Жарнама
Қоғам

Қоғамның қозғаушы күші

Саяси партиялар демократиялық қоғамның маңызды бөлігі болып табылады. Олар елдің саяси өмірінде ерекше роль атқарып, өздерінің көзқарастары мен мүдделерін қорғай отырып, мемлекеттік биліктің қалыптасуына ықпал етеді. Сонымен қатар саяси плюрализмнің орны мен маңызы, түрлі партиялардың ықпалы мен әрекеттері, олардың қоғамдағы саяси ойларды өрістетуі мен демократияның дамуына қосқан үлесі зор. Жуырда өңірдегі партиялар филиалдарының басшыларымен сөйлесіп, пікірлерін білген едік.

– Қазақстандағы саяси партиялардың өзара бәсекелестігі мен ынтымақтастығы қалай үйлеседі? Бұл демократияға қалай әсер етеді?

– Саяси партиялар мен азаматтық қоғамның байланысы қандай болуы керек? Партиялар қоғамдық пікірді қалай ескереді? 

– Саяси плюрализмнің қоғамдағы орны мен маңызы қандай? Партиялар арасындағы плюрализмнің артықшылықтары мен кемшіліктері туралы не айта аласыз?

– Қосымша құн салығының көтерілуі қызу талқыға түсіп жатыр. Бұл туралы сіздің пікіріңізді білсек деп едік.

Ермекқали ЮСУПОВ,

«Ақ жол» ҚДП Атырау облыстық филиалының төрағасы:

«Теңгерімді шешім қабылдануы қажет»

1. Орынды сұрақ. Бүгінде Қазақстанда саяси партиялардың саны өсіп келеді. Олардың ынтымақтастығы жақсы жолға қойылып, бәсекелестігі артуда. Оны біздің облыстың өмірінен де байқауға болады. Бұрын Парламентте 3 партия болсақ, қазір қатарымыз көбейді.

Қоғамда демократияны тереңдету мен пікір қарама-қайшылығына жол ашылуда. Өткір дебаттар, пікір алмасулар жиі өткізіледі. Біздер өңірдің барлық партия филиалдарымен қоян-қолтық араласып, олармен түрлі шараларды бірлесе ұйымдастырамыз. Оны жуырдағы Халықаралық сайлау күніне байланысты өткізген дөңгелек үстелден де аңғаруға болады.

2. Бәріміздікі ортақ шаруа ғой, сондықтан әркез тығыз байланыстамыз. Елдегі оң өзгерістерді тереңдетуде біз қоғамдық пікірге сүйенеміз. Мұнда азаматтық қоғамның пікірі міндетті түрде ескеріледі. Олардың өтініштеріне қолдау жасап, барынша партия тарапынан жүзеге асуына көмектесеміз.

3. Саяси плюрализм аса қажет әрі маңызды. Мұны партиялар айналып өте алмайды. Пікір қайшылығы алдағы жұмыстарымызды да жүзеге асыруға көп ықпал етеді. Дұрыс бағыт белгілеуге, оң шешім табуға көмектеседі. Елдік мүдделерді алға шығарады. Бірлік пен ынтымақтастықты қалыптастырады. Жалпы қоғам болғаннан соң кемшіліксіз де болмайды. Айтқан пікірлердің шешілу жолдарын көрсету керек. Сонда ғана ол жемісін береді.

Әрине, әр партия өз бағдарламаларында белгіленген бағыттарды көздейді. Сол үдеден табылуға жұмыс жасап келеді. Біздің саяси күш констративтік оппозиция болып табылады. Оны Парламенттегі партия фракциясының сауалдарынан аңғарып жүрсіздер ғой. Біздер көтерген мәселелер де елдік мүддеден туындайды. Ортақ пікір қалыптастырып, Мемлекет басшысының айналасына топтасып, тәуелсіз мемлекеттің экономикалық-әлеуметтік мәселелерін шешуді көздейді. Бірақ көтерген мәселелерімізді Үкімет қолдап, шешуге ұмтылып жүр. Бұл да біз үшін үлкен жетістік деп есептейміз. Халық ойынан шығу – басты мақсатымыз болып табылады.

