Қажеттіліктен туған шара

photo 107001 Қоғам

Санаулы күндерден кейін елімізде жанар-жағар май мен дизель отынының бағасы өсетін болды. Әрине, мұндай жаңалықты жұртшылық жылы қабылдай қоймасы анық. Десек те, Үкімет бұл шараны елдегі тапшылықтың алдын алу үшін жасаған қадамы екенін түсінуіміз керек.

Иә, ғасыр бойы жеті қат жер астынан өндіріп отырған «қара алтын» қоры да өзге табиғи ресурстар секілді таусылатыны белгілі. Сөйтіп, жарыққа да, су да, газ да сарқылып, тапшылық пайда бола бастайды. Айталық, әлем бой түзеген Еуропа елдерінде қазір жылу мен жарық қымбат. Себебі, мыңдаған жылдар бойы адамзатты қажетті ресурстармен қамтамасыз етіп тұрған табиғаттың «сыйы» азайып жатыр. Біздің елде 2025 жылға қарай газ тапшылығы болатынын сала мамандары ескерткен болатын.

Газ қоры бойынша Қазақстан дүниежүзінде 22 орында, ал ТМД елдері арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейін үшінші орында. Демек, табиғи газдың экономикада маңызы зор. Ел ішінде газ тұтыну тұрақты түрде өсіп келеді. Энергетика министрлігінің мәлметінше, былтыр дизель отынын шығару бойынша рекордты көрсеткіш 5,2 млн.тоннаға жетсе де, бүгінде әлі бірқатар өңірде дизельге тапшылық байқалады. Ал, 350 мың тонна көлеміндегі дефицитті қымбат импорттық отынмен жабуға мәжбүр. Мәселен, көрші елде дизель бағасы орташа есеппен литріне 345 теңге, біздегі нарық бағасынан 45 пайызға қымбат. Қырғызстандағы баға 64 пайызға жоғары, яғни литріне 390 теңге, Өзбекстандағы баға бізбен салыстырғанда екі есеге қымбат.

Оның үстіне, көрші елдерде баға күрт көтеріліп кеткен кезде біз дизель өндіру көлемін арттырғанымызбен, күз айларында тапшылықты қайта сезініп отырмыз. ҚР Энергетика министрлігі мәлім еткенде, бұл жағдай сақтала берсе онсыз да шетел асып отырған қазақстандық отынның көлемі арта түсіп, биылдың өзінде 850 мың тонна дефицитке тап болуымыз мүмкін. Нақтырақ айтқанда, біз бүгінде мұнай өнімдерінің елден жаппай шығарылуын азайтып, ішкі нарықты қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе.

Тағы бір атап өтер жайт, соңғы жылдары сала мамандары елдегі «қара алтын» қоры да азайып келе жатқанын ашық айтты. Қазір геологтар кен орындарынан мұнайды тереңдетіп өндіру мәселесін жиі қозғап жүр. Сондықтан, ішкі нарықтағы жағдайды тұрақтандыру үшін бағаны өсіру қажеттіліктен туып отырғанын естен шығармағанымыз жөн.

Рысты САБИРОВА,

Х. Досмұхамедов атындағы

Атырау университеті Экономика және құқық факультетінің

Экономика кафедрасының меңгерушісі,

экономика ғылымдарының кандидаты, профессор

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз