ПАРАСАТ БИІГІНДЕ

Жаңадан келген басшы сөйлеп тұр. Тілі жатық. Атқарылар істер жөнінде нақты жоспар, қатаң талап, мықты бақылау. Саңқылдаған даусынан сенімділік сезгендей көпшілік сілтідей тынып, тыныштала қалған. Сол бір оқиғадан кейінгі көңілдерді жаулап алған күдік бұлты сейіліп, бір сәт жұртшылықтың арқасы кеңіп қалғандай, жүздерінен жылылық нышаны байқала бастады. «Өзі бір қырғи қабақ, жал мінез, нар тұлғалы жігіт екен» деген cөздер де естіліп қалды. Бұл лебіз Жаңаөзен қалалық партия комитетінің бірінші хатшылығына келген Равиль Тәжіқараұлы Шырдабаевқа арналған еді.

Равиль Тәжіқараұлы бұл қызметке өте қиын тұста келді. Мұнайшылар қалашығы атанған Жаңаөзен қаласында болған оқиға қаланың экономикалық, әлеуметтік жағдайларына айтарлықтай зиянын тигізді. Көптеген өндіріс орындары маман жетіспегендіктен қаңырап қалды. Әлеуметтік әділетсіздік кебін киген халықтың мұң-мұқтажы өте көп болды. Міне, осындай сын сағатта жаңа хатшы күн-түн демей дамылсыз іске кірісті. Шұғыл шешім, батыл іс-қимылдың арқасында халықтың жағдайы түзеле бастады. Қалада бірінші рет қалалық радио ашылып, мен оның алғашқы редакторларының бірі болып тағайындалдым.

Күн сайын таңертеңгі сағат сегізден бастап, барлық мекеме, кәсіпорын басшыларын жанына ерткен Равиль Тәжіқараұлы шағын аудандарды жаяу аралап, халықпен тікелей байланысқа шығатын. Бір күні үшінші шағын ауданға келгеніміз сол еді, ашық алаңқайда күннің сәулесі түсіп, жылтырап жатқан әйнекке қарап, соны қызықтап тұрған 5-6 жастар шамасындағы баланы көрдік. Бәріміз де аңтарылып қалдық.

– Көрдіңдер ме? Мына балақайға не жетпей тұрғанын? Айнала тып-типыл. Бала шынының сынығын қызықтамағанда, не істейді? Тапсырма мынау: Әрбір шағын ауданға балалар алаңы салынуы керек, – деді Рекең.

Көп кешікпей тапсырма орындалды. Әр шағынауданда әсем безендірілген балалар алаңы бой көтеріп, сәбилердің қуанышты күлкілеріне толды…

 Қаламен іргелес Теңге, Ескі өзен поселкелерінің жағдайлары да түзеле бастады. Ескі өзеннен тігін фабрикасы, ауыл халқына жұмыс орындары ашылды. Жергілікті халық өндіріске тартылып, мамандардың кәсіби шеберліктері шыңдала бастады. Тұрғындардың мәдени демалыстарына баса көңіл бөлінді. Ұзақ жылдар бойы шешімін күткен жол салу, сумен қамту сияқты әлеуметтік маңызды жұмыстар қолға алынды. Сол кездегі атқарылған жұмыстардың ауқымдылығы сондай, бәрін тізіп айтып шығу мүмкін емес. Келтіріп отырғанымыз бірер мысал ғана.

Адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуы, табанынан тік басып мығым тұра білуі еңбекке байланысты. Ол – мұнайлы өлкенің перзенті. Шыққан тегі – мұнайшылар әулеті. Өзі кәнігі мұнайшы. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш мұнай және газ министрі, әкім, «Теңізшевройл» қазақ-америка біріккен мұнай компаниясының тұңғыш директоры, Парламент депутаты, Республикалық қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары сынды аса жауапты қызметтер атқарды. Өзінің білімділігі мен қарымды қабілетінің арқасында Елбасының сенімін ақтай білді. Сөйтіп, туған мемлекетінің өркендеуіне, Қазақстан экономикасының күре тамыры саналатын «қара алтын» қорының толассыз өндірілуіне өлшеусіз үлес қосты.

1997 жылы Равиль Тәжіқараұлы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге АҚШ-тың Вашингтон қаласында Қазақстан мен Американың мемлекетаралық экономикалық қарым-қатынасы жөніндегі комиссияның кезекті отырысына қатысады. Нұрсұлтан Әбішұлы АҚШ Президентінің орынбасары және Америка жағынан аталған комиссияның төрағасы Альберт Горға таныстырған кезде «Бұл – Равиль Шырдабаев,Атырау облысының әкімі, яғни Қазақстан мұнайының астанасын басқарып отырған басшы» деп таныстырады. Сол-ақ екен, Президенттің аузынан бірінші рет шыққан «мұнайлы астана» деген сөзді отандық, шетелдік журналистер қағып алып, бар әлемге жария етті. Содан бастап Атырау өңірі «мұнайлы астана» деп аталып келеді.

Елбасы өңірімізді бұлайша тектен-тек атаған жоқ. ХХ ғасырдың басынан бастап  біздің ата-бабаларымыз мұнай өндірісінің негізін қалап, оны заман ағымына сай өркендетіп, бірнеше жүздеген миллион тонна мұнай өндірді. Аталған салада білікті мамандар дайындалды. «1993 жылдан бастап дүние жүзіне белгілі «Шеврон», «Эксон», «Мобиль», «Шелл», «Бритиш Петролеум», тағы басқа көптеген мұнай компанияларының Батыс Қазақстан өңірінде және Солтүстік Каспийдің жағалауында еңбек етулеріне мемлекетіміздің саяси тұрақтылығы, Елбасының көрегендік саясатының өміршеңдігі себеп болды. Мұндай дүние жүзіне белгілі компаниялардың біздің мемлекетімізге келуі мол инвестиция тартуға айтарлықтай ықпал етті. Соның нәтижесінде Қазақстан Орталық Азия және ТМД елдерінің ішінде шетелдік инвестиция тарту жөнінен алдыңғы орындарда болды» дейді Равиль Тәжіқараұлы.

Облыс басшысын мұнайшы ретінде қазақ «қара алтынының» қайнары Ембі алаңдары қатты толғандыратын. Қойнауы құт-қазынаға толы туған жер өз несібесін халқынан аяған жоқ. 80-ші жылдары көптеген жаңа кен алаңдары ашылды. Солардың ішінде Кенбай топырағынан да мұнай көзі табылды. 90-шы жылдардың басында Кенбайды игеру жөнінде көптеген компаниялардан ұсыныстар түсе бастайды. АҚШ-тың Бидерманн деген кәсіпкері осы құқықты иемденіп, қажетті құжаттарға қол қояды. Бірақ, Равиль Шырдабаев әкім болып келгенше бұл жұмыс еш қозғалыссыз тұрды.

Бұл – ірі мұнай алаңы. Қызылқоға ауданының аумағында орналасқан. Ал, аталған аудан негізінен бірыңғай ауыл шаруашылығымен айналысатын. Өндірісі жоқ. Сондықтан, бұл кен орнын қалай да өзіміздің мұнай компанияларына алып, игеру өте қажет болды. Сөйтіп, облыс басшысы бұл мәселені Үкімет пен Мұнай және газ министрлігінің алдына мәселе етіп қойып, нақты ұсыныстар берді. Елбасының қолдауымен Кенбай кен орны «Ембімұнайгаз» компаниясының құрамына беріліп, «Қайнар» мұнай-газ өндіру басқармасы құрылды. Жастар өндіріске тартылып, аудан өзін-өзі қаражатпен қамтамасыз етуге қол жеткізді. Кенбай кен алаңын өңір құзырында қалдыру Қызылқоға ауданының тағдырын шешкен бірден-бір шешім болды.

Равиль Тәжіқараұлының жылдармен таласа жинақтала түскен өмірлік тәжірибесі – кейінгі ұрпақ үшін үлкен мектеп. Сол үшін де ол жергілікті мамандарды дайындау, жастарды еңбекке тарту мәселелеріне баса көңіл бөлді. Жастар аға ұрпақтың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесін игере білуі керек деп, Олжас Сүлейменовтің «Настоящее будет плоским, без глубины прошлого и без вершины будущего» деген сөзін жиі айтып отыратын. Жастарға үлкен сеніммен қарады. Қандай іске болсын бағыттап, кішкене ғана талап пен таланттың ұшқынын көрсе қолдап жүретін.

«Ойды ой қозғайды» деген. Мына бір оқиға жадымда қалыпты. Кезекті басқосулардың бірінде мен сөйлеп тұрып «ағай» деп қалдым. «Сендер жассыңдар. Ресми сөйлеу мәдениетін білулерің керек. Мұндай алқалы жиындарда ата-тегімен сөйлеген дұрыс» деп ескерту айтты. Араға біраз уақыт салып, бұл қателігімді тағы бір рет қайталамасым бар ма? Бұл жолы бетіме тіктеп қарады да, «Равиль Тәжіқараұлы» деді. Сондағы көзқарасы қатал ұстаздың шәкіртіне берген соңғы ескертуіндей болып көрінді. Ол басшы болумен қатар, кейінгілерге жанашырлықпен қарайтын талапшыл ұстаз да бола білді.

Равиль Тәжіқараұлы болашақты терең болжайтын. Атыраудай қазыналы өлкенің ризығы халықтың несібесі екендігін терең сезінді. Сол жолда аянбай еңбек етті. «Өмір бойы өнім өндіруші мемлекет болып қана қоймай, шикізатты өңдеп, сапалы тауарлар дайындайтын деңгейге жетіп, Дүниежүзілік Сауда Ұйымына енген кезде өзгелерге жем болмауымызды ойлауға тиістіміз. Жастар ана тілін, елдің тарихын, ұлттық салт-дәстүрін, халықтың өнері мен мәдениетін қадір тұтып, өзінің қалаған мамандығын халықаралық деңгейде меңгерген азамат болуы керек» деген сөздерін үнемі қайталап отыратын.

«Мен тағдырыма риза адамдардың қатарындамын. Өз мамандығым бойынша еліміз егемендік алған тұста халыққа қызмет етуге мүмкіндік жасаған Елбасына ризамын. Ата-бабаларымыз салып кеткен сара жолды жалғастырып, жасымнан мұнайшы болуды армандадым. Осы мамандықты таңдаған соң жетік меңгеруге күш салдым. Меніңше, әр адам бір саланың білгір маманы болғаны жөн. Ежелгі ойшылдар Гиппократ пен Аристотельдің өздері, іскерлік пен икемділік кәсіби шеберлікке сәйкес келіп жатса, соның өзі нағыз бақыт деп есептеген. Атырау өңірі – менің атажұртым. Туған топырағым, өсіп-өнген киелі мекенім. Қай жерде жүрсем де, құлағым ел жаққа түрулі. Жерлестерімнің жетістіктерін естісем, төбем көкке бір елі жетпей қалады» дейді Рекең әңгіме арасында.

Ерен еңбек елеусіз қалған жоқ. «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» және «Парасат» ордендері өңірінде жарқырап, Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің еңбегі сіңген қайраткері, АҚШ-тың Даллас және Балтимор қалаларының Құрметті азаматы, Атырау облысының, Мақат және Махамбет аудандарының Құрметті азаматы, басқа да көптеген атақтарды иемденді. Экономика ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Республикасы Мұнай-газ саласына еңбегі сіңген қызметкер, Қазақстан Республикасы Халықаралық минералдық ресурстар академиясының, Экология және инженерлік академияның академигі. АҚШ-тың Калифорния қаласындағы Беркли университетінде, АҚШ-тың Сан-Франциско, Сан-Рамон қалаларында кәсіби дайындықтан өтіп, алған білімін өз елінің мүддесіне пайдаланды.

Бүгінгі күні шоқтығы биік, тұғырлы тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Равиль Тәжіқараұлы Шырдабаев 75 жасқа толып отыр. Өмірі өнегеге толған оның есімі бағзы заманнан бері хатталып келе жатқан тарих парақтарына алтын әріптермен жазылары анық. Бір ғана тілек: әрқашан да биіктерден көріне беріңіз. Сізге жарасатыны тек қана – биіктік!

Ағиба ҚАТЕШОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз