Жарнама
Қоғам

Қоғамдық көлік: Ынта болса, іс оңғарылар

Жуырда редакцияға қала маңындағы Құрсай ауылының тұрғындары ауылдан «Дина» базарына дейін қатынайтын №5 автобустың қызметі көңіл көншітпейтінін айтып шағымданды. Олар өз өтініштеріне құлақ асып, мәселенің оң шешілуіне ықпал етуді өтінген соң жауапты мекемелерге хабарласып, мәселенің мән-жайын анықтауға тырыстық.

Көшені кеңейте ме, әлде көшеміз бе?

Баршаға аян, бұл мәселе мемлекет тарапынан да жиі көтеріліп, жолаушылар тасымалының сапасы мен жайлылығын үнемі жетілдіру қажеттігіне назар аударылып келе жатыр. Десе де тұрғындар жергілікті атқарушы орган өкілдерінің бұған назар аудармай отырғанына қапалы.

Тұрғындардың өтініштеріне назар салсақ, Құрсайдан қатынайтын көліктің салоны өте тар, санаулы орны бар шағын автобус екен. Әсіресе, таңертең және кешкілік қысылып-қымтырылып, аяқтың ұшымен тұруға мәжбүр. Соңғы уақытта қала бойынша жолаушылар тасымалдайтын көліктердің көпшілігі үлкен автобусқа жаңартылып жатқанда, дәл осы №5 автобусқа тұрақты мінетін Құрсай, Перетаска ауылдарының жолаушылары тар көліктерге тәуелді.

Мұның жай-жапсарын қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінен білсек, аталған аумақтағы көшелерден ұзын автобустар еркін қозғала алмайтын көрінеді. Оны тұрғындарға жауапты бөлім қызметкерлері бірнеше мәрте түсіндіріпті.

Ал тұрғындар болса, №5 автобус ауылдың ішіне кіріп, шағын көшелермен жүретіндіктен кейбір көше жолдарын кеңейту туралы мәселеден хабардар.

– Енді мұң-мұқтажымыз ескеріліп, жергілікті билік тарапынан құр сөз күйінде қалып қоймай, оңды шешімін тапса деген үміттеміз. Таңертеңгі, түскі және кешкі қауырт мезгілдерде мектеп оқушылары, студенттерді айтпағанда, жұмысқа баратыны-бармайтыны бар, қарапайым халық иін тірескен көлікке отыруға таласып, біріне сыймай қалса, келесісін күтуге тура келеді. Автобус өте тар, адамның қозғалуына қолайсыз, оның үстіне өте ескі, орындықтары қисайып, әбден кірлеген. Таксимен жүруге бағасы қымбат. Соның кесірінен қыста панасы, жазда саясы жоқ, жаңбыр жауса кірерге тесік таппай қалатын, «аялдама» деген аты ғана бар белгінің тұсында сарылып тұруға мәжбүрміз, — дейді ашынған тұрғындар.

Мұндай шағымды Telegram желісіндегі 26 мыңнан астам жазылушысы бар Атырау облысы әкімдігінің парақшасынан да жиі кездестіруге болады. Демек мәселенің көптен бері қордаланғаны аңғарылады. Осы бағыттағы тасымал көліктерінен басқа да автобустарға жолаушылардың өкпе-реніші көп. Мәселен, жолаушылар кейбір жүргізушілердің қатты жылдамдықпен жүріп, дөрекі сөйлейтінін де айтып жүр.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бас маманы Жадыра Сәндібекова қоғамдық көліктерге қатысты мәселе де, сұрақ та көп екенін айтады.

– Құрсайда жолдың тарлығынан айналып өту, бұрылу секілді жедел әрекет жасау автобусқа қиындық туғызып отыр. Кейде көлік тоқтап, жолаушыларды түсіріп жатқан кезде қарама-қарсы бағыттан көлік шығып қалады. Әйтпесе келісімшартқа сәйкес күніне «Дина базары – Құрсай ауылы» бағытына 7-8 автобус қатынайды, — деді бас маман.

Инвестор үйлестірсе игі

Мақаланы әзірлеу барысында автобустардың жүру аралығы сақталмайтыны, көліктердің тазалығына қатысты тұрғындар тарапынан сын көп айтылатынын байқадық. Бас маман Ж.Сәндібекованың айтуынша, бүгінде қаланың аумағы кеңейіп, жаңа шағынаудандар көбейіп жатыр. Сол себепті қалаға кем дегенде 100 автобус керек екен. Ал бұған қаладағы 5 автопарктың шамасы жетпей отыр.

– «Авангард – Балықшы» бағытында қатынайтын №12 автобусқа үкіметтен қаражат бөлінбейді. Шығыны көп автобус болғандықтан, автопарктің бұған қаржылық мүмкіндігі жетер емес. Ал, Атырау қаласында өз автобусы бар автопарк жоқ. Сондықтан қалаға инвесторлар шақырып отырмыз. Автобустары бар, жұмыс істеуге дайын компания болса, бірлесіп жұмыс істеуге қарсы емеспіз. Қызығушылық білдіріп жатқан компаниялар бар, бірақ оларға қойылатын талап та көп. Сол себепті кез келген компания қатыса алмайды, — деді қалалық бөлімнің бас маманы.

