ПОГОН ТАҚҚАН ПЕРИЗАТ
Абыройлы міндет
«Әскери бөлімде 12 жылдан бері қызмет етіп келемін. Қазір мұнда менен басқа қырыққа жуық нәзікжанды құрбым бар. Әскерде қызмет ету – қыз-келіншектерге оңай емес. Соған қарамастан, олар өздеріне артылған міндетті қалтқысыз атқаруда» деген Гүлнәр Қалиқызы әйел адамдар болған жерде қашан да ұқыптылық болатынын айтады.
«Осы уақытқа дейін әскерде әйелдер көбінесе іс-қағаздарымен жұмыс, қаржы бөлімдерінде, байланыс торабында, асханаларда, медициналық қызметтерді атқарып келді. Қазіргі күні жағдай өзгергендей. Бұл өз кезегінде жауапкершілікті де ұлғайтады», — деді біздің кейіпкеріміз.
Гүлнәр Қалиқызы ішкі әскерде 2003 жылдан бері қызмет етіп келеді екен. Музыкалық, заңгерлік мамандықтарды игерген ол алғаш еңбек жолын Атырау қаласындағы арнайы полиция мектебінде оқытушылықтан бастапты. Аталған оқу орнында арнайы техникалық сабақтан дәріс береді. Әрі қарай облыстық ішкі істер басқармасында аға инспектор, баспасөз хатшысы қызметтерін қоса атқара жүріп, кейін әскери бөлімге ауысады. Бүгінде оның өміріне етене араласып кеткен Гүлнәрдің бөлімдегі басты жұмысы Отан қорғаушы сарбаздармен біте қайнасып жатыр.
«Әскерде тек ерлер қызмет етуі керек деген пікірдің аясында қалмай, елін қорғау әрбір жанның абыройлы борышы, басты парызы деп білемін. Кезінде неміс басқыншыларынан Отанын қорғаған Шығыстың қос шынары, батыр апаларымыз — Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметовалардың ерлігі бізге күш-жігер береді. Олар Отанын соғыс даласында қорғаса, біз – бейбіт өмірдегі Отан қорғаушы қазақтың қыздарымыз» деген пікірін айтты ол.
Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды
Бүгінде әскери бөлімде өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып жүрген Гүлнәр Бердалиева – клубтың басшысы. Ол сарбаздарды Отан алдындағы қызметімен қоса, тағылымы мол тәрбиелік шараларға қатыстырып, ән, би, театр өнері секілді бірқатар үйірмелердің жұмыстарын ұйымдастырып келеді.
Бұл жөнінде әңгіме тиегін ағытқан майор: «Патриоттық әндер сонау Ұлы Отан соғысы кезінде майдан даласында да айтылды. Жеңіс жауынгерлерінің рухын көтеріп, күш берген осы әуендер. Олай болса, бүгінгі Отан қорғаушылар бейбіт өмірде ерліктің майданында шыныға жүріп, мәдени шаралардан қалыс қалмауы тиіс. Майдандағы ерлік ешқашан ұмытылмайды. Сол себепті, Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен кездесулер ұдайы өткізіліп тұрады» деді ол.
Әке жолымен…
Әңгімеміздің кейіпкері бүгінге дейінгі «Әскердегі мінсіз қызметі үшін» І және ІІ дәрежелі», «ҚР ІІМ ішкі әскерлеріне – 20 жыл» медальдарымен марапатталған. «Батыс құрамының үздігі», «І және ІІ дәрежелі ішкі әскерлер қызметінің үздігі» белгілерін кеудесіне тағыпты.
Мамандық таңдауда әке жолын қуған Гүлнәр алдағы уақытта әскери салада биік белестерге шығатынына сенімді. «Әкем жасында әскери-теңіз флотында қызмет етті. Әр жылдары осы салада түрлі басшылық қызметтер атқарды. Әскери жолды таңдаған мен де бұл қызметтің ыстығы мен суығына төзуге дайынмын», — дейді Гүлнәр. Ол бір сөзінде еңбек демалысына шыққан кезінің өзінде әскери бөлімдегі қызметіне асығып тұратынын айтып қалды. Нағыз патриот, нағыз ел қорғаны деген осы болар, сірә…
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.