығы жарылған кезде маман жетіспейтінін көрдік. Айталық, жас маман төрт жыл бакалавр оқуын бітіргеннен кейін сол жерге жұмысқа барады. Айлығы аздығы себепті басқа салаға кетуге мәжбүр болады. Сондықтан, бұл жерде кешенді түрде жүйелі жұмыс жүргізілуі керек,-дейді депутат.  

Қай мамандыққа қыры барын білмей, таңдай алмай жүргендерге профориентолог көмектеседі. Алайда мұндай мамандар елімізде тым аз. Олар оқушымен жеке консультация жүргізіп, сұрақ қойып, тест алады. Кейбір профориентологтардың жеке консультациясы 50 мың теңгеден асады екен. Ал психолог-мамандар оқушыны мектептегі сабағымен қатар қосымша курстарға баруын құптайды. Өйткені әр баланың сабақты қабылдау деңгейі әртүрлі. 

– Сұраныстағы мамандыққа емес, сұраныстағы маман болуға талпынайық. Неге мамандық таңдау маңызды? Ол адам өмірінің үштен бір бөлігін құрайды. Біз уақытымыздың 8 сағатын ұйқыға, қалған 8 сағатын мамандық бойынша жұмыс істеуге арнаймыз. Демек, баланы мамандық таңдауға ерте жастан бейімдеу керек. 6-7 сыныпқа көшкенде қандай пәнге қызығатынын, бейімі барын бақылау маңызды,-дейді психолог Элеонора Бимұратжанқызы. 

    *Сіз не дейсіз? 

Алтынай Әйтпенбетова, 

«Бутадиен» ЖШС персоналды басқару және 

бизнесті қолдау қызметінің жетекшісі:

Академиялық деңгейдің маңызы зор

– Бізге негізінен жұмысшы мамандықтары қажет. Сондықтан, орта, арнаулы оқу орындарымен тығыз жұмыс жасаймыз. Алайда біздің компанияға келген маман алдағы уақытта қашықтықтан оқыту, онлайн-бағдарламалар арқылы болса да бакалавриат, магистратура дәрежелерін алуға жұмыстанады деп сенеміз.  Өйткені академиялық деңгейдің маңызы зор. 

Р.S: Жақында Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев әлеуметтік желіде мектеп оқушыларымен кездесуінен үзінді жариялады. Халық қалаулысымен жүздескен жастар бастапқыда мұндай кездесуге қатысқысы келмегендерін мойындапты. Өйткені оқушылардың ойындағы стереотип бойынша депутатты қара костюм-шалбар киіп алып, бірнеше сағаттап қызықсыз баяндама оқитын адам ретінде елестеткен. Алайда мамандық таңдау, жұмысшы мамандықтары туралы бірнеше сағат әңгіме-дүкен құрған жастар халық қалаулысын жібергілері келмей, біразымен қайта әңгімелесуге тура келген. Сол кезде Дәулеттің мына пікірі біздің де ойымыздан дөп түсті: Біз қандай мамандық иесі болсақ та, халық үшін, ел үшін қызмет етуіміз керек. Рас, жұмысшы маман ретінде қызмет етіп жүріп-ақ экономиканың өркендеуіне сүбелі үлес қосуға болады.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button