
Қайда барасың, қазақ киносы?
Соңғы жылдары отандық киноларға сын көзбен қарайтындар көбейді. Әсіресе коммерциялық бағыттағы фильмдердің көркемдік деңгейі мен тіл тазалығы жиі сөз болуда. Бұл жағдайдың себебі неде?

Кешеден бүгінге дейін
Ғасырға жуық уақыт тереңіне үңілсек, қазақ киносы әлемдік кинематография кеңістігіне алғашқы қадамдарын жасаған тарихи кезеңге тап боламыз. Иә, бұл саланың алғашқы іргетасын қалағандар үшін кино әлеміне еніп, өз орнын табу оңайға соқпады. Алайда қазақ халқының бай мұрасы мен рухани болмысы кино өнері арқылы да өзін айқын таныта білді.
Қазақ кинематографиясының алғашқы жеңістері Қазан төңкерісінен кейінгі уақытта көріне бастады. 1938 жылы «Ленфильм» киностудиясында түсірілген тұңғыш көркем туынды – «Амангелді» фильмі экранға жол тартты. Бұл тарихи картина алғашқы толықметражды фильм ғана емес, сондай-ақ белгілі тарихи тұлғаға арналған алғашқы туынды ретінде де есте қалды. Содан бері қазақ киносының қоржыны талай көрермен жүрегінен орын алған фильмдермен толықты.
1925 пен 1946 жылдар аралығында қазақ киносының алғашқы туындылары дүниеге келді. Уақыт өте келе 1972 жылы «Қазақфильм» киностудиясы Сұлтан Қожықовтың режиссерлігімен «Қыз Жібек» толықметражды фильмін ұсынды. Бұл туынды – отандық киноның жауһарлары қатарына енді. Ал 1991 жылы еліміз тәуелсіздігін алғаннан соң, кино саласы жаңа белеске көтерілген еді.
Мемлекет әлі қалыптасып жатқандықтан киностудиялар қаржылық қиындықтарға жиі тап болды. Жекеменшік студиялар өз шығынын жаба алмағандықтан, мемлекеттен қолдау сұрады. Сол қолдаудың нәтижесінде авторлық фильмдермен ғана шектелген студиялар түрлі жанрға бет бұрды. Мемлекет пен киностудиялар арасында келісімшарттар жасалып, бұл серіктестік кино өндірісінің тамырына қан жүгіртті.
2000 жылдан кейін тарихи жанрда жаңа леп пайда болды. Бұл кезең отандық киноның жаңа тынысын ашқандай еді. Ал 2005 жылдан бастап қазақ киносы жаңа толқынмен толықты.
Жүлде бар, жарнама жоқ
Соңғы жылдары қазақ киносы халықаралық фестивальдерде олжа салып, отандық экранның өрісін кеңейтіп келеді. Мәселен, Шанхай фестивалінің бас жүлдесін иеленіп, өзге де халықаралық бәйгелерде жүлде алған туындылар қатарында Данияр Саламаттың «Талақ» фильмі, Әділхан Ержановтың «Дала қасқыры» картинасы және Асхат Күчинчирековтің «Бауырына салу» атты терең мазмұнды фильмі бар.
«Талақ» Кеңес дәуірінің алғашқы кезеңіндегі отбасылық, қоғамдық қысымды көркем бейнелесе, Ержановтың «Дала қасқыры» оның әдеттегі туындыларындай жалғыздың өмірі, қоғаммен күресі туралы баяндалады. Ал «Бауырына салу» – ұлттық салтты жаңаша пайымдап, терең философиялық ой тастайды.
Алайда осындай сәтті туындылардың тасасында кейбір фильмдер көрерменге жете алмай қалуда. Ардақ Әмірқұловтың ашаршылық нәубетін суреттеген «Жел тоқтаған жер» фильмі – соның бір мысалы. Қоғамдық жараны қозғаған туындының прокаттағы табысы небәрі 1,5 миллион теңгемен шектелген. Бұл – көркем туындының емес, оның насихаты мен дистрибуциясының әлсіздігін көрсетсе керек.
