«Қаруластың шырқыраған дауысы әлі күнге құлағымнан кетпейді»
Кеңес Одағы көршілес Ауғанстан еліне алғаш 1979 жылдан бастап әскер кіргізгенде жауынгерлердің дені Орта Азия мен Кавказдың халықтарынан құралыпты. Кейіннен айтыла бастаған бұл деректерден сұрқия саясатты анық байқайсыз. Осы алғашқылардың қатарында жерлесіміз Қарабалин Жалғасбай Демеуұлы да Отан алдындағы борышын өтеген екен.
Одақ 1979 жылы ІІ дүниежүзілік соғыстың Жеңісін мерекелеп жатқанда Жалғасбайлар Отан алдындағы әскери борышын өтеуге алынады. Алдымен Санкт-Петербургте алты ай бойы артиллерия әскерінде дайындықтан өтеді. Мұнда танкіге қарсы ракеталық снаряд бағыттау (ПТУРС) қаруына маманданады. Кейін Солтүстік Мұзды мұхитқа шығар Баренц теңізі жағасындағы Мурманск қаласы маңында әскери өмірін одан әрі жалғастырып жатқан кезі екен. Көп кешікпей оларды Санкт-Петербургқа қайта әкеліп, аяқастынан жарылқап тастапты. 360 сомнан ақшасын (әрине, ол кезеңде бұл жақсы пұл), су жаңа әскери форма кигізіп, «сухой паекті» де молынан береді. Жоқ жерден пайда болған бұл не қылған «батпан құйрық» екенін Жалғасбайлар кейін білген ғой…
Оңтүстікке қарай бет алған олар жолай Қазақстан мен Өзбекстан асып, Түркіменстанның Кушка қаласына түседі. Бұл жарты дүниені алып жатқан кеңес Одағының оңтүстіктегі Ауғанстан елімен шекарасында орналасқан қаласы болатын. Солтүстіктегі қақаған аяздан, оңтүстіктегі шыжыған ыстық климатқа тап келуі де өз әсерін берген. Бастысы, ә дегеннен әлдебіреулерден Ауғанстанға соғысқа кіретіндерін естиді. Ал, басшылары бұл туралы жарытып ештеңе айтпайды.
1980 жылы қаңтар айында бригада құрамында әскери техникаларға тиелген бұлар Одақ шекарасынан шығып, Ауғанстан асады. Олардың мінген БТР темір көлігі бейтаныс елдің таулы-тасты жерін басып өтіп, Иран еліне таяу маңдағы Герат қаласында аялдайды. Одан әрі ауған еліне ішкерілей еніп, Қандағар қаласының маңына тұрақтайды. Ротада 110 жауынгер болса, соның 8-і ғана еуропалық нәсіл екен, қалғаны Орта Азия мен Кавказ халықтарының жігіттері көрінеді. Ал, ауылдан жарсуаттық марқұм Қайырқұл Битановпен бірге болып, талай жайға куә болыпты. Осы арада Ауған еліне алғашқы кіргендердің бірі атақты «қара майор» Борис Керімбаевтың естелігінде: «Батальондағы 500 жауынгердің 60 пайызы қазақ, 15-20 пайызы өзбек пен тәжік, қалғандары орыстар еді» дейтіні еріксіз еске түседі.
Қандағар маңында жаңадан әскери база жасақталып жатыр екен. Әдеттегідей дайын тұрған казарма жоқ. Бұлар өздеріне арнап жеркепені қолмен қазып, қоныс қылады. Соңдарынан қатынас та үзіліп, бірқатар қиындық көреді. Ішерге су тапшы болғанда, жуынуға қайдан жетсін? Ауқаттан түскі ас қана беріледі. Ауылдан келер сәлем хат тағы жоқ, бұлар да хабарласа алмай пұшайман күйге түседі. Қарапайым конверт тұрмақ, қағаз бен қаламсап та қат болыпты. Бірінде әйтәуір, бір қаламсап табылып, бәрі жабыла жүріп, қаңылтыр консервінің қағазына жазып, оның өзін үшбұрыштап бүктеп, елге жүретін керуенге жолдапты. Осы үшбу хаттары ауылға жетіп, ата-анасының көңілін бір демдеген көрінеді. Ал, оған дейін жақын-жуық хабар-ошарсыз кеткен ұлын ойлап сарыуайымға салынып, әскери комиссариаттың есігін тоздырыпты. Мұндай жағдайды Жалғасбай секілді мыңдаған жауынгердің отбасы басынан кешірген ғой. Абырой болғанда, арада екі-үш айдан кейін тасымал жанданып, жағдайлары оңалады, палаткаларға көшеді.
Сол 22 сәуір «күнкөсем» Лениннің туған күнімен қатар менің санамда қанды күн болып та жазылды,- дейді кейіпкеріміз.
Тау арасындағы қышлақтардың бірінде дұшмандардың жасырынғаны жөнінде кезекті хабар түскен бойда елді мекенге жетеді. Жол бастаушы кеңес Одағы жағындағы ауғандық белсенділер екен. Үлкен қақпаны ашып, ішке енгендері сол, жан жақтан жауған оқ қарша борайды. Бұлар да жата қала автоматтан қарсы жаққа оқ жаудыра бастаған. Арада біраз уақыттан соң тыныштық орнайды. Қарудың үні басылғанымен, айналадағы жауынгерлердің ыңырсыған дауыстарынан дүние күңіреніп кеткендей… Ауған белсенділерінің бәрін жайратып кетіпті. Кеңестік жауынгерлердің де бірнешеуі мерт болған. Ал, тұтқиылдан шабуыл жасағандар ізім-қайым жоқ. Жалғасбай дұшмандардың соңдарын бақылап жүрген сәтінде дуалдың бір бұрышынан мылтық ұстаған ауғандыққа ұшырасып қалыпты.
Автомат кезенгеніммен, біздің белсенділердің бірі болар деп атпадым. Ол да маған қараған күйі мылтығын атпай, жөніне кете берді. Кейін білсем, ол біздің белсенділердің бірі емес, жау екен, — дейді ол.
1981 жылғы маусымның бас кезеңі. Жалғасбаймен бірге шақырылған жауынгерлердің алды «дембельге» кете бастап, бірқатары әне-міне кетеміз деп көтеріңкі көңілде жүрген шақ екен. Кезекті хабар бойынша қышлақты тінтеді, алаңдайтын ештеңе таба алмайды. Командирі елді мекеннің шет жағында тұрған жалғыз тамға оншақты жауынгерді тексеруге жібереді.
Аулаға кіргеніміз сол еді, бізге қарсы үсті-үстіне оқ атылды. Жата қалып біз де оқ жаудыра бастадық. Сол сәтте жанымда қатар жатқан қаруласымның ышқына шыққан ащы дауысы селт еткізді. Жалт қарасам, Алланазаров деген түркімен жігітінің кеуде тұсына оқ тиіпті, қансырап жатыр. Өзі түркімен болғанымен шешесі орыс еді, жаны қысылғанда «мама, мама, жан мамам!» деп аласұрып барып, жантәсілім болды. Қаруласымның шырқыраған дауысы арада қырық жыл жуық өтсе де құлағымнан әлі күнге кеткен емес, — деп еске алады кейіпкер жерлесіміз.
Кешікпей оларға көмек жетіп, үлкен калибрлі БТР-лардың пулеметтарынан оқ атқыланып, үй ішіндегі он бес шақты дұшманды жайратып салады. Олардың бірде бірі өз еркімен берілмей, өлгенше соғысыпты. «Дұшмандардың қайсысы да осындай ұрыста ғана өлетін ер жүрек жандар болатын» дейді сұхбаттасушымыз.
Бұл оқиға кезінде араларында бірнеше жауынгер оққа ұшыпты. Оның ішінде өздерімен бірге жүрген қазақ жігіттері де бар екен. Осылайша, олар жауынгер достарының елге табытын жіберіпті…
Жергілікті халық та кеңестік жауынгерлерді жаратпады. Біз сол кездегі идеологияның жетегімен өзімізді «көмектесушіміз» деп сезінсек, олар бізді «басқыншы» деп қабылдады. Қышлақтарға жүк көліктерімен азық-түлік, киім-кешек апарсақ, ішінара болмаса, дені аш жалаңаш жүрсе де «кәпірдікі» деп алмайтын. Әлде елдегі бізге өштескен күштерден қорқа ма деп те ойлаймын. Өздері өте жұпыны тұрғанымен шеттерінен намысқой жандар еді. Партизандық соғыс тактикасын қолданған олар жер жағдайын жақсы пайдаланды. Тау биіктерінен от жағып белгі беру айлаларын да көп қолданды, — деп еске алады кейіпкер жерлесіміз.
Жалғасбай Демеуұлы жат жерден 1981 жылдың маусымында елге оралады. Елдегі бейбіт өмірінде ұзақ жылдар жүргізуші болып еңбек етеді. Қазір Индербор кентіндегі спорт кешенінде сантехник маман. Отбасында Альфия Қаражанова екеуі өнегелі ұрпақ өсіріп отыр.
Саламат БАЗАРБАЕВ
Индер ауданы