Қазақстанда энергия жетіспеушілігі 2030 жылға қарай еселеніп артады
Сала сарапшыларының айтуынша, 2030 жылға қарай елімізде қуат жетіспеушілігі сағатына 13 млрд. киловаттан асуы мүмкін. Сондықтан қазірден бастап мұндай тапшылықтың алдын алу қажет. Бұл туралы АЭС-тің маңыздылығын көпшілікке түсіндіру мақсатында Атырау қаласындағы Азаматтық орталықта “Бейбіт атом – Қазақстан болашағы үшін” тақырыбында өткен «дөңгелек үстелде» атап айтылды.
Қоғамдық ұйым өкілдері қатысқан іс-шарада Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Ардақ Аманқосова сөз сөйлеп, атом электр станциясын салудың артықшылықтарын түсіндірді. Спикер өз сөзінде көпшілікті 6 қазанда өтетін референдумға қатысып, келешектегі ел тағдырын айқындайтын маңызды шешім қабылдауға шақырды.
Жиында сөз алған маман «АЭС салудағы ең басты қажеттілік – электр энергиясы тапшылығын шешу» деген ой-пікірін тарқатып айтып берді. Сондай-ақ АЭС салудың артықшылықтарын, заманауи атом электр станцияларының қауіпсіздігі, олардың жұмыс істеу принциптері және атом электр станцияларының қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсер ету деңгейі туралы ақпараттармен бөлісті.