Жарнама
ҚоғамМәдениет

Парасаты биік тұлға

Халқымызда «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген сөз бар. Оны ата-бабамыз қанша жылдар өтсе де естен кетпейтін, халықтың жадынан өшпейтін, артында айта жүрер елеулі ісі қалған, есімі ардақтап аталар адамдарға арнап айтса керек. Сондай ізгі жандардың бірі – Оразов Леп Оразұлы.

Бір кезде Ақтөбе облысының Ойыл ауданына қараған қазіргі Қызылқоға ауданының Жангелдин ауылдық кеңесінде дүниеге келген оның әкесі Ораз Бекқұлов та өз дәуірінің тұлғасы, жазу-сызудан мол хабары бар азамат еді. Өйткені, Қызылорда қаласындағы Қазақ халық ағарту институтында (КИНО) оқып жүргенде көрнекті қаламгерлер Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқановтардың дәрісін тыңдаған. Институттан соң өзі туып-өскен өңірдегі Тайсойған және Қамыстыкөл бастауыш мектептерінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген білімді педагогтардың бірі. Ал, аталған мектептер «Тайсойғанның Алтынсарині» атанған Аяпберген Науановтың өз бастамасымен ашылған кешенді білім ұялары болатын. Сол кезде бұл мектептерде Аяпберген Науановтан басқа, Нұрымгерей Орынбасаров, Ораз Бекқұлов, Уәли Жайықов, басқа да мұғалімдер жұмыс жасаған екен.

Сондай зиялы жанның үлкен ұлы Лекең туралы Қызылқоға өңірінің қай түпкіріне барсаңыз да, білмейтіндер кемде-кем. Өйткені, ол – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениетінің өркендеуіне елеулі үлес қосқан азамат. Ол – қызметкер, ол – ақын, әрі айтыс ақыны, сөз сардары. Кезінде бірнеше мәрте айтыстарға қатысып, «ауданның бас ақыны» мәртебесін иеленген. Шығармаларының бір тобы «Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясының «Тайсойған-Бүйрек ақындары» атты 51-кітабында берілді.

Леп Оразұлының қара сөзден қаймақ қалқып, қиыннан қиыстырар өз шеберлігі өз алдында біртөбе. Аудан жұртшылығы арасында «Қара сиырдың хикаясы» деп аталып кеткен әзіл өлеңі әлі күнге айтылып жүр. «Қызыл ту» кеңшарының ферма басқарушысы Серікқали Құлтаевтың семіз сиыры ашық қалған сенекке кіріп, бір қап астықты жеп, пышаққа әрең ілінеді. Сол бойда жіліктеп таратады. Оны алушылардың тізімінде партком хатшысы Қуаныш Сәрсенғалиев, ауылдық кеңес төрағасы, Темір Дүйсенғалиев, кәсіподақ комитетінің төрағасы Елемес Хайруллин бар екен. Жілікке жазылғандар тізімін кеңшардың бас есепшісіне апарып, кассадан ақша бергізуді сұрайды. Тізімді көріп шыққан есепші: –

Сәке, тоғыз адамның есебінен қазірақ ақша бергізейін. Ал, үш адамыңа бере алмаймын, себебі олар жалақыны райкомнан, исполкомнан, аудандық кәсіподақтан алады, — депті.

Сәкең ол үшеуіне тиесілі етті басқа кісілерге таратып жібереді. Мұны естіп білген Қуаныш Лекеңе келіп, «Серікқалиға өлең шығарып берші» деп өтінеді. Сонда төмендегідей өлең шумақтары жазылыпты:

Мезгілсіз опат болдың, қара сиыр,

Өзің де қомағайсың, асқа үйір.

Бір өзің бір қараның пұлын жедің,

Шиеттей балалардың ұнын жедің.

Бибатпа сені ерекше күтіп еді,

Бәрінен қымбат сенің сүтің еді.

Белімді бекем буып бұзылмадым,

Сиырым өлді ғой деп ызыңдадым.

Басыңа бағып тұрып, қимағаннан

Халыққа қымбатына қызылдадым.

Оны Қуаныш Сәкеңе келіп оқып бергенде, «ешкімге жария ете көрмеңдерші» деп жалынады. Бірақ, Қуекең оны көбейтіп бастырып, көптеген адамдарға таратып жіберіпті.

1948 жылы Орлыкөлдегі орта мектепті бітірген Лекең 1948 жылы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетінде оқып жүрген кезінде шығарған «Елге сәлем» деп аталатын өлеңін өзі домбыраға қосып әдемі орындаушы еді.

Қайран менің талпынады жүрегім

Арманымды орындау ғой тілегім.

Жас көңілдің сырын ашып берсін деп

Ақ қағазға қаламымды тіредім.

Сәлем бердім жасы үлкен ағалар

Сендер ғана менің пірім паналар

Көптен бері кейін жақтан хабар жоқ

Аман ба екен, кемпір-шал мен балалар?!

Қасаң терлік жауыр атқа батпай ма?

Өлсең орны қара жер боп жатпай ма?

Тіршілікте бұлбұл болған қызыл тіл

Өлгеннен соң қасиетін сақтай ма?

Сусындайын білім көзін ашайын,

Көре алмаған дұшпан көңілін басайын.

Ер жетейін, ерейінші қатарға

Өлеңменен өмірге гүл шашайын.

Білім жолын маған ауыр демедім,

Артым олқы деп уайым жемедім.

Қолдан келсе туысқандар, көмектес,

Текке кетпес маған берген көмегің.

Жазған жерім – Алматының қаласы

Сұлу терек, бау-бақшаның арасы.

Таудан аққан мөлдір бұлақ сылдырлап

Сыбырлайды, деп «бұл кімнің баласы?..»

Осы еді ғой көңілдегі бар шыным,

Өлмесін деп көзін оның аршыдым.

Атын жазып, қолын қойып соңына

Қояды Леп, бұл Ораздың талшығы.

Бұл өлеңді өз шаңырағында отырып, әдемі қонағасыда облысқа белгілі азамат, құрдасы әрі ағайындығы бар Орынбасар Шүкірұлы Еркіновтің қолқалауымен нақышына келтіріп орындағаны бар, кейін де бірнеше рет куәсі болдық.

1953 жылы Н.К.Крупская атындағы мектептен еңбек жолын бастаған Лекең бірер жылдан соң өзі оқыған Орлыкөл орта мектебіне ауысып, сонда мектеп директоры болып та жұмыс жасады. Одан әрі жаратылыс берген дарынының арқасында Қызылқоға аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметін де абыройлы атқарды. 1969 жылы еңбекшілер депутаттары Қызылқоға аудандық Кеңесі атқару комитетінің жауапты хатшысы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі лауазымдарында да жемісті жұмыс жасады.

Лекең 1972 жылы еңбекшілер депутаттары Қызылқоға ауылдық кеңесінің (кейіннен халық депутаттары ауылдық кеңесі деп аталды) төрағасы болып қызметке келді. Әрине, ол кезде біз жас едік. Бірақ есейе келе ағамызбен қанаттас қызмет етіп, ізгі жолын жалғастыру бақыты бұйырды. Ағамыз сол қызметте табан аудармастан 18 жыл төрағалық етіп, талай игілікті істерді жүзеге асырып, көптеген игі бастамалардың қозғаушысы, басы-қасында өзі жүріп басшылық жасады. Көшелерге атау беруге, оның мәнді-мағыналы болуына назар аударды. Ауылдың тазалығы оның басты назарында ұсталды.

Өзі де сондай адал, жүріс-тұрысы мен сөз саптауының өзінде ерекше сырбаздық байқалатын. Оның алдында өзгелер артық-ауыс қылық көрсетуден именіп тұратын еді. Себебі, Лекең бірде айтпағын өзіндік сабырлы мінезімен ұқтырса, енді бірде қуақы тілімен-ақ ойын шумақтап тізе салатын. Ол кейбір адамдарға өзгеше сабақ болғанын көре қалдық.

Әрине, жасалған жұмысты тізбелеп жату ағаның мерейін өсіре қоймас. Бастысы – ұл-қызының әке есіміне кір келтірмей, абыроймен алып жүруі. Бұл күндері Лекеңнің ұрпақтары еліміздің түкпір-түкпірінде елеулі еңбек етіп жүр. Мақсоты – Атырауда, Дауылбай, Амангелді, Амантайы – Ақтөбеде, Сара – Көкшетауда, Шара – Қарабау ауылында кәсіпкер. Тұрлан мен Тельман – Қарабаудағы ортадан ойып алар орны бар үлгілі шаңырақ иелері.

Зайыбы Қадыр қызы Айман жеңешеміз де отағасының бабын келістіре білген салиқалы бәйбіше еді. Ұзақ жылдық тәжірибесінде өз шәкірттеріне тәлімді тәрбие берген ұстаз болды. Ағаның сенімді серігі, елдің қадір тұтар жаны-тұғын.

Жапырағы жайылып, елінің сыйқұрметіне бөленген Леп Оразұлы тірі болса, 90 жасқа толып, ортамызда шалқып отырар еді. Әйтсе де, өз халқына адал қызмет атқарып, арына дақ түсірмеген Лекеңнің есімі ұмытылмақ емес.

Шафиғолла ҚОНЫСБАЕВ,

зейнеткер, ізбасар інісі,

Қарабау ауылы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button