Жарнама
Қоғам

Қоғамдық қауіпсіздік пен әлеуметтік әділеттілік бағытындағы нақты қадамдар байқалады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жолғы мәлімдемесінде еліміздің әлеуметтік қауіпсіздігіне, отбасы институтын қорғауға басымдық беріліп отырғаны анық байқалады.

Ең алдымен, отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес мәселесіне тоқталған жөн. Соңғы жылдары бұл тақырып қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырып келгені рас. Президенттің айтуынша, заңнамалық тұрғыда жасалған қатаң шаралар өз нәтижесін бере бастаған. Отбасылық-тұрмыстық қылмыстың 30 пайызға төмендеуі — бұл саладағы құқықтық және қоғамдық тетіктердің дұрыс жұмыс істей бастағанының белгісі. Алайда, бұл мәселенің түбегейлі шешімі тек жазамен емес, қоғамдық сана мен мәдениет деңгейінің өзгеруіне байланысты екенін де Президент айқын айтып отыр.

Сонымен қатар, «Қазақстан балалары» атты жаңа бағдарламаның әзірленуі — балалар құқығын қорғауға бағытталған институционалдық қадамдардың маңызды жалғасы болмақ. Бұл құжаттың мазмұны мен іске асырылуы алдағы кезеңде қоғам тарапынан үлкен назарда болатыны сөзсіз.

Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес те — қоғам үшін аса өзекті. Президент атап өткендей, жастар арасында есірткіге үйірлік белең алып отыр. Бұл — шұғыл шешімді талап ететін ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер. Биылдың өзінде 83 есірткі зертханасының жойылуы, айналымнан алынған заттардың 84 пайызға артуы — бұл бағыттағы жүйелі жұмыстың нақты көрсеткіші. Алайда мұндай көрсеткіштермен қатар, алдын алу шараларын күшейту, әсіресе жастар арасындағы түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын ұмытпаған жөн.

Жалпы, Президенттің бұл мәлімдемесінде қоғамдағы өзекті әлеуметтік, құқықтық мәселелер нақты деректермен негізделіп, шешу жолдары айқын көрсетілген. Ендігі міндет — бұл бастамалардың тиімді жүзеге асуын қамтамасыз ету. Ол үшін тек мемлекеттік органдар ғана емес, бүкіл қоғамның белсенді қатысуы қажет.

Зәмзагүл ЖАЛМУРЗИНА,

Атырау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button