
Қоғамдық бақылау: Жаңа білім, жаңа көзқарас
Атырау қаласында азаматтық қоғам өкілдеріне арналған семинар-тренингтер басталды. Іс-шара облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «4 билік» Атырау журналистер одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтіп жатыр.

«IT HUB NORSEC»-тің конференц-залында ұйымдастырылған семинар «Қоғам дауысы» жобасы аясында өткізіліп отыр. Басты мақсат — азаматтық-құқықтық сананы қалыптастыру, қоғамдық бақылау мәдениетін дамыту және мемлекет пен қоғам белсенділері арасындағы өзара іс-қимылды нығайту.
Үкіметтік емес ұйым өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, журналистер мен өңірдің белсенді азаматтары қатысқан іс-шарада республикалық және өңірлік сарапшылармен ашық пікір алмасып, тәжірибе жинауға мүмкіндік туды.

Семинардың бірінші күні «BasQaru» қоғамдық қорының төрағасы, сарапшы Марғұлан Ермағанбетұлы қатысып, «Қоғамдық бақылау туралы» заң нормаларын түсіндірді. Сонымен қатар әлеуметтік зерттеу жүргізу әдістерімен бөлісіп, қатысушылармен сұхбат алаңын құрды.
Семинар-тренингтер 26 тамызға дейін жалғасады. Бағдарлама аясында азаматтық қоғам өкілдерін шешім қабылдау процесіне тарту, тіл мәдениеті және көпшілік алдында сөйлеу, қоғамдық кеңестер мен ҮЕҰ-ның қоғамдық бақылаудағы рөлі жан-жақты баяндалады.

Бұл жоба арқылы қатысушылар қоғамдық белсенділігін арттырып, шешім қабылдау процестеріне тиімді қатысу жолдарын меңгеретін болады.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