Жарнама
Қоғам

Қамыс өртіне – халықтық тосқауыл керек

Соңғы уақытта ел аузында қызу талқыланып жүрген мәселенің бірі – Атырау қаласы, Еркінқала ауылы маңында жиі тұтанып жатқан қамыс өрттері. Табиғаттың бұл қатерлі мінезі жай ғана өрт емес – ескерусіз қалдырса, үлкен апатқа ұласатын жағдай.

Кезінде мен де, 1979-1982 жылдары аралығында, дәл осындай қамыс өртін өшіруге қатысқанмын. Ол күндер әлі есімде. Қамыстың биіктігі кейде 4-5 метрге дейін жетеді. Ал тамыры адамның бас бармағындай, тығыз да терең орналасқан. Сол кезде өртті сөндіру оңай болған жоқ. Үлкен техникалар — К-700 тракторлары, плугтар, жер жыртатын ауыр құралдар арқылы ғана жалынды ауыздықтай алдық. Қазіргідей тікұшақ, заманауи техника жоқтың қасы еді. Бәрі ауыл шаруашылығының күшімен, қарапайым еңбек адамдарының қолымен атқарылды.

Қазіргі жағдай тіптен күрделі. Көптеген жерлер балшықты болғандықтан, ауыр техниканың өзі жүре алмайды. Сондықтан мұндай сәтте техника емес, жанкештілік пен ұйымшылдық шешуші рөл атқарады.

Маған ұнағаны – биылғы өрт кезінде халықтың жанашырлығы, өз еркімен көмекке ұмтылған азаматтардың көп болғаны. Осы тұста бір ұсыныс айтқым келеді. Өртке қарсы қызметтің құрамында ерікті өрт сөндірушілер жасағы бар. Осындай азаматтарды арнайы есепке алып, «Ақжайық» табиғи резерватына тіркеп, қоғамдық негізде, бірақ нақты міндеттемелермен жұмылдырсақ дұрыс болар еді. Бұл — төтенше жағдай кезінде уақыт ұттырмай, шұғыл шешім қабылдауға сеп болар еді.

Ардагерлер ретінде біз де қарап қалмай, қолдан келгенше көмек қолын созуға дайынбыз. Тіпті сапалақпен болсын, бір шеттен шыққан жалынға қарсы шеп құрар едік. Өйткені бұл – біздің туған жеріміздің тыныштығы, табиғатымыздың амандығы үшін маңызды.

Сейітжан ДҮЙСЕКЕНОВ,

 облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ардагерлер кеңесінің төрағасы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button