Жарнама
Қоғам

ПАТРИОТТАР ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСАДЫ?

 

Жолдауды талдай келгенде Президент әр істі білімге әкеліп тірейді. Заман ағымына сай терең білім алу – бүгінгі күннің басты қажеттілігі. Демек,  жас буын өкілдері «оқыдым, тоқыдым, диплом алдым» деп отыратын заманның әлдеқашан өтіп кеткенін, енді алған білімді толықтырып, әрі қарай тереңдетіп, оны пайдаға жаратып отыру маңызды екенін түйсінуі тиіс. 

 Мен ұстаздық салада 37 жыл қызмет еттім. Оқушылардың сапалы білім алуына мейлінше ден қойып, әр тақырыпты терең меңгертуге тырыстық. Ол кезде оқушылар білім алумен қатар, өндірістік орындарға жіберіліп, арнайы кәсіптік мамандықты да қоса игеріп шығатын. Сондықтан, осы тәжірибені қайта жаңғыртып, мектеп қабырғасында кәсіптік білім беру жолға қойылса деген ұсынысым бар.

Мектептердегі «Жасұлан», «Жас қыран» топтарының жұмыстарын арттырып, патриоттық тәрбиеге ерекше ден қоятын уақыт жетті. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында баса мән берілген бағыттардың бірі. Мемлекет басшысы бұл туралы: «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады. Бірақ, бүгінде қалыптасқан мемлекеттің жаңа даму кезеңінде бұл түсініктің өзі жеткіліксіз. Біз мәселеге прагматикалық тұрғыдан қарауымыз керек. Осындай тәсіл ғана патриотизмге деген шынайы көзқарасты оятады. 2050 жылға қарай біз Қазақстанның кез келген азаматы ертеңгі күнге, болашаққа өте сенімді болатындай саяси жүйе құруымыз керек. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз сырт елден гөрі, Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өйткені, өз жерінде өзін жақсы сезінетіндей болуы тиіс. Біздің елдің әр азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуі тиіс» деп мәселеге жан-жақты тоқталған болатын.

Расымен де, жастарға патриоттық тәрбие беру —  бүгінгі ең басты мәселе болғаны жөн. Ал, ел патриотының тұлғасын жасауда әлі де кемшін соғып жататын тұстарымыз бар. Сондықтан, мектеп қабырғасындағы пәндерге оқушылардың ынта-ықыласын, қызығушылығын арттыру үшін әртүрлі жаңа әдістемелік тәсілдерді қолданып сабақ өткізсек, бұл балалардың сабақтан жалықпауын, жөнсіз әрекетке бармауын, әр іске назар аударып жауапкершілікпен қарауды, ой елегінен өткізіп, ойлануды қалыптастырар еді.

Рахметолла ІЗТІЛЕУОВ,
ардагер ұстаз,
Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button