Жарнама
Қоғам

ОТТЫ ЖЫЛДАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Осындай қат-қабат ауыртпалық кезінде қиындықтан жол тапқан, айтулы азаматтар болды. Кейінгі ұрпаққа осындай елге танымал, соғыс кезінде елді еңбекке ұйымдастырған, сөйтіп жеңісті жақындатқан абзал ағалар, соғыс ардагерлерімен қатар аталып, кеңінен насихатталғаны ләзім.

Қазір соғыс кезінде өмірге келген ұрпақтың өзі 70 жастан асты. Соның бірі менмін. Жоғарыда айтылған қиындықты біз тек тарихтан емес, өз басымыздан кешірдік. Соғыс зардабы басымыздан әлі де кеткен жоқ. Осы тұрғыда, менің айтпағым, биыл тірі болса, 100 жасқа шығуы тиіс – Сұлтанов Қуанышкерей еді. Ол Гурьев облысы, Есбол ауданының Толыбай деген ауылында дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейін ұжымшарда еңбек етіп, 1933-1938 жылдары Гурьев балық техникумын бітіріп, балық өндірістерінде жұмыс жасаған. Кейін 1939 жылы облыстық комсомол комитетіне жұмысқа ауысып, екі жылдан кейін Маңғыстау аудандық партия комитетінің хатшылығына сайланады. Сол ауданда хатшы, екінші хатшы болып 1941-1951 жылдары, тура он жыл жұмыс жасаған. Қазіргі мұнайлы өлкенің соғыс кезіндегі және одан кейінгі қиын-қыстау кезінде экономикалық-әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосқан тұлға.

Қуанышкерей Сұлтанов 1951 жылы Новобогат аудандық партия комитетіне бірінші хатшы болып келеді. Ауданды ол басқарған жылдары Ұлы Отан соғысы кезінде КСРО Қорғаныс Комитетінің Ауыспалы Қызыл Туын қатарынан екі рет жеңіп алған.

Қуанышкерей ағаның бір ұлы Руслан бір кеңшарда директор болыпты. Оның табыстары, басшылық қабілеті туралы кезінде «Егемен Қазақстан» газетінен оқығанмын. Ал, Маңғыстау жағына тұрмысқа шыққан бір қарындасының баласы – Мұрат Құрманбаев, белгілі мұнайшы. Маңғыстау мұнай-газ бірлестігінде президент болып қызмет жасады.

Енді ол кісі жайында аз-мұз есімде қалған жайларды қысқаша баяндайын. 1951 жылы, Новобогат, қазіргі Исатай ауданының Сартөбе елді мекенінде орналасқан жетіжылдық мектепте екінші сынып оқитын едім. Бірде үйге бір топ аттылы адам келіп түсті. Ол кезде автомашина аз және құмға жүрмейді, басшылар ылғи салт атпен жүреді. Менің үлкен ағам Ұлы Отан соғысының ардагері Құмарғали Ғұбашев ұжымшарда Тексеру комиссиясының бастығы болатын. Қонақтарды өзі бастап алып келді. Келген адамдар жаңағы Қуанышкерей Сұлтанов – ауданның бірінші хатшысы, Әбіш Нұрқуатов – аудан прокуроры, тағы басқа кісілер екен. Жаз кезі болатын, киіз үйдеміз, қонақтар жайғасып отырды. Үйде С.Сейдағалиевтің «Нарынның айтқыштары» кітабындағы бірінші болып сөздерін келтірген Құсайын деген кісі бар. Ол ауылымыздың үлкені, менің әкемнің ағасы еді. Біз оны көке дейміз.

«Көкем, тамақ ішкен кезде үлкендердің әңгімесін тыңда» деп мені алдына, тізесіне отырғызып алды. Мен ол кезде жаспын, көп әңгіменің парқын түсіне алмадым. Тек біраз әңгіменің шаруа жайында, сосын бір Мәскеудегі үлкен жиын (қазір ойлап отырсам, партия съезі болуы керек) туралы болғаны есімде қалыпты.

Жеңістің жетпіс жылдығы қарсаңында, тек қана майдангерлер емес, осы қиын кезеңде елге еңбек сіңірген тарихи тұлғалар туралы естеліктер де көптеп жарияланса деген ойдамын. Сондай ағалардың көзін көрген, елге деген құрметін байқаған, олармен өкшелес біз сияқты ұрпақтың басты міндеті. Сондай тұлға туралы қажетті материалдарды облыстық мұрағаттан іздеп тауып (Атырау облыстық мұрағаты, №4-10/34), осы мақаланы жазуымның да басты мақсаты осында.

Берғали ҒҰБАШЕВ,

ардагер ұстаз,

Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button