Жарнама
Қоғам

Қазақстандағы 2022 жыл қорытындысы: Әлеуметтік сала

Жыл соңында оны қорытындылау дәстүрге айналған. 2022 жыл Қазақстан үшін айтулы жыл болды. Еліміз саяси даму және экономикалық трансформация кезеңіне қадам басты.

Кез келген мемлекет үшін әлеуметтік саланың дамуы – маңызы зор мәселе. Жаңа мектептердің, ауруханалардың, мәдени және басқа да қоғамдық нысандардың ашылуы, азаматтардың табысын және әлеуметтік төлемдерді арттыру мемлекеттік басқарудың тиімділігін көрсетеді.

Қазақстанда бұл бағыттар Үкіметтің ұдайы назарында тұрғанын статистикалық деректер мен іске қосылған белгілі бір әлеуметтік объектілерден, даму бағдарламаларынан немесе қолдау шараларынан байқауға болды. 

Primeminister.kz редакциясы республиканың әлеуметтік саласында биыл атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен таныстырады.

Білім беру

Алдымен қазақстандық ата-аналарды толғандырып отырған білім саласына тоқталуға болады. Жыл басынан бері республикада 37,7 мың балаға арналған 453 балабақша ашылды, нәтижесінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту үлесі 98,4%-ға жетті.

Сонымен қатар, 10 желтоқсандағы жағдай бойынша, 106 мың оқушыға арналған жаңа 201 мектеп ашылды.

Биыл Президенттің тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданды. Оның аясында 2025 жылға дейін 842 мың балаға арналған мүлдем жаңа форматтағы 400-ден астам мектеп салу жоспарланып отыр, олар қажетті оқу жабдықтарымен, пән кабинеттерімен, компьютерлік сыныптармен, зертханалармен және шеберханалармен, бейнебақылау және дыбыстық ескерту жүйелерімен, балаларға арналған жеке шкафтармен және т. б. толықтай жабдықталады.

Мұндай мектептер бірыңғай стандарт бойынша салынады. Жайлы мектептерде ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға жағдай жасалмақ.

Ұлттық жобаның арқасында орын тапшылығын болдырмау, апатты және үш ауысыммен оқытатын мектептерді жою жоспарланып отыр. Сонымен қатар мұғалімдерді даярлау және біліктілігін арттыру жұмыстары жалғасады. Жалпы 2026 жылға қарай 100 мыңға жуық маман даярланады деп күтілуде.

Денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау саласы да – азаматтар үшін аса маңызды салалардың бірі. Биыл жаңадан 87 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны ашылды, олардың қатарында 4 емхана, 5 алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы, 24 дәрігерлік амбулатория, 11 фельдшерлік-акушерлік пункт және 43 медициналық пункт бар. Бұл нысандардың көп бөлігі ауылдық жерлерде ашылды. Оның қатарында Маңғыстау облысында екі жаңа стационар, медициналық ұйымдар базасында 72 дәріхана және ауылдарда 161 дәріхана іске қосылды.

Сонымен қатар ауыл тұрғындары үшін профилактикалық тексерулер енгізілді, 49 тұқым қуалайтын ауруларды анықтау үшін жаңа туған нәрестелерді скринингтен өткізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды, балаларды кәсіби тексеру пакеттері кеңейтілді, «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздарының жұмысы қайта жанданды, олар 147 станцияға барып, шалғайдағы елді мекендердің 77 мыңнан астам тұрғынына медициналық көмек көрсетті.

Жалпы еліміз бойынша жедел жәрдем 4 млн-ға жуық шақыртуды қамтамасыз етіп, медициналық авиация 1 мыңнан астам рейс орындады, стационарларда 1,5 млн-ға жуық науқас емделді, 350 мыңнан астам ота жасалып, 200 мыңға жуық әйел босанды.

Сонымен қатар мемлекет есебінен 18 мыңнан астам күрделі медициналық қызмет (80 түрі) және 1 млн-нан астам қымбат медициналық қызмет көрсетілді. Гамма-пышақ және ядролық медицина орталығында 300-ден астам жоғары технологиялық ота жасалды, 400-ге жуық пациент емделді. Нәтижесінде жалпы өлім-жітім өткен жылмен салыстырғанда 28%-ға, ана өлімі 3,5 есе төмендеді. Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші шамамен 32%-ға, қатерлі ісіктен 9%-ға, жарақаттан 4%-ға, тыныс алу органдарынан 33%-ға, туберкулезден болатын өлім-жітім 17%-ға төмендеген. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» атты жаңа ұлттық жоба бекітілді, оның аясында 2026 жылға дейін 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу, реконструкциялау және жарақтандыру, 12 аурухананы жаңғырту және 20 жаңа көп салалы аудандық аурухана ашу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар 2023 жылы онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі үш жылдық кешенді жоспарды іске асыру басталады.

Азаматтардың табысын арттыру

Әлеуметтік саланы дамыту туралы сөз қозғағанда, азаматтардың табысын арттыру мәселесін айналып өтуге болмайды. Бұл бағытта Үкімет арнайы қолдау шараларын жүзеге асырып жатыр, сондай-ақ тағы бір жаңа бағдарлама әзірленді.

Мәселен, биыл 3 млн-нан астам адамның, оның ішінде дәрігерлердің жалақысы 30%-ға, мұғалімдердің жалақысы 25%-ға, бюджет саласының басқа қызметкерлерінің жалақысы 20%-ға, өндірістік қызметкерлердің жалақысы 10-50%-ға өсті. Сонымен қатар Бағдарлама аясында 583 мың жаңа жұмыс орны құрылды, ал бастапқыда 444 мың жұмыс орнын құру жоспарланған болатын, яғни жоспар 31%-ға асыра орындалды. 

Сонымен қатар биыл ғалымдардың жалақысы 2 есе ұлғайып, ғылыммен айналысатын жас мамандарды қолдауға 1 000-нан астам грант бөлінді. Дарынды ғалымдарға (35 жасқа дейін) жыл сайын 50 мемлекеттік ғылыми стипендия беріледі, ал 2023 жылы студенттер стипендиясының көлемін ұлғайтуды жалғастыру жоспарланып отыр.

Ауылдарда ел халқының шамамен 40%-ы тұрады, осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша таяу бес жылда шағын несиелендіруге қолжетімділікті кеңейту арқасында ауыл тұрғындарының табысын ұлғайту жөніндегі жобаға 1 трлн теңге бөлінеді.

Жоба Жамбыл облысында сәтті сыналды, енді 1 млн-нан астам ауыл тұрғындарын қамту үшін оны еліміздің барлық өңірінде қолдану үшін жұмыс жүргізілетін болады. Нәтижесінде барлық жеке үй шаруашылығының жартысы ауыл шаруашылығы кооперациясына тартылады, сондай-ақ 350 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Келесі жылы бұл мақсаттарға 70 млрд теңге қарастырылған.

Мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері және жұмыспен қамту

Жоғарыда даму бағдарламалары мен шаралары туралы айтылды, осы орайда мемлекет өзінің барлық әлеуметтік міндеттемесін толық көлемде орындап келеді. Мәселен, бүгінгі таңда шамамен 2,2 млн зейнеткер бар, ал мемлекеттік жәрдемақы алушылар саны – 1,8 млн адам. Биыл 140 мыңнан астам отбасына немесе 724 мыңнан астам адамға (оның ішінде 465,5 мың бала және 61 мың көп балалы отбасы бар) атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы 378 мыңнан астам балаға кепілдендірілген әлеуметтік пакет тағайындалды. Келесі жылы 4,4 млн адам 4,6 трлн теңгеге ұлғайтылған әлеуметтік төлем алады.

Бұл бағытта «Отбасының цифрлық картасын» енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, ол проактивті форматта белгіленген әлеуметтік мемлекеттік кепілдіктер беру арқылы қазақстандық отбасылардың әлеуметтік тәуекелдерінің алдын алу жүйесінің негізіне айналады. Оны пилоттық іске асыру шеңберінде 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 26 мың азаматқа әлеуметтік төлемдер тағайындалды.

Сонымен қатар ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша елімізде бала күтімі бойынша ақылы демалыс мерзімі бір жарым жылға дейін ұзартылады. Бүгінгі таңда төлем мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды. Екі және одан көп бала туған кезде төлем әрбір балаға жеке тағайындалады. Бала өмірге келгеннен кейін республика азаматтарына автоматты түрде біржолғы жәрдемақы түседі: бірінші, екінші және үшінші балаға – 38 АЕК (110 мың теңгеден астам) және төртінші балаға – 63 АЕК (150 мың теңгеден астам).

Сондай-ақ мемлекет азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын тұрақты негізде іске асырады және жетілдіріп келеді. Биыл осы жұмыс аясында 900 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 250 мың жас бар. 2023 жылы шамамен 1 млн адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. 

Күрделі сыртқы экономикалық жағдайларға, ішкі дағдарыстарға және өтіп бара жатқан жылдың басқа да қиындықтарына қарамастан, Үкімет әлеуметтік саланы жоспарлы түрде дамытуды жалғастырып келеді. Иә, қайта түрлендіру, азаматтық инфрақұрылымды жақсарту және жаңа нысандарды пайдалануға беру жылдамдығын одан да арттыруға болады, алайда мемлекетке әсер ететін көптеген факторды, оның ішінде сыртқы факторларды да ескеру қажет. Ең бастысы, қандай қиын кезеңдер болмасын, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жұмыстар тоқырап қалмайтыны аса маңызды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button