Өңірдегі белсенді топтармен тығыз байланыс орнатылған. Қазір бізді қолдайтын электорат басым. Ол үшін қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз. Партия беделі мен тиімділігі күн санап артып келеді. Кездесулер, пікірлер алмасуларды жоғары деңгейде ұйымдастырып жүр. Мұнда қолдан келетін барлық әдістер жіті ойластырылуда. Алда да осы бағыттағы жұмыстар өркен жая береді.

4. Қазақстанда қосымша құн салығы (ҚҚС) мөлшерін көтеру мәселесі қазіргі уақытта қызу талқыланып жатыр. Бұл өзгеріс бюджеттің тапшылығын жою мақсатында ұсынылды. Алайда сарапшылар мен кәсіпкерлер арасында оның экономика мен халық тұрмысына әсері жөнінде әртүрлі пікірлер бар.

Экономистердің пікірінше, ҚҚС-тың көтерілуі тұтынушылық сұраныстың төмендеуіне әкеліп, тауарлар мен қызметтердің бағасын қымбаттатуы мүмкін. Әсіресе, бұл өзгеріс әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне, коммуналдық қызметтер мен дәрі-дәрмектерге әсер етіп, инфляцияның одан әрі артуына себепші болуы мүмкін. Сонымен қатар халықтың сатып алу қабілеті төмендеп, экономиканың өсу қарқыны баяулауы ықтимал.

Шағын және орта бизнестің өкілдері де бұл өзгерістерге алаңдауда. Олар ҚҚС мөлшерінің көтерілуі бағаның қымбаттауына және халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуіне әкелетінін айтып отыр. Бұл әсіресе әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін ауыр болуы мүмкін.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ҚҚС мөлшерін көтеру мәселесін қайта қарауды тапсырды. Ол салық мөлшерін біртіндеп көтеруді және бұл шешімдерді нақты есептеулер негізінде қабылдауды ұсынды.

ҚҚС мөлшерін көтеру мәселесі экономика мен халықтың тұрмыс деңгейіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Сарапшылар мен кәсіпкерлердің пікірлері ескеріліп, теңгерімді шешім қабылдануы қажет.

Балжан ДОСМҰХАМБЕТОВА,

Қазақстан Халық партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы:

Пікірдің ескерілуі маңызды

1. Қазақстандағы саяси партиялардың бәсекелестігі мен ынтымақтастығы демократияның дамуына түрлі ықпал етеді. Бәсекелестік элементі демократияның негізгі қағидаларына сәйкес келеді, себебі адамдар әртүрлі партиялар арасынан таңдау жасауға мүмкіндік алады. Бұл сайлау процесінде партиялар өз бағдарламаларын халыққа ұсынады, ал сайлаушылар өз таңдауларын жасайды.

Алайда партиялар арасындағы ынтымақтастық та демократияны нығайту үшін маңызды рөл атқарады. Егер саяси күштер бір-бірімен ынтымақтасып, ортақ мақсаттарға жұмыс істесе, онда саясатты жүзеге асыру тиімді және халықтың қажеттіліктеріне жауап беретін болады.

Бір сөзбен айтқанда, еліміздегі саяси партиялар арасындағы бәсекелестік пен ынтымақтастықтың өзара үйлесуі демократияның дамуына үлкен ықпал етеді. Бәсекелестік азаматтарға саяси таңдау жасау мүмкіндігін берсе, ынтымақтастық саяси тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Алайда толыққанды демократия үшін партиялардың бәсекелестігін күшейту және саяси плюрализмді дамыту маңызды. Осылайша саяси партиялар өзара бәсекелесіп, сол арқылы қоғамның әртүрлі мүдделерін ескере отырып тиімді саясат жүргізе алады.

