Қоқыстан – құнды қазына?!
Қоқысқа «қоқыс» деп қарағанымызбен, оның төңірегінде де қыруар мәселе бар. Тарифтің көтерілуі түрлі қоғамдық пікір туғызғаны бір бөлек, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу, сұрыптау ісі «жабулы қазан» күйінде тұр. Ал, ауылдық жерлерде полигондар қоршауларының тозығы жеткен, жергілікті бюджеттен сұрыптау орталықтарының контейнерлері мен оның құрылғыларына қаражат тек биыл ғана бөлінуде. Бұл туралы өткен жұмада облыстық мәслихаттың экология және табиғи ресурстар мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының күн тәртібінде қаралды.
Аудиттен аман қала ма?
Экология – мұнайлы өңір үшін «тым нәзік» тақырып. Алпауыт мұнай компаниялары орналасқан аймақта ауа сапасының нашарлауы туралы табиғат жанашырлары талай дабыл қағып жүр. Дегенмен енді ірі өндіріс орындары әр бес жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы керектігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап айтты.
«Қазақстанда кен өндіру өнеркәсібі жақсы дамығаны баршаңызға белгілі. Осы сала ұлттық экономиканың өсімін қамтамасыз ететін сенімді табыс көзі болып келеді. Болашақта да солай болуға тиіс. Көптеген металдың әлемдік нарықтағы бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Соған қарамастан, ірі өндіріс орындарына жақын тұратын жұрттың наразылығы күшейіп барады. Олар экология нашарлап, денсаулыққа зиян келтіріп жатқанын айтып, шағымдануда. Жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауы көп болып кетті. Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет», — деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, бұл талап инфрақұрылым саласындағы кәсіпорындарға да қойылуға тиістігін тілге тиек етті. Жолдауда айтылған бұл талап жүзеге асар болса, ірі-ірі компаниялардың экология мәселесіне атүсті қарай алмай, оны сауықтыруға мүдделі болары хақ.
Төмен тариф түкке татымай тұр
Біз экология тақырыбын сөз еткенде, оның бір тармағы ретінде қоқыс тақырыбы тұрары белгілі. Жалпы, экологияны сауықтырудың өзі адамдардың ішкі мәдениетінен басталады. Адамдар күнделікті өмірде қолданған заты мен ішкен асының, киген киімінің қалдығын кез-келген жерге тастап жүре берсе, біздегі қоршаған ортаның хал-күйі нендей болмақ?
Сондықтан қоқысты жинап, төгетін және полигонда көметін арнайы мекеме бар. Алайда, атыраулықтарға қызмет ететін «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің қызметі сыннан көз ашпай келеді. Әсіресе, нөсер жауын мен боранда жұмыс еселенген шақта қаланы қар мен судан тазартуға қабілеті тартпай жатады. Оған қар қалың жауған биылғы қыстың өзі дәлел.
Комиссия мәжілісіне қатысқан «Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Бақтияр Хамидоллаев «Арнаулы автобазаның» жұмысын дамытуға қолданыстағы тарифтің төмендігі қолбайлау болып отырғанын айтты. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы Экологиялық Кодексінің 365-бабы, 4-тармағының 7-ші тармақшасына сәйкес, қатты тұрмыстық қалдықтардың тарифін бекіту жұмыстарын жүргізу мақсатында аталған қызмет түрінің тариф көлемі әр 6 жыл сайын түрлі инфляциялар мен девальвацияға байланысты қайта бекітіліп отыруы тиіс.
– Қолданыстағы тарифтер өте шығынды. Мұнда тауарлар, жұмыстар мен қызметтер бағасының жалпы деңгейінің артуы, басқа да экономикалық деректер ескерілмеген. Мекеменің өз қызметкерлеріне еңбекақы көтеру мүмкіндігі жоқ. Өзіне алған міндеттемелерді сапалы орындау үшін және жоғарыда көрсетілген себептер бойынша қоқысты шығару және қалдықтармен жұмыс шығынды емес тарифпен бекітілуі аталған мекемені дамытудың бірден-бір себебі, — деді ол.
Бақтияр Жексенбайұлы бүгінгі күні «Ерай Сервис» мамандандырылған мекемесімен қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы барлық шығындарды ескере отырып, есеп айырысуды жүргізгенін және жеке тұлғалар жайлы тұрғын үй тұрғындары үшін – 379,38 теңге, жайлы емес тұрғын үй тұрғындары үшін – 409,26 теңге (қосымша құн салығынсыз) тарифын ұсынғанын атап өтті. Сондай-ақ есептелген тарифке мынадай жеңілдіктер ұсынылып отырғанын мәлімдеді:
– Ұлы Отан соғысына қатысушыларға – 100% жеңілдік;
– Ұлы Отан соғысына катысушыларға теңестірілгендерге, көп балалы аналарға, I, II топтағы мүгедектерге – 50% жеңілдік;
– жасы бойынша зейнеткерлерге, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар – 25% жеңілдік.
Атап айтарлығы, ұсынылған тарифке республика Экологиялық кодексінің талаптарына сәйкес, қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және көму бағалары салынған. Айтуынша, мұндай тариф компанияның техникалық жағдайын жаңартуға, бөлек жинауға арналған қоқыс жәшіктерін сатып алуға, заманауи қоқыс алаңдарын жайластыруға, қызметкерлердің жалақысын арттыруға мүмкіндік береді. Тариф бұған дейін Атырау қалалық мәслихатының сессиясында бекітілген.
Қалдықты кәдеге жарату керек
Кейбір халық қалаулылары ұсынылған тарифке қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және көму бағалары салынғанына қарсылық білдірді. Өйткені бұған дейін де сұрыптау, қайта өңдеу жұмыстары тарифке енгізілгенімен іс жүзінде жүзеге аспаған.
– Қатты тұрмыстық қалдықты өңдеу, оны сұрыптау тарифтерге енгенімен барлық аудандарда, соның ішінде біздің Исатай ауданында бұл жұмыстар атқарылған жоқ. Тек тұрғындардан тұрмыстық қатты қалдықтарды жинайды, оны төгеді және көмеді. Қазір қоқыстарды қайта өңдеуге контейнерлер, қайта сұрыптауға құрылғылар алу секілді жұмыстар күн тәртібінде тұр. Селолық округтерде бұл жұмыстардың барлығы әкімдер мен ақылы қоғамдық қызметкерлер арқылы жүруде. Белгіленген мекемелер жоқ. Іс жүзінде жүзеге асып жатпағандықтан тарифті белгілеген кезде оның ішінде жоғарыда аталған жұмыстарды алып тастау керек деп есептеймін. Себебі қайта өңдеу, сұрыптау ісі енді ғана жолға қойылуда. Сұрыптау орталықтары енді жасақталуда. Аудандардағы полигондардың қоршаулары тозған. Сондықтан оны кері жаңарту, сұрыптау орталықтарын салу, оны іске қосу қажет деп санаймыз, — деді облыстық мәслихаттың депутаты Нұрлан Қайырденов.
Әлемнің дамыған елдерінде қоқыстың түрлерін бөліп жинау мәдениеті әлдеқашан қалыптасқан. Оған қатысты сұрақ туындамайды. Өйткені тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеуді үлкен табыс көзіне айналдырып үлгерген. Біздің елде биліктен бастап, әртүрлі ұйым, жекелеген экобелсенділер қарапайым тұрмыста ғана емес, ірі және орта бизнеске қоқысты бөлек жинау мәдениетін енгізуге тырысып жатса да, нәтиже бере қоймады.
Тұрақты комиссия мәжілісінде бизнес өкілдері тұрмыстық қалдықты қайта өңдеп, кәсіпті дамытуға, полигондар салуға құлықсыз екендігі туралы да айтылды. Оның басты себебінің бірі – мұндай бизнес өкілдерін қолдау, ынталандыру ісі қарастырылмаған. Аудандық бюджеттен кейбір жобалар қаржыландырылып отырғанымен жеке инвесторлардың кәсібін дөңгеленту жағы кемшін. Ал оның ақыры тарифтің мәселесіне әкеп тіреуде. Бұл жөнінде депутаттар ұсыныс-пікірлерін айтып, тақырып төңірегіндегі басты мәселелерге тоқталды.
Сұрыптау кешені салынады
«Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК» АҚ-ның деректеріне сүйенген облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Қалиева аймақта рұқсатсыз қалдықтар (стихиялық қоқыс) орналастырылған 99 орынның анықталғанын мәлім етті. Рұқсатсыз қоқыс орындарының басым көпшілігі Атырау мен Құлсары қалаларынан анықталған. Қазір қоқыстарды тазалау жұмыстары жалғасуда.
– «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы негізінде елде қалдықтарды өндеу үлесін 2030 жылы – 40%, 2050 жылы – 50%-ға жеткізу, қатты тұрмыстық қалдық полигондарының 95%-ын экологиялық талаптар мен санитарлық қағидаларға сәйкестендіру көзделген. Атырау қаласының сол жақ бөлігінен жеке инвесторды тарта отырып, ҚТҚ сұрыптап, қайта өңдеу кешені құрылысын салу үшін «Промэкология» ЖШС-не 30 гектар жер телімі бөлінді. Инвестиция көлемі – 1 миллиард теңге. Кешен құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымды жобалауға қажетті техникалық шарттар алынды. Жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптамаға жолданды, оң корытындысы алынғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады. Нысанды іске қосу келер жылдың соңына жоспарланған, — деді ол.
Оның айтуынша, қазір ҚТҚ-ны сұрыптаумен тек Атырау каласында «Арнаулы автобаза» ЖШС мен Жылыой ауданында «Эко Қала XXI» ЖШС айналысады.
Түйін:
Қоқыс – атыраулықтарды ғана емес, бүкіл әлемді мазалаған күрделі проблема. Ал мамандар адам баласының шаруашылықтағы кез-келген әрекетінен шыққан әртүрлі қалдықтар биосфераны ластайтынын, ол жанған кезде атмосфераға өте көп улы зат бөлініп, тыныс алу жүйесі аурулары мен иммундық жүйелердің ауытқуларына әкелетінін айтып алаңдаулы.
Комиссия отырысында биыл мұнайлы астанада 100 қоқыс контейнері қойылатыны айтылды. Атырауда тұрмыстық қалдықтарды тастайтын жер тұрғындарға қолжетімді екенін жоққа шығармаймыз. Мұндай алаңдар шаһарда кез-келген тұрғын үйдің тұсында бар. Ендігі мәселе – оны қайта өңдеп, кәдеге жарар дүние жасау. Сондықтан оның төңірегіндегі мәселеге мән берер кез келді. Әйтпегенде, халық саны жыл санап көбейіп жатқан қалада қоқыстардың тау болып үйілмесіне кім кепіл?..
Мәлике ҚУАНЫШЕВА