Автобуста «қояндар» көп

Қазір халық жолақы төлемін «Smart Qala» картасы арқылы төлеуге кәдімгідей төселген. Әйтсе де жолаушылардың арасында «қояндар» да көп кездесетін көрінеді. Талап бойынша оқушылар, көпбалалы аналар, студенттер мен ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар қоғамдық көлікте тиісті құжатын көрсету арқылы тегін жүре алады. Алайда сол санаттағы азаматтар тегін болса да, картасын валидатор құрылғысына «соғып», төлемді нақтылауы қажет екен. Сол арқылы жолаушылар ағынына талдау жасалады.

Мамандар арнайы мекемелер тексеру жүргізбеген күндері қоғамдық көліктерден қала бойынша 2-3 миллион теңгедей табыс түссе, желіге контролер шыққан күнгі түсім 5-6 миллион теңгеден асатын көрінеді. Кейде жолақысын төлемесе де, тексеруші мамандармен дауласып жататын жолаушыларды көріп жүрміз. Бүгінде осыған қатысты қалалық әкімдік, полиция басқармасы, сондай-ақ «Smart Qala» ЖШС арасында үшжақты меморандум жасалып жатқанын да білдік.

Тәртіп тазалықтан басталады

Кейде тұрғындар тарапынан автобустың тазалығына да наразылық айтылады. Бірақ талапқа сәйкес әрбір соңғы аялдамадағы кідіріс кезінде көліктер сүртіліп, тазаланады екен.

– Талап солай ғой. Бірақ Атыраудағы жағдай өздеріңізге белгілі, балшық болған күндері тазалап үлгере алмайды. Оның үстіне қазір жолаушылар автобустың алдынан мінгізіп, ортасынан түсіргенге де сөйлеп жатады. Қаладағы №14 автобуста ғана кондуктор бар. Басқа бағыттарға қатынайтын автобустарда кондуктор жоқ. Сондықтан жолаушылар алдыңғы есіктен кіріп, орта есіктен шығады. Мұндай жағдай басқа аймақтарда әбден қалыптасқан. Бізде бұған енді ғана үйреніп, төселіп келе жатыр. Бұл жолаушылардың еркін мініп-түсуіне де ыңғайлы ғой, — деді Жадыра Абылайқызы.

Автобустың жүргізушілері мен кондукторларға қатысты жолаушылар тарапынан шағым көп. Бірақ олар да жүгенсіз кетіп жатқан жоқ, өйткені бейнебақылау арқылы автобустағы келіспеушілік неден басталғаны зерделеніп, өрескел тәртіп бұзылса тиісті шаралар қабылданады. Тіпті көлік жүргізушісін сол үшін жұмыстан шығарып жіберген жағдайлар да болған.

– Тәртіп бұзған жүргізушілердің жалақысына заң бойынша ешкім айыппұл сала алмайды. Тек автопарк басшылығы тарапынан сөгіс жариялап, сыйақысы кесілуі мүмкін. Жолаушылардан шағым болса, оқиға болған күнді нақтылап, сосын жүргізушімен бетпе-бет отырып, мән-жайды анықтаймыз. Барлық автопаркте медицина қызметкері көлік жүргізушілерін күн сайын рейске шығар алдында тексеруден өткізеді. Автопарк тарапынан түсіндірме жұмыстары жүргізіледі, — деді бас маман.

Кешіккен жалақының жайы

Қоғамдық көлікке қатысты мәселе көтерілсе жүргізушілердің жалақысы туралы да сөз болатынын байқап жүрміз. Аты-жөнін атамауды өтінген сондай жүргізушілердің бірі жарты жылдан бері жалақысының толық берілмей келе жатқанын, берсе де бірнеше бөліп аударатынын айтты. Жүргізушілердің көпшілігі зейнет жасында болған соң шағымданып, құқықтарын қорғауға тартынады екен.

Мұның себебін түсіндіруге қалалық бөлімнің бас маманы Жадыра Абылайқызы асықпады. Дегенмен зейнетақы төлемдері, қосылған құн салығы, табыс салығын шегергенде, көлік жүргізушілерінің жалақысы 400 мың теңгеден басталатынын айтты. Егер жексенбі күндері немесе межесінен артық жұмыс істесе, жүргізушіге қосымша еңбекақы, оған қоса сыйақы да төленетінін түсіндірді.

Қуантарлығы сол, былтыр қалаға 30-ға жуық автобус әкелінген.

– Бұрын «Ақжайық автопаркі» ЖШС Ақтау қаласындағы барлық Ankai маркалы автобустарын қайтарып алып, бүгінде Атырау қаласындағы жолаушы тасымалына қосылды. Қала маңындағы ауылдарға қатынайтын автобус та жеткілікті. Кейбірінің бағыттары өзгертілді. Жүргізушілер жалақының аздығына өкпе айтатын, былтыр оның да шешімі табылып, жалақылары өсті. Аялдамалар салынып, көлік тоқтауға арналған арнайы жол бөліктері пайдалануға беріліп, жол белгілері қойылды. Биыл да көзделген жоспар көп, — деді бас маман.

«Бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайды» демекші, қазбалай берсе бұл салада жасалған іс те, кем-кетігі де баршылық. Жағдай жақсарған сайын тұрғындар тарапынан қоғамдық көлік қызметіне байланысты арыз-шағым көбейіп тұр. Әрине, оның ортақ шешімін табу – басты талап. Тек осы мақсатта жауапты мамандарға тұрғындар көмектесіп бақылауды үдете түссе, жағдайдың қалпына келетіні сөзсіз.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button