2. Саяси партиялар мен азаматтық қоғам арасындағы байланыс – демократиялық процестердің негізі. Азаматтық қоғамның әр мүшесі, ұйымдары, түрлі қозғалыстары мен бірлестіктері өздерінің мүдделерін білдіріп, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтереді. Партиялар осы мәселелерді ескере отырып, халықтың сұранысына жауап беретін бағдарламалар ұсынады. Бұл байланыс қоғамның саяси процестерге белсенді қатысуына және нақты қажеттіліктерінің ескеріліп, шешімдер қабылдау кезінде оның пікірінің маңызды рөл атқаруына мүмкіндік береді.

Қоғамдық пікірді ескеру – партиялар үшін өте маңызды. Егер саяси күштер өз бағдарламасын қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес жасамаса, оның электораты қысқарып, саяси қолдауы азаяды. Сондықтан әр партия қоғамдық пікірді тыңдап, оның ұсыныстарын назарға алуы керек. Қазақстан Халық партиясы облыстық филиалы ретінде біз халықтың үнін ести отырып, олардың тұрмыс деңгейін жақсартуға бағытталған нақты қадамдар ұсынамыз. Мысалы, біздің партия өңірлердегі әлеуметтік мәселелер мен инфрақұрылымның жетіспеушілігін назарға алып, оларды шешу үшін нақты ұсыныстар жасайды.

Қоғамдық пікірді ескеру үшін партиялар түрлі тәсілдермен жұмыс істейді. Біріншіден, халықпен тікелей байланыс орнату өте маңызды. Қазақстан Халық партиясы облыстық филиалы осы бағытта түрлі іс-шаралар өткізіп, жергілікті тұрғындармен кездесулер ұйымдастырады. Мұндай басқосуларда біз жұртшылықтың пікірлерін тыңдаймыз, оларды алаңдатқан мәселелерді талқылаймыз және осы ақпаратты өз бағдарламаларымызға енгіземіз.

Екіншіден, партиялар әлеуметтік желілер мен қоғамдық пікірді зерттеу арқылы да халықтың көзқарасын біле алады. Қазіргі уақытта интернет кеңістігі өте маңызды алаңға айналды. Біз осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, қоғамның түрлі топтарымен пікір алмасып, олардың сұраныстарын ескере отырып, саяси шешімдер қабылдаймыз.

3. Қазақстан үшін саяси плюрализмнің маңызы өте зор. Себебі ол халықтың әртүрлі топтарының мүдделерін білдіріп, әр адамның саяси қатысу құқығын қамтамасыз етеді.

Саяси плюрализм партиялардың өздерінің бағдарламаларын халыққа ұсынуына мүмкіндік береді. Әр партия өз идеологиясын жүзеге асырып, қоғамдағы әртүрлі топтардың мүдделерін білдіре алады. Бұл азаматтарға кең таңдау мүмкіндігін береді. Партиялар арасындағы бәсекелестік саяси процестердің тиімділігін арттырады. Әрбір партия өз бағдарламасын ұсынғанда, олар бір-бірімен салыстырып, ең тиімді шешімдерді іздеуге ұмтылады. Бұл халық үшін пайдаға қызмет етеді. Партиялар арасындағы плюрализм халықтың түрлі қажеттіліктерін ескеріп, барлық мүдделерді теңгеруге көмектеседі. Саяси тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді. Өйткені әртүрлі топтар өздеріне қажетті шешімдер табады.

Саяси плюрализм демократияның дамуында маңызды рөл атқарады. Партиялар арасындағы бәсекелестік пен көптүрлілік халықтың мүдделерін қорғай отырып, саяси шешімдерді тиімді қабылдауға көмектеседі. Алайда плюрализмнің кемшіліктері де бар, сондықтан қоғамдағы тұрақтылық пен келісімге жету үшін партиялар арасында жауапкершілік пен ортақ мақсат болуы қажет. Қоғамдық диалог, келісім және саяси мәдениет саяси плюрализмнің тиімді жұмыс істеуіне ықпал ететін негізгі факторлар болып табылады.

4. Қазақстанда қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшерін көтеру ұсынысы экономикалық ортада кеңінен талқылануда. Бұл шара бюджеттік тапшылықты жабу мақсатында қабылданғанымен, оның экономикаға және халық тұрмысына әсері туралы әртүрлі пікірлер бар. Сарапшылар мен кәсіпкерлер бұл өзгерістің қоғамға қандай зардабы тиетінін және оның тиімділігін бағалап жатыр.

ҚҚС – бұл тауарлар мен қызметтерге салынатын салық, оны өндірушілер тұтынушылардан жинайды және мемлекетке төлейді. Оның мөлшерін арттыру – Үкімет үшін оңай жол болып көрінгенімен, бұл шешімнің ауқымды салдары болуы мүмкін. Қазіргі кезде салық мөлшерінің көтерілуі экономикадағы баға деңгейіне, инфляцияға және халықтың тұрмыс жағдайына әсер етуі ықтимал.

Экономикаға әсеріне тоқталар болсақ, ҚҚС мөлшерін көтеру тауарлар мен қызметтердің бағасын қымбаттатуы мүмкін. Бұл әсіресе азық-түлік, коммуналдық қызметтер мен дәрі-дәрмек сынды халық үшін маңызды өнімдерге тікелей әсер етеді. Сарапшылардың айтуынша, инфляцияның өсуі экономиканың өсу қарқынының баяулауына алып келеді. Тұтынушылардың сатып алу қабілетінің төмендеуі де экономикаға теріс әсер етеді деген болжам бар.

Әлеуметтік тұрғыдан да ықпалы болмақ. Шағын және орта бизнес өкілдері ҚҚС мөлшерінің көтерілуі қаржылық жағдайына қиындық туғызады деп алаңдаулы. Олардың айтуынша, салықтың көтерілуі тауарлар мен қызметтердің бағасын қымбаттатып, халықтың сатып алу қабілетін төмендетеді. Бұл әсіресе табысы төмен топтар үшін ауыртпалық болатыны анық.

Кәсіпкерлік сектордың алаңдаушылығы да орынды.  Кәсіпкерлер үшін ҚҚС-тың көтерілуі қосымша шығындарға әкеліп, олардың бизнесін жүргізу шарттарын қиындатуы мүмкін. Шағын кәсіпорындардың көпшілігі бағаны көтеру арқылы бұл шығындарды жабуға ұмтылса да, бұл шара ұзақ мерзімді перспективада тұтынушылардың сұранысын төмендетуі ықтимал. Мұның бәрі экономикадағы жалпы тұрақсыздықты арттыруы мүмкін.

Қосымша құн салығын көтеру мәселесі бойынша Президент Үкіметке нақты есептеулер жүргізіп, салық мөлшерін саралап белгілеуді, мәселені қайта пысықтауды тапсырды. шақырды. Бұл мемлекетке кірісті арттырудың басқа баламалы жолдарын қарастыруды білдіреді.

Одан соң қосымша құн салығының көтерілуі бюджет тапшылығын жою ғана емес, сонымен қатар экономика мен халықтың әлеуметтік жағдайына әсер ететін маңызды қадам. ҚҚС мөлшерін көтерудің әсері көп жағдайда қоғамның әл-ауқатына теріс ықпал етіп, инфляцияны арттыруы мүмкін. Сондықтан салық мөлшерін өзгерту мәселесі жан-жақты зерттеліп, ескірген әдістерден аулақ болып, теңгерімді шешім қабылдау қажет.

Салық реформаларының тиімділігі мен әділдігі әрқашан қоғамның қызығушылығына сай болуы тиіс.

Жазып алған Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button