Кино мамандары мен көрермендер арасында «Талақ» қызу талқыланған тұста, «Жел тоқтаған жер» секілді тарихи, әлеуметтік маңызы зор фильмдер де сондай деңгейде пікірталасқа арқау болуы тиіс еді.

Сондай-ақ өмірден өткен ұлы тұлғаларға арналған биографиялық драмалар – Жандос Құсайыновтың «Жамбыл. Жаңа дәуір», Қанағат Мұстафиннің «Қажымұқан», Ерлан Нұрмұхамбетовтің «Қаныш», Дастан Атығаевтың «Соңғы үкім» сынды туындылар да тарихи-тақырыптық маңызына қарамастан, былтырғы Мұрат Есжанның «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі сияқты кең аудиторияға жол тарта алмады. Мамандар мұның себебі – кейде жарнама, кейде шығармашылық тұрғыдағы шешімдердің әлсіздігінен деген пікір айтады.
Фархат Шәріповтың «А-Студио» жайлы «Тоқта, түн» (Махаббат сарбазы) атты мюзиклі де кезінде жұрт жүрегін жаулаған Айдын Сахаманның «Дос Мұқасан» фильмі секілді табысқа жете алмады.
Саны бар, сапасы сын көтермейді
Бүгінде әлеуметтік желіде танымал блогер, актер, продюсер, режиссерлер өз өнімдерін оңай өткізіп, көрерменге тез жол табуда. Ал фестиваль сахнасынан көрініп жүрген авторлық кино туындылары терең ойға құрылғанымен, оларға насихат жетіспейді. Соның нәтижесінде көрерменге жетпей, назардан тыс қалып жатады. Саны бар, сапасы жоқ туындылар көбейіп, киноның тәрбиелік мәні көмескі тартып барады. Бұған кім кінәлі, не себеп?
Америкалық ақын Чарльз Буковскийдің: «Экраннан сапасыз көріністі көру – үйреншікті дүниеге айналды. Адамдар түкке тұрғысыз, еш пайдасыз нәрсені көріп жүргенін сезбейтін болды» деген сөзі бүгінгі қазақ көрерменінің хәліне дәл келетіндей. Қазіргі отандық киноларды көріп отырып, сүйсінуден бұрын, күйініп отыратынымыз шындық. «Қап, әттеген-ай!» деп өкінесің, себебі көп жағдайда коммерциялық бағытта шығып жатқан фильмдерде былапыт сөз, шұбарланған тіл басым, ең бастысы – ұлттық рух жоқ.
Танымал режиссер Ермек Тұрсынов: «Әнші де, әзілкеш те бүгінгі қазақ киносының болашағына балта шауып жүр. Тек жалқау ғана кино түсірмейтін болды. Бұл – кино емес, бұл – жай ғана мазақ» деп ашына айтқан еді. Шыныменен бүгінде режиссер көп, бірақ шынайы шығармашылық иелерін тану қиындап кетті. Бұрын Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаевтар секілді тұлғалар қазақ киносының тұтқасы болса, ал қазір көрермен кімге сенерін білмей дал.
Киноның тағылымдық мәні жайына қалып, әзілге құрылған, мән-мағынасы жоқ туындылар көбейді. Әсіресе шоумендердің кино түсіруге бет бұруы жағдайды одан әрі ушықтырды. Диалогтары түсініксіз, мәдениетімізден мақұрым қалған мұндай фильмдер көрген сәтте ғана күлкі сыйлайды да, кейін естен шығып кетеді. Дегенмен дәл осындай жеңіл-желпі киноларға сұраныс жоғары болып тұр. Кинотеатрлар алдында ұзын-сонар кезек.
*Сіз не дейсіз?
Риза Тұрдақынқызы, медиасыншы:
Кәсіби сценаристер тапшы
Мықты комедияларды тудыруға болатын қазақ әдебиетіндегі мықты шығармалар сценаристердің назарынан тыс қалып жатқанына күмәнім жоқ. Өкінішке қарай, қазір бізде кәсіби сценарист тапшы.
Бұрын режиссерлер негізінен әдеби ортамен біте қайнасып, кейіпкерді де, сюжетті де әдебиеттен іздейтін еді. Ал кейінгі комедия жанрына ден қойған коммерциялық кино тудырушылар айналасынан сюжет іздеп кеткендей көрінеді. Сол себепті сценаристер көбірек ізденсе, әдеби шығармаларға көбірек ден қойса, қазақы мінезді, ұлттық болмысты осындай мінез тұнған әдеби шығармалардан тапса екен деймін.
Қазақ әдебиеті жұтаң емес қой. Жақсы жазушылар көп. Сонда заманға сай ұлттық сценаристер мектебі қалыптасар еді.
Алматы қаласы
Дана Әмірбекова, кинотанушы:
Қазіргі көрерменнің деңгейі осы…
Мысалы, мен кино саласында он бес жылдан астам уақыт жүрмін. Қарап отырсам, сұраныс болмай, ешқашан ұсыныс болмайды. Егер біздің қоғамда надандықты, білімсіздікті насихаттайтын туындылар көбейіп кетсе, оларды туындылар деп айтуға болмайды. Бұл – өнімдер. Егер мұндай дарақы фильмдер сұранысқа ие болса, демек, бүгінгі көрерменнің деңгейі осы. Оларға осыдан артық, тереңірек, сапалырақ дүние қажет емес болып тұр.
Талғам бір күнде қалыптаспайды. Мысалы, киноның тілін, табиғатын, ерекшелігін түсіну үшін адам алдымен мыңдаған классикалық туындыны көруі керек. Білімді, терең ойлай білу үшін сыни ойлау қабілеті дамыған адам мыңдаған кітап, философиялық трактаттардың бәрін оқуы қажет. Бірақ бүгінгі таңдағы көрермен қандай екенін көріп отырмыз. Философтарды айтпағанда, ең болмаса Толстойдың «Анна Каренинасын» кім оқиды? Қазір Достоевскийдің «Қылмыс және жаза» шығармасын біреу оқиды ма?
Әрине, бәріне топырақ шашпаймыз, бірақ басым көпшілік қазір тиктокта, инстаграмда отыруды қалайды. Оларға одан да мәндірек, мағыналы дүние қызық емес. Оған уақыттарын жоғалтқысы келмейді. Қазір бес секундтық рилстарды көріп отырған тұтынушылар пайда болған кезде, бір жарым сағаттық фильмді қабылдау көпшілік үшін өте ауыр дүние.
Алматы қаласы
Анар Тұрлыбекова, ардагер:
Арзанқол туындыларды қашанғы көреміз?
Негізі кино – жай ермек емес, ол – идеологиялық құрал. Кезінде теледидардан көрген кейіпкерлерге еліктеп өстік. Халықты ұлтжандылыққа, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге үндейтін дүниелер болды. Ал қазір ше? Кино бар, көрермен бар, бірақ сол баяғы деңгей жоқ.
Біз қашанғы осындай арзанқол туындыларды көріп, уақыт өткіземіз? Қашан тарихи тұлғаларды танытып, ұлт рухын көтеретін, жас ұрпаққа үлгі болатын туындылар түсіріледі? Қазір тарихи кинолар саусақпен санарлық. Бар болған күннің өзінде насихаты әлсіз, көрерменсіз жетімсіреп тұр. Қазақ кино өнерінің көрнекті туындылары «Қыз Жібек», «Біржан сал» секілді фильмдер әлі де болса көрерменін жоғалтпаған. Бұл – халықтың рухани дүниеге, тарихқа, ұлттық құндылыққа сусап жүргенінің көрінісі.
Атырау қаласы
Түйін: Тәуелсіз ел ретінде кино түсіруге мүмкіндік мол. Соны ұтымды пайдаланып, ұлттық болмысымызды насихаттауға күш салсақ игі. Салмақты оймен санаға қозғау салып, саналы ұрпақ тәрбиелеуге мұрындық болып, салт-дәстүрімізді жаңғырту – бүгінгі қазақ киносының басты міндетіне айналса ғой, шіркін!..
Еркеназ ҚАЛИЖАН