ПАТРИОТТЫҚҚА БАУЛИТЫН ЖОБА
«Атырау-Ақпарат»ЖШС баспасөз клубында өткізілген жиында облыстық білім беру басқармасы, Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасынан арнайы өкілдер қатысып, жобаның мүмкіндіктері жайлы кеңінен баяндады.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенованың айтуынша, жобада ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған олимпиадалар, қашықтық конкурстарын ұйымдастыру көзделген. Жастарды тарихи-өлкетануға, туризмді дамытуға баулу, ғылыми-зерттеу қызметінің негізгі дағдыларын үйрету мақсатында көптеген жұмыстар атқарылатын болады. Атап айтқанда, Атырау облысында мұражайлар жанынан «Мирас», «Жас шебер» үйірмелерін құру, кітапханаларда оқушыларды әдебиет оқуға баулу, «Менің еліме – 25 шың» «Менің елім», «Отаныма жиырма бес ізгі іс!» деген конкурстар өткізу жоспарланған.
Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Арман Азаматов облыс көлемінде өткізіліп жүрген патриоттық тақырыптағы негізгі шараларға тоқталды. Оның ішінде кітап оқуға ынталандыру бағытындағы ең танымалы – «Буккроссингті», сондай-ақ, басқа да спорттық, мәдени шараларды атады. «Ұрпақ+» жобасы арқылы да басталған іс-шаралар жалғасын табатынына сенімділік білдірді.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының басшысы Рашида Харипова өз кезегінде «Ұрпақ+» жобасы арқылы жастарды ғылыми жұмыстарға баулуды бірінші кезекке қойып отырғанын айтты. «Қазірдің өзінде «Жас саяхатшылар» үйірмесі бар. Онда оқушылар мен мұражай қызметкерлері тығыз байланыста жұмыс жасайды. Ендігі кезекте ғылымға ерекше қызығушылығы бар студент жастарды көптеген археологиялық қазба жұмыстарына, этнографиялық жәдігерлерді жинақтау мақсатында ауыл-ауылды аралау экспедицияларына қатыстыруға көңіл бөліп отырмыз. Кейбіреуіне арнайы грант бөліп, оқыту да жоспарда қаралған. Қазір жұмыстану үстіндеміз», — дейді мұражай басшысы.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.