«Қателікті енді қайталамаймын!»

screenshot 6 1 Қоғам

Әдеп жөніндегі кеңес отырысында 6 тәртіптік іс қаралып, әдептен озған 5 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Жасалмаған жұмысқа ақша аударған

Исатай ауданының прокуратурасы Тұщықұдық ауылдық округінің əкімі Айбатыр Бекішұлына қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізген. Оның барысында біраз олқылықты анықтапты. Жасыратыны жоқ, ауыл əкімдерінің құзыры кең. Мəслихат арқылы сайланатыны бөлек əңгіме, барлы-жоқты бюджетке «өзі қожа, өзі би». «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегендей, аталған ауданға қарасты Тұщықұдық ауылдық округінің əкімі футбол алаңын орнату нысаны бойынша жасақталған келісім-шарттың бастапқы құнын негізсіз көбейткен.

Дәлірек айтсақ, округ әкімі А.Бекішұлы 9,3 млн. теңгені құрайтын «футбол алаңын орнату» нысаны бойынша мердігер мекеме «Caspiy Properties Real Estate Services» ЖШС-мен жасақталған 1.06.2022 жылғы келісім-шартына негізсіз 1.07.2022 жылғы қосымша келісім шартын жасақтап, шарттың бастапқы құнын 12,5 млн. теңгеге, яғни, 3,2 млн. теңгеге өсірген екен. Ол ол ма, жұмыстардың шарт талаптарына сәйкес деңгейде атқарылмағанына қарамастан мердігер мекемеге қаражатты толық аударып, мемлекеттік сатып алу заңнамасына сәйкес тиісті шараларды қабылдамаған болып шықты.

Отырыс кезінде ауыл әкімі Айбатыр Бекішұлы мемлекеттік сатып алу заңдылықтарын толық білмегенін, тәжірибесінің жоқтығын, қателікті енді қайталамайтынын айтып, ант-су ішті. Алайда, Әдеп жөніндегі кеңес өзінің ісәрекетімен мемлекеттік қызметке кір келтірген лауазымды тұлғаға қатысты «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.

screenshot 7 1

ЖЕР УЧАСКЕСІН БЕРУДЕГІ ЗАҢСЫЗДЫҚ

Ал, Құрманғазы ауданының прокуратурасы Бірлік ауылдық округі тұрғындарының ұжымдық жолданымы негізінде жер учаскелерінің табысталуының заңдылығын тексеру барысында заң бұзушылықтарды анықтаған. Атап айтқанда, аудан әкімдігінің қаулысымен «Бірлік ауылдық округі әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесіне ауыл халқының мал жаюы мен шөп шабуы үшін «Ленивый» және «Үлкен Быстрый» учаскелерінен 480 га жер учаскелері 3 жыл мерзімге уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен табысталып, аудан әкімінің қаулысы негізінде округ әкімі аппаратына берілген жер учаскелерін пайдалану мерзімі 5 жылға ұзартылған (мемлекеттік тіркеуден өтпеген).

Кейін, аудан әкімдігінің қаулысымен «Ленивый» жер учаскесінен 20 га болатын бөлігі конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің тізіміне енгізіліп, бекітілген. Сонымен қатар, аудандық конкурстық комиссияның хат – тамасымен жоғарыда аталған жер учаскесі лотының жеңімпазы болып Сафон ауылдық округінің тұрғыны А.Сатылғанов анықталып, аудан әкімінің қаулысымен жер учаскесі оған 10 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен берілген.

Сонымен, істің мән-жайын тыңдаған Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері кеңесе келе Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары және ауданның ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы тарапынан жергілікті азаматқа артықшылық көрсетіліп, шаруа қожалығын жүргізу үшін жер учаскесі заңсыз табысталуына орай аталған лауазымды тұлғаларға «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі жазалар қолдану қажеттігі туралы ұйғарымға келді.

«Қырсық бір айналдырғанды шыр айналдырады» деуші еді, аталған ауданның лауазымды тұлғаларының басынан дау арылмағанға ұқсайды. Бұл жолы Құрманғазы аудандық тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Атырау облысы ішкі мемлекеттік аудит департаменті енгізген нұсқамаға сәйкес анықталған бұзушылықтардың толықтай жойылғандығы жөнінде анық емес ақпарат ұсынған болып шықты.

Жоғарыда көрсетілген ақпарат автомобиль жолдарын қайта жаңғырту нысанының сметалық құнын ұлғайту мәселесінің жергілікті бюджеттік комиссияға шығарылуына негіз болып, бөлім басшысы мердігер мекемеге заңнамада көзделмеген жәрдем көрсетіп, «қанатының астына алған». Осыған орай, Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен аталған лауазымды тұлғаға «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі жазалар қолдану ұсынылды.

screenshot 8 2

БҰЛ ӘН, БҰРЫНҒЫ ӘННЕН ӨЗГЕРЕК

«Бұл ән, бұрынғы әннен өзгерек» болды. Мақат ауданы прокуратурасы әдеп жөніндегі кеңесінде аты аталған ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Темірбек Іңірбайдың тәртіптік жауапкершілігін қарауды ұсынды. Онда Мақат аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының осы жылдың 5 қаңтарындағы бұйрығымен бөлімнің есепші қызметіне А.Естай қабылданып, бөлім басшысының келісімімен еңбекақысынан бөлек, заңсыз 515 237 теңге алғытөлемді (аванс) жазбаша өтінішсіз және қандай да заңды күші бар акт рәсімделмей аударғаны туралы баяндалған.

Сонымен қатар, аталған бөлімнің бас маман–есепшісі бөлім басшысының 13 маусымдағы бұйрығымен өз еркімен босатылғаны, Т.Іңірбайдың тарапынан аталған бюджет қаражатын кері қайтару бойынша шаралар қабылданбағаны, лауазымды тұлғаның 2022 жылғы 13 маусымдағы бұйрығымен есепші қызметіне 0,5 бірлікпен А.Естайды

қабылдағаны көрсетілген. Ашып айтар болсақ, тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы аталған бөлімнің бас маман-есепшісіне өзінің электрондық қолтаңбасын беріп, «әдептен» озған екен. Ал, осы сәтті ұтымды пайдаланған есепші А.Естай бюджеттен заңсыз аванстық қаражат аударып алған. «Қолынан келгенде қонышынан басып қалған» ол мұның себебін 80 000 теңге еңбекақысының мардымсыз екендігімен, үш баласы барын, несие берешегі көбейіп кеткендігімен түсіндірді.

Аудандық прокуратура өкілінің айтуынша, ҚР «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» заңына сәйкес, электрондық цифрлық қолтаңба қол қоюшы тұлғаның өзi қойған қолымен тең болып табылады.

Электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілттерін басқа тұлғаларға беруге болмайды. Сонымен …«Бөлім басшысы Темірбек Іңірбайға «қатаң сөгіс» түріндегі жаза қолдану туралы ұсыныс берді. Әрі қарай, Әдеп жөніндегі кеңес отырысында экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық реттеу және бақылау комитетінің, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменттерінің әдеп жөніндегі уәкілдерінің, Құрманғазы және Мақат аудандық тәртіптік комиссия төрағаларының есептері тыңдалып, тиісті ұсынымдар енгізілді.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз