Жарнама
Қоғам

ҚАСІРЕТТІ ЖЫЛДАР – ХАЛЫҚ ЖАДЫНДА

            31 мамыр – жыл сайын елімізде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде атап өтіліп келеді. Одан бері арада қанша мезгіл өтсе де, сол бір халқымыздың басына қасірет пен қайғының қара бұлтын төндіріп, қырғын мен ашаршылыққа ұшыратқан, жазықсыз жаланың құрбанына айналдырған, жапа шектірген сұрқай кезеңнің ащы сабағы оны бастан кешкен жандардың ұрпақтарынң есінде сақталып, жадында жатталды. Кеңестік солақай саясаттың салқыны тиіп, өткен тарихымыздың әлі болса ашылмай қалған ақтаңдақ беттері қаншама? Оны зерттеп-зерделеп, ақ-қарасының жігін ажыратып, ақиқатына жету жолында атқарылар істер ұлан-ғайыр. Үштіктің үкімімен «Халық жауы» атанғандардың арасында осы уақытқа ақталмағандар да баршылық. Осы мақсатта өңірлік комиссия құрылып, жоспарлы да жүйелі жұмыс жүргізуде.

            Аталған комиссияның ұйымдастыруымен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Зұлмат жылдарындағы халық қасіреті: тарихи жады және зерттеу мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған осы жоғары оқу орнының тарихшы-ғалымдары, өңірдегі этно-мәдени орталықтарының жетекшілері қатысты.

            Шараны университеттің ғылым және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры Еламан Айболдинов жүргізіп отырды. Алғашқы сөз кезегі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Аветик Амирханянға берілді. Ол алдымен өткізіліп отырған тарихи тұрғыдан зор тағылым алар басқосудың маңызына тоқталып, мәнін ашып берді. Елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бағытында ауқымды жұмыстардың қолға алынғанын, бұл үрдістің Атырау облысында да жалғасын тауып отырғанын айтты. Одан арғы әңгімесін спикер маусым айының 5-і күні өтетін республикалық референдуммен сабақтастырды. Нақтылай Бүкілхалықтың дауыс берудің қорытындысымен Конституцияға енгізілетін өзгерістердің маңыздылығы мен ерекшелігіне, мұның Жаңа Қазақстанды құру жолындағы батыл қадам болып табылатынына тоқталды. Соңынан шараға қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

            Екінші болып сөз кезегін еншіліген облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Злиха Таласбекова әңгімесін саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жұмысынан бастады. Қоғамдық құрылымның негізгі атқаратын міндеттері мен жұмыс бағыттарына тоқталды. Табылған құпия құжаттар мен репрессиға ұшырағандарға қатысты жинақталған материалдарды жинақтап, баспаға беру, кітап етіп бастырып шығару жоспарланып отырғанын алға тартты. Бұл іске комиссия құрамының, әсіресе, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті оқытушы-профессорлары мен магистранттарының қосып отырған үлестері аз емесін тілге тиек етті.

            Бұдан кейінгі «Халық қасіретінің тарихи парақтары» тақырыбын университет жанынан құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жанна Қыдыралина тарқатты. Қазақ халқы бастан өткерген зобалаңның бірі – ашаршылық кезеңдерінің ауыр салмағы, салдары мен ащы сабағы жайлы тарихи дерек-дәйектерді келтіре отырып, тартымды әңгімелеп берді. Келесі кезекте университеттің Қазақстан және дүниежүзі тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Лесқали Бердіғожин өзінің баяндамасында 1928-1932 жылдардағы Атырау аумағындағы халық қозғалыстары туралы тың архивтік деректерді келтірді. Ал, университет жанындағы «Рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жамиға Таңатарова «Атырау өңіріндегі конфискация», тарих ғылымдарының кандидаты Жұмазия Жұмабаева «Қазақ қожалықтарына мал мен ет тапсыртудың зорлықшыл әдістері – қуғын-сүргін құралы», ғылым докторы, профессор Ұлжан Ахметова «НКВД ГУЛАГ жүйесіндегі Прорва-Астрахан еңбекпен түзеу лагері» туралы әңгімелерімен, пайым-пікірлерімен ортақтасты. Атыраудағы «Былина» орыс этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Андрей Кораблев тақырып төңірегіндегі ойын «Мен оларды  кінәлі деп санамаймын: өйткені, олар террордың жазықсыз құрбандары ғана» деп түйіндеді.

            Шараның атаулы күнге орай ұйымдастырылған оқушы жастар арасында эссе жазу конкурсы қорытындыланды. Жеңімпаздар ақшалай және заттай сыйлықтармен марапатталды. Оларды иелеріне облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Жанар Ильясова табыстады.  

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button