Қазақстанның инновациялық болашағы зор
Қазақстанда Халықаралық жасанды интеллект орталығының ашылуы және «KazLLM» сияқты жобалардың іске асырылуы еліміздің технологиялық әлеуетін жаңа деңгейге көтереді деп сенемін.
Қазақстанда жасанды интеллектті дамыту тек IT саласы үшін ғана емес, робототехника сияқты озық бағыттардың дамуына да серпін береді. Себебі жасанды интеллект – робототехниканың «миы» іспеттес, ал робототехника оның нақты қолданбалы формасына айналады. Ал бұл екі бағытты біріктіру ауыл шаруашылығы, өндіріс, денсаулық сақтау және білім беру салаларында жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз.
Бүгінде жастардың жасанды интеллектке қызығушылығы ерекше байқалады. Олар осы технологияның артықшылықтарын робототехника саласында тиімді пайдалануда. Бұл бағытта Атырау қаласындағы «Teren Oi» дамыту орталығы белсенді жұмыс жасап келеді, жуырда ғана орталықтың он жылдығын атап өттік. Осынау уақыт аралығында аймақтағы оқушылар арасында жасанды интеллект пен робототехника арқылы айтарлықтай жетістіктерге жетіп жүргендер аз емес.
Мәселен, жуырда ғана мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтуға арналған құрылғы ойлап тапқан APEC Petrotechnic жоғары колледжінің студенті Дәмеля Жалғас пен Ж.Досмұхамбетов атындағы лицейдің оқушысы Әмина Таңаттың жобасын айрықша атауға болады. Олардың жұмыстары «KazRobotics» республикалық чемпионатында үшінші орынға ие болды.
Өздерінің өнертабыстарына қызығушылық танытып отырған жас таланттар Атырау облысындағы оңалту орталықтарымен бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар JOO High school-дың 10-сынып оқушысы Нұрсұлтан Қалымжан, Д.Қонаев атындағы Binom мектебінің 9-сынып оқушысы Парасат Сакишев және Ж.Досмұхамедов атындағы мамандандырылған мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Ануар Әмірбек жапондардың ұлттық күресін қайталайтын робот ойлап тапты. Оқушылардың туындысы KazRoboSport додасында 2023-2024 жылдары кіші сумо категориясында жеңімпаз атанғаны – үлкен жетістік.
Жалпы қазір Атырауда «Теңізшевройл» ЖШС-нің әлеуметтік-инвестициялық бағдарламасы аясында «JasUP» жобасы белсенді жұмыс жасауда. Мұнда өткен жылы 44 шеберлік сағаты, 8 ғылыми-техникалық жарыс және 6 бағытта 4 лек курс өткізілді. Жоба шеңберінде барлығы 3000-нан астам жас қамтылды. Бұл көрсеткіш өңірде технологиялық білімге деген сұраныстың артқанын көрсетеді.
Сондықтан халықаралық жасанды интеллект орталығын тек елдің бас қалаларында ғана емес, барлық аймақта құрылып, жұмысы жүйелі қолға алынса игі. Бұл қолдау – өңірлердегі талантты жастардың дамуына үлкен мүмкіндік беріп, аймақтар арасындағы технологиялық алшақтықты азайтады.
Сонымен қатар, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде «AI-Sana» бағдарламасы жасанды интеллектті қолдану бойынша білікті мамандар даярлауға негізделгені туралы айтылды. 100 мың студенттің осы дағдыларды меңгеруі және 20 жоғары оқу орнында жасанды интеллект бойынша мамандар даярлаудың қолға алынуы ел экономикасына ұзақ мерзімді инвестиция деп білемін.
«Alaqan» жүйесі мен Higgsfield AI сияқты стартаптар Қазақстанның жаһандық технологиялық нарықтағы әлеуетінің айқын дәлелі. Бұл жобалар жасанды интеллект пен робототехниканың үйлесімін көрсету арқылы экспорттық нарыққа жол ашып қана қоймай, ел ішінде де қолдануға болатын шешімдердің тиімділігін дәлелдеп отыр.
Робототехника мен жасанды интеллектті дамыту ел экономикасын әртараптандырудың және технологиялық дамудың негізгі элементтеріне айналады. Мұндай интеграциялық қадамдар Қазақстанды тек технологияны тұтынушы елден, оны жасаушы және экспорттаушы мемлекетке айналдырары сөзсіз. Егер барлық өңірде технологиялық орталықтар ашылып, жастардың мүмкіндіктерін дамытуға жан-жақты жағдай жасалса, бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына да үлкен үлес қосады.
Еліміз бұл бағытта жүйелі әрі мақсатты қадамдарды жалғастыруы қажет. Жасанды интеллектті ауыл шаруашылығы, медицина, білім беру және басқа да салаларда қолдану арқылы біз әлемдік технологиялық нарықтың толыққанды қатысушысына айнала аламыз. Мысалы, білім беру саласында жасанды интеллект оқу үдерістерін жекешелендіруге мүмкіндік береді, ал ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыруға септігін тигізеді.
Сонымен қатар, Қазақстанда жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін мамандарды даярлау, зерттеулер жүргізу және халықаралық тәжірибені енгізу мақсатында бірқатар жоба іске асырылады. Болашақта жасанды интеллект еліміздің экономикасына, технологиялық әлеуетіне және инновацияларға жаңа серпін беріп, Қазақстанды жаһандық цифрлық трансформацияның маңызды қатысушысына айналдыруға мүмкіндік жасайды.
Асқар АЛДАН,
«JasUP» жобасының жетекшісі,
«Teren Oi» дамыту орталығының негізін қалаушы