Қамкөңіл жандарға қамқорлық
«Консолидейтед Контрактинг Инжиниринг Прокьюрмент С.А.Л. – Офшор» (әрі қарай – «ССЕР») әлеуметтік жағынан жауапкершілікті компания бола отырып мұқтаж жандарға көмек көрсетті.
Таяуда компанияның атқарушы директоры Орақ Бисембиев Балықшы аймақтық мүгедектер қоғамының елу шақты мүшесіне «Лидер» супермаркетінің азық-түлік сертификатын табыстады.
«Баршаңызды ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Құрбан айт мерекесінің орны бөлек. Бұл – елдің береке-бірлігін бекемдейтін, қанағат пен қайырымдылықты арттыратын мейрам» — деді О.Бисембиев.
Балықшы аймақтық мүгедектер қоғамының төрайымы Әмина Нысанғалиеваның айтуынша, мүшелікте 750 адам бар. «Мүгедектер қоғамына үміт артып келген әр жанға барымызша қолдау көрсетеміз. Әрине, мұндай қолдау демеушілікпен жүзеге асады», — деген Ә.Нысанғалиева «ССЕР» компаниясының кезекті қолдауы үшін қамкөңіл жандардың атынан ризашылығын айтты.
Қайырымдылық шарасы барлық санитарлық нормалар мен карантин ережелерін қатаң сақтай отырып өткізілді.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА