ӨЗ ҮЙІМІЗДІ ӨЗІМІЗ САЛСАҚ…
ҚР-ның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Атырау құрылымының ұйымдастыруымен «Ренессанс» қонақ үйінде ұйымдастырылған құрылыс саласын дамытуға арналған конференцияда осы мәселе жан-жақты талқыланды. Оның жұмысына облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов қатысып, жиналғандарды аймақ басшысының атынан құттықтады.
Жалпы, Атырау соңғы біраз жылдан бері кең көлемді құрылыс алаңына айналғаны ақиқат. Осы уақытта бірнеше тұтас ықшамаудандар пайда болды, әлеуметтік нысандар қатарға қосылды. Бұған дейін мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үйлер тек облыс орталығында ғана салынып келсе, енді аудандар да қамтыла бастады. Әсіресе, республика бойынша моноқалалар қатарына енгізілген Құлсарыда бірнеше бес қабатты тұрғын үйлер салынбақшы. Өзге өңірлер де назардан тыс қалмайды. Бұл ауыл жастарының жаппай қалаға көшуін тежеп, елді мекендерде білім беру мен денсаулық сақтау салалары мамандарының тұрақтап жұмыс жасауына жағдай жасайды. Тіпті, Тимуржан Шәкімовтің айтуынша, соңғы отыз шақты жылда аудандарда мемлекеттік бағдарлама аясында ешқандай тұрғын үй салынбаған екен. Енді сол олқылықтың орны толғалы тұр.
Әйтсе де, жергілікті құрылысшылардың әлемдік маңызы бар ірі жобаларға қатысы әлі де нашар. Белсенділік жетіспейді. Қазір өңірде ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізуге жағдай жасал-ған. Мұнай компаниялары өздерінің өндірістік қуаттарын одан әрі арттыруда. Жаңа цехтар салынуда. Соның бәріне құрылысшылар қажет емес пе? Жергілікті атқарушы биліктің пәрменді шарасы нәтижесінде бүгінде мұнайлы мекенде құрылыс индустриясы да дамып келеді. Жергілікті құрылыс материалдары шығарыла бастады. Енді оларды ат арытып алыстан тасымалдау қажеттілігі жойылды. Әйтпесе, бұрын атыраулық құрылысшылар қажетті материалдарды сырттан әкелу шығынынан қашатын, салынатын нысанға жұмсалған қаражат өзін ақтамайтынын айтатын.
Жалпы, облыстық
кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиевтің айтуынша, осы шараны ұйымдастырудағы мақсат – құрылыс саласында еңбек ететін жергілікті бизнес иелерін ортақ іске жұмылдыру. Қазір, жоғарыда айтқанымыздай, мұнайлы мекенде мүмкіндік мол. Атыраулық құрылыс индустриясын дамытуға барлық жағдай жасалған. Оны облыстық әкімдік те қолдап отыр. Қашанғы сырттан келген мердігерлерге жалданып, солар ұсынған азды-көпті қаражатты місе тұтуға болады? Егер адам күші мен құрал-жабдығы жеткілікті болса, тендерге неге өздері түспеске? Ашығын айтқанда, облыста жергілікті құрылысшы кәсіпкерлер тұрғызған нысандар аз емес. Жылыойлық ағайынды Балжігітовтер Махамбет селосына кіреберістегі тұтас ықшамауданды қатарға қосқан жоқ па? Демек, толымды тәжірибе жеткілікті. Атыраулық құрылысшылар сонау Астанадағы EXPO-2017 нысандарына белсене қатысып, мемлекеттік маңызды шараға үлес қосып жатса, бәрімізге де мәртебе емес пе? Ал, мұндай күннің туарына сенім де бар.
Жергілікті құрылыс ком-
панияларына өзін көрсететін кез келгенін КРІ компаниясы басқарма басшысының орынбасары Мұрат Досмұратовтың сөзінен де аңғардық. Баршаға мәлім, Атыраудың шығыс бетінде республикада тұңғыш рет газ-химия кешені тұрғызылуда. Мұнда күнделікті тұрмысқа қажетті сан-салалы бұйым шығаруға қажетті шикізат дайындалады. Соның нәтижесінде республиканың әр түкпірінде даяр өнімдер шығаратын үш жүз шамалы ірілі-ұсақты кәсіпорындар пайда болары күтілуде. Мерзімінен біраз кейін басталса да, қазір мұнда темір және тас жолдар тартылған, ауыз су құбыры жүргізілген, табиғи газ әкелінген. Таяу уақытта электр энергиясы да жеткізіледі. Маңызды нысанның өзі арнайы экономикалық аймақта орналасқандықтан оның құрылысына қатысушы мердігерлерге де біраз жеңілдіктер қаралған.
Бірақ, соңғы уақытта қаржы саласында болған өзгерістер кешен құрылысына да әсер етіпті. Долларға шаққандағы теңге бағамы біраз төмендеуі салдарынан сырттан тасымалданатын материалдар құны артыпты. Бұл бірқатар мердігерлердің шамасынан тыс қиындық болып шықты. Демек, олардың орнына өзгелерін табу үшін қосымша тендер жариялау қажет. Қазір сол үрдіс жүруде. Жаңа мердігерлер анықталған соң, яғни алдағы жылдың көктемінде құрылыс жұмыстары қайта жалғасады. Міне, жергілікті құрылысшылардың күш біріктіріп, осы жобаға белсене қатысуға мүмкіндігі бар емес пе? Ана жерден, мына жерден шағын ғана қызмет көлемін тауып, соны қанағат тұтып жүргенше, ауқымды істі атқарып тастамай ма?
…Қысқасы, біздің байқауымызша, өңірде құрылыс саласын дамытудың барлық алғышарты бар. Атыраулықтар да сырттан келгендерден еш кем емес. Тек бірлік жетіспейді, өзара іс-қимылда кемшілік бар